Мырзахметов пен Шөкеев түсінісе алмай жүр

Oinet.kz 04-05-2019 807

Screenshot_3.jpg

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Абылай Мырзахметов елдегі экономикалық жағдайдың ауыр тұстары жайлы жақында бірқатар батыл мәлімдемелер жасады. Алматыдағы БАҚ өкілдерімен болған кездесуде ол Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Самұрық-Қазына» басшыларының жалақысы және  билікпен  арадағы қарым-қатынастың өрбуі, мемлекеттік сатып алулар, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып енуі, девальвация, сондай-ақ, салықтар туралы да  өз ұстанымдарын білдірді.  

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Абылай Мырзахметовтің мәлімдемесін тарқатып айтсақ билікпен арадағы байланысты тараптар үшін өзара тиімді деп бағалауға болады. Қазір билік кәсіпкерлермен жұмыс істейтін көптеген құрылымдармен емес, бір Палатамен ғана жұмыс істейтін болды. Бірақ бұл ынтымақтастықты терезесі тең қарым-қатынас деуге келмейді. «Келіссөздерде тараптар ретінде қатысқанымызбен, билікке ықпалымыз шамалы. Бұл кикілжің мемлекеттік сатып алу кезінде көрініс беріп жатады. Биліктің әрекеті  тендердегі техспецификация белгілі бір адамға арнап дайындалғанын меңзеп отырады» дейді ол. Мысалы,  бір жыл бұрын Кәсіпкерлер палатасы  мен Шөкеев басқаратын «Самұрық-Қазына» арасында мемлекеттік сатып алулардың ашық болуы жайлы мемерондумға қол қойылған екен. Айта кету керек, Қазақстандағы мемлекеттік сатып алулар 9 триллион теңгені құрайды. Бұл  50 миллиард доллар деген сөз. Осы мемлекеттік сатып алулардың 3/1-і «Самұрық-Қазына» қорының еншісіне тиеді. Бір жылдан бері  сол мемлекеттік сатып алулар жайлы келісімге қол қоя алмай келеді. Мырзахметовтің мәлімдеуінше,  меморандумға мұрнын шүйіре қараған Ұлттық қор қалыптасқан ойын ережесін өзгертуге құлықты емес. Бір ауылдан шыққан елге белгілі екі азаматттың бір-бірімен түсінісе алмай отырғаны ақпарат құралдарында ашық айтылуының астарында біраз саяси ойын жатқаны анық. 

«Қазақстандағы мемлекеттік аппарат қуатты, серпінді күшке айналғаны соншалық, оған бизнес те, қоғам да ықпал ете алмайды. Кәсіпкерлер палатасы Президенттің пәрменімен құрылған, 1,5 жыл ішінде 7 мың шағым түсті, онда шенеуніктердің аты-жөні анық көрсетілген. Палата мүшелерінің мүддесі жолында шабуылға өтеміз, күресті жемқорлықтан бастаймыз» дейді Мырзахметов. 

     Оның пікірінше, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып енуін оң бағалау керек. Бұл ұйымға кірмей, шынайы бәсекелестік ортасы қалыптаспай, Қазақстан мемлекет ретінде өспейді, нығаймайды. Мұндағы бизнес үшін жағымсыз жаңалық – ДСҰ-ның мүшесі ретінде Қазақстан «жергілікті мазмұн», отандық өндірушінің мүддесін қорғау деген түсініктерден бас тартуы керек. 

 «Қазақстандық кәсіпорындар орыс рублінің құлдырауынан көп зиян көріп отыр. Әзірге бизнесмендер жұмысшыларды қысқартып жатқан жоқ. Күзге қарай жағдай қиындай түседі. Күзде кәсіпорындар тоқтай бастайды. Ресеймен екі арадағы шекара ашық, оны жауып қою мүмкін емес.  Екі жол бар: бірі – кәсіпорындарды субсидиялау, екіншісі – теңгенің құнын түсіру. Экономикалық тұрғыдан алғанда екінші, яғни теңгенің девальвациясы тиімді. Келімбетовтың қосқан 10 теңгесі – айырбастау бағамы дәлізінің 10 теңгеге кеңейтілуі – жағдайды өзгерте алмайды. Бұл аздай, орыс рублі тағы да құлдырай бастады. Жақын арада бұл салада оңды өзгеріс бола қоймас, бизнес тұралап тұрып қалды, бұл оның несие алуға деген белсенділігінен де байқалады» дейді Абылай Мырзахметов. 

Елдің солтүстігінде сүт өнеркәсібі 30 пайызға қысқарған, Ресеймен бәсекеге түсу оңай болып отырған жоқ. Осыған дейін мақтаулы болып келген оңтүстіктегі Кентау трансформатор зауыты өткен жылы 16 миллиард теңгенің өнімін шығарып, дайын өнімнің 30 пайызы Ресейге жіберілген. Ал осы жылдың 5 айында зауыттың өнімі 3/1-ге қысқарды, ал экспорт мүлдем тоқтады. 

2015 жылдың бірінші жарты жылдығында ел қазынасына салықтан 260 миллиард теңге аз түсті. Бюджеттің жағдайы мәз емес. Мысалы, қазір мұнайдың баррелінің бағасы – 57-60 доллар шамасында. Экономикадағы кіріс  көлемі қысқарып келеді. 

Абылай Мырзахметов: «Біз экономикалық өсім жолдарын зерттеп-зерделедік. Үш жолды көріп отырмыз: біріншісі – шикізат сату. Бұл  жол тұйық болып тұр: 2-3 жыл бойы мұнайдың бағасы 90 долларға көтеріледі деп ешкім айта алмайды. 

Екінші жол – инновациялық даму жолы. Әзірге біз бұған дайын емеспіз. Үшінші жол – инвестициялар жолы. Экономикада бір қарапайым көрсеткіш бар: өсім қамтамасыз етілуі үшін салым, яғни инвестиция Жалпы ішкі өнімнің 30 пайызын құрауы керек. Бұл көрсеткіш біздің елде  17 пайызға тең. Мысалы, 1992 жылы Түркияның экспорты 7 миллиард доллар болатын. Ол кезде түріктер тек киім – курткалар мен былғары тондар сататын. Бүгінде Еуропада сатылып жатқан әрбір тұрмыстық техниканың төртіншісі, әрбір үшінші телевизор – түріктің тауары. Түріктер бұл жетістікке қалай жетті? Бизнеске қаржы беріп, салықты жеңілдетті. Бәрі айдан анық – ақша жоқ жерде  экономика да алға жылжымайды. Қазақстан экономикасының өсуі үшін қаржы керек, ал ол қаржы – банктерде болуы тиіс» дейді. 

Мырзахметов  «Самұрық-Қазына» мен «Атамекен» ҰКП басшыларының жалақысы жайлы да ақпарат берді. Мырзахметовтың өз жалақысы  750 мың теңге. Ал «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басшысының бұрынғы орынбасары Вера Кобалияның жалақысы – 1 миллион 200 мың теңге, «Самұрық-Қазына» қорының басқарма мүшесі, қаржылық директорының жалақысы – 1 миллион 800 мың теңге екен. Қазақстан компаниялары мен шенеуніктерінің мұндай «тәбеті» таңқаларлық. Бұлар «барлығына бірден әрі қазірдің өзінде» жетуді қалайды. «Табыс –еңбекпен, лауазым мен мәртебе – табандылық пен тәжірибемен келеді» деген ұстанымдар ескіріп, айналымнан шығып кетті. Бақылаусыз билік пен тойымсыз, монополиялық бизнес күннен-күнге   белең алып барады. Мүмкін дендеп бара жатқан дағдарыс ысырапқа – шектеу, ынсапқа  түрткі болар. 

Мұрағаттан, 2015 ж

13-ші білім министрі... Дилетант па, кәсіпқой ма?
Елбасыға берген уәдесін Тұяқбаев бір жылдан кейін орындады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу