Тұрбеков өтірікті қиыстырып айтса қайтеді?

Oinet.kz 23-04-2019 888

43-020.jpg

Мақтаралдық Елемес Сабыров «Рейтинг» газетінің редакциясына  арыз айта келіп, сонымен бірге 94 шаруа қол қойған хат әкеліп тапсырды. Елемес ақсақалды «Рейтинг» газетінің оқырмандары жақсы біледі. Ақсақал бұған дейін мақта шаруашылығында пайдаланылатын улы химикаттардан бас тартып, оның орнына биотәсілді қолдану жөніндегі ұсыныстарымен Үкіметке, Парламентке дейін барған. Оның ұсынысы Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолдау тауып, Мақтаралда Өсімдік қорғау институтының филиалы ашылды, биофабрика, сапа зертханасы салынды, оған шетелден ғалымдар шақырылды. Бірақ Үкімет пен Парламент қолдаған биотәсілді мақтаралдық шенеуніктер қолдамай, шаруалардың айтқан ұсыныстарына қолбайлау болып отырған сыңайы бар сияқты. Ақсақалдың аудан әкімі, ауыл шаруашылығы ғылымдарыныңы білікті маманы Серік Тұрбековпен тіресіп жүргеніне жаңылыспасақ, екі-үш жылдың жүзі болды... Енді арыз-шағымдағы жайттарға тоқталайық:

--Былтыр Үкімет зиянкестерге қарсы күреске деп бөлген субсидиясы шаруаларға берілді. Бірақ одан биозертханалар (биоагенттерді өндірушілер) зиян шегіп қалды. Себебі субсидия жылдың соңында таратылады. Ал мақта сәуірден бастап егіледі. Зиякестерді тазалайтын биоагенттерді осы кезден бастап жіберу керек. Шаруаның бұл кезде оны биозертханадан сатып алуға қаржысы жоқ. Осыны түсінген зертханалар бұл жұмыстарды өздерінің есебінен атқарып, шаруалармен субсидия берілген соң есеп айырысуға келіскен. Алайда бір шаруа биотәсілдің қызметін мүлдем пайдаланбайды, енді біреулері субсидия алған соң қарызын бермей кетті. Бұлай жалғаса берсе, биотәсілдің тиімділігі болмайды. 

 Биыл енді субсидия берудің тәртібіне өзгеріс енгізуді, дәлірегі оны тек биозертханаларға беруді ұсынып отырмыз. Себебі зертханада мақта шаруашылығындағы зиянкестерді тазалайтын биоагенттерді өндірумен айналысатын нағыз мамандар отырады. Қаржыны алған соң, олар бәріне жауап береді. Осы ұсыныспен Үкіметке, Парламентке дейін бардым. Менің ұсынысымды сенатор Қуаныш Айтаханов қолдады. 

Қ.Айтахановтың тапсыруымен 6 сәуірде аудан әкімдігі субсидияны берудің ережесіне енгізілетін ұсыныстарды  талқылау үшін жиын өткізу жоспарланыпты.  Мен бұны сенатордың өзінен естідім. Жиынға әдейі шақырылмағаныма қарамастан 6 сәуірде аудан әкімдігінің мәжіліс залына бардым.

Жиынға бас-аяғы 200-ге жуық шаруа қатысты. Мені көріп аудан әкімі Серік Тұрбековтың түсі бұзылып кетті.  Алдымен мінбеге өзім шығып, жоғарыдағы ұсыныстарымды айттым. Субсидияны биозертханаларға беруден Үкіметтің қаржысы тиімді, өзі мақсатына  жұмсалатынын білдірдім. Бұдан кейін 14 шаруа сөзге шықты. Олардың барлығы да менің ұсыныстарымды қолдады. Сөз сөйлегендердің ішінде тек аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың хатшысы О.Дәндібаев қана қарсылық білдірді. Ақыр аяғында С.Тұрбеков ұсынысты дауысқа қойды. Залдағы отырғандар 100 пайыз менің ұсынысымды қолдап дауыс берді. 

Алайда жиналыстың хаттамасын ала алмай ұзақ сандалдым. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Саттаров «ертең келіңіз» деумен шығарып салып жүрді. Араға Қ.Айтахановты араластырып жүріп, ақыры хаттама қолыма тиді. Бірақ  хаттамада бәрі бұрмаланып көрсетіліпті.  Онда «Дауыс беру қорытынды бойынша Жеткізушілерге (биоагенттерді өгндірушілер) субсидия беруді қолдағандар—57 адам, қарсы болғандар—2 адам, қалыс қалғандар –69 адамды құрады» деп жазылыпты. Бұл көпе-көрнеу бұрмалау, шылғи өтірік емес немене?!—дейді Елемес ақсақал.  

Бір қызығы, ауданнан шығатын «Мақтарал» газетіндегі (10 сәуір күнгі санында) осы жиыннан жазылған ақпаратта «Жиналыс қорытындысында аудан әкімі С.Тұрбеков ұсыныстарды дауысқа қойды. Субсидия тек биолаборатория мен фабикаларға бөлінсін деген ұсыныс бірауыздан қабылданды» деп жазылыпты. Ал соңына жиналыстың төрағасы, аудан әкім Серік Тұрбеков қол қойған хаттама басқаша сайрап тұр. Сонда кімге сенеміз? Кім алдап отыр? Кімді? «Аудан әкімі Серік Тұрбеков өтірікті де қиыстырып айтса қайтеді» дейді қария. 

Бәлкім аудан әкімдігінің субсидияны шаруа беруден бір ұтары бар шығар?  Біз былтырғы нөмірлеріміздің бірінде аудан әкімі Серік Тұрбековтың есебі берілген мәслихат сессиясының кворум болмаса да өткенін, кейіннен хаттамада қатыспады деген депутаттардың қатысты деп көрсетілгенін жазып едік. Серік Тұрбеков енді Парламент пен Үкіметті де алдауға көшкен бе? 

...Тұрбековтен көңілі қалған Елемес ақсақал тек облыс әкімі Мырзахметовтен әділдік сұрап отыр. 

Бақытжан Әбдірашұлы,

Мұрағаттан, 29.04.2015 ж


«Әкімдермен кері байланыс орнату қиын болып жатыр»
Украинада қанша қазақстандық соғысып жүр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу