Елбасыға берген уәдесін Тұяқбаев бір жылдан кейін орындады

Oinet.kz 04-05-2019 812

Screenshot_6.jpg

Шымкентте керамогранит өнімдерін шығаратын қазақ-түрік біріккен «Азиякерамик» кәсіпорны соңғы бес жылда талай ақпарат құралдарының сүйікті тақырыбына айналды. 2010 жылы Елбасының өңірге жасаған сапары кезінде ашылып, алғашқы өніміне мемлекет басшысының өзі қолтаңба қалдырған зауыт арада екі-үш ай өтпей жатып тоқтап қалды. Әкімдік алғашқыда ұзамай қайта іске қосылады деген. Алайда, кәсіпорындағы өлі тыныштық аттай бес жылға созылды. Қысқасы не керек, бақандай 35 миллион долларды суша сімірген, ішкі нарықты керамогранит өнімдеріне қарық қылады, итальяндық керемет технологиямен жұмыс істейді деген зауыттың келешек тағдыры қыл үстінде тұрды. 

Былтыр мамырда өңірге жасаған іссапарында Елбасы тоқтап қалған «Азиякерамик» кәсіпорны мен Арыстағы томат  зауытына айрықша тоқталып, Үкімет пен облыс әкімдігіне қатаңдау тапсырма берген. Сол кезде облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев екі зауытты да ары барса 3-4 айда жүргізуге уәде еткені есімізде. Аталған мерзімде екі жылдай тоқтап тұрған томат зауытына қайта жан бітті. Ал, «Азиякерамикті» ұйқысынан түртіп оятуға әкімдіктің де, үкіметтің де шамасы жете қоймады. Кәсіпорындағы тірліктің күрмеуін келтіру қиынның қиыны болып шықты. Себебі мойнында 35 миллион доллар қарызы бар, оның үстіне шикізат мәселесі де шешілмеген өндіріске қандай инвестор қызығушылық таныта қойсын?! Зауыт былтыр ағылшындық тәсілмен де, голландық тәсілмен де аукционға қойылды. Бірақ, қызығушылық танытқан ешкім болмаған. Рас, былтыр күзде кәсіпкерлік және индустриалдық инновациялық даму басқармасының басшысы Бақытжан Әшірбековпен тілдескенімізде кәсіпорын жергілікті инвесторға берілгенін, сәтін салса зауыт Жаңа жыл мерекесі қарсаңында іске қосылады деген. Жаңа жылдан бері де бес ай өтті. «Азиякерамик» күрмеуге келмеген көп тірліктің бірі болып қала ма деген күдігіміз енді сейілгендей болды. Кешеден бастап бірқатар республикалық басылымдар Шымкентте керамогранит өнімдерін шығаратын кәсіпорынның іске қосылғанын жарыса хабарлап жатыр. 

Кәсіпорынды аяқтан тұрғызуға Қазақстанның инвестициялық қоры көп еңбек сіңірген көрінеді. Аталған қор басшысының орынбасары Айдос Бекбосыновтың айтуына қарағанда инвесторларды іздеу тым ұзаққа, дәлірегі бес жылға созылыпты. Ақыр аяғында кәсіпорынды жергілікті «Зерде» ғылыми өндірістік орталығына беру туралы шешімге келіпті. А.Бекбосынов бұл өте ұтымды шешім болды деп отыр. Өйткені, аталған орталықтың келешегі зор. Зауыт алдағы уақытта ішкі нарыққа қажетті керамогранит өнімдерінің үштен бірін қанағаттандыра алады екен. Өнімнің сапасы да жоғары болады. Қазір зауытта 80 адам жұмыс істейді, болашақта оның саны 200-ге дейін жетеді деген болжам бар. «Зерде»  зауыт үшін төлейтін 2,8 миллиард теңге қарызынан бес жылда құтылып бітуі тиіс. Енді қайта ашылған кәсіпорын қайта жабылып қалмай, елдің игілігіне қызмет етсін деп тілейміз!  

Кәсіпорынның қайта ашылу рәсіміне Елбасының алдында берген уәдесі бір жылдан кейін орындалған облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев та арнайы қатысқан. Айтқандай, «Азиякерамикті» Жаңа жылда жұмыс істейді деген Бақытжан Әшірбеков жуырда қызметінен босатылды. Оның орнына Бауыржан Омарбеков тағайындалды.   Б.Омарбеков еңбек жолының басым бөлігін банк саласында істеген екен.  Ол өткен сәуірде аталған басқарма басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған. Арада бір ай уақыт өтпей жатып басшының креслосын иемденгеніне қарағанда жоғарыдағылар Б.Омарбековты бұл орынға аттай қалап шақырған сияқты. 

Б.Омарбеков облыс әкімдігіндегі құрылымдық өзгерістерден кейін кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы деп атала бастаған мекеменің 2009 жылдан бергі аралықтағы алтыншы ма, әлде жетінші ме басшысы болу керек.  Мырзахметовтың алты жылдық әкімдігінде бұл басқармаға қанша басшының келіп-кеткенінен жаңылыса бастадық. 

Мұрағаттан, 2015 ж

Мырзахметов пен Шөкеев түсінісе алмай жүр
Субханбердиннің дәуірі аяқталып келе ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу