«Біздің бастық – легионер»

Oinet.kz 17-05-2019 885

Screenshot_6.jpg

Қай салада болсын, әйтеуір мақтануға сылтау таба алмай отырған елімз ғой. Енді көп ұзамай еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің кейбірі әріптестеріне: «Құдайға шүкір, сендердей емес, бастығымыз – шетелдік!» – деп шіреніп отыруы да ықтимал.  

Өйткені, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген заң жобасында мемлекеттік қызметке шетел азаматтарын алу туралы норма бар. Оны Мәжіліс кеше бір оқып-ақ, қабылдай салды (сірә, жоғарыдан сондай пәрмен келсе керек). Аталған агенттіктің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік органдарында қызмет еткісі келетін шетелдіктерді арнайы ұлттық комиссия іріктеуден өткізеді екен. «Шетелдік азамат тіпті Үкіметте де жұмыс істеуі мүмкін» дейді ол.

Енді ойланып қараңыз. Біз қандай шетелден маман келуі мүмкін? Өзбекке қазақтың мемлекеттік қызметі керек емес, былай-ақ келіп, үй салып, егін егіп, өз нәпақасын тауып жүр. Қырғыз да солай. Алыс шетелден маман келе қоюы неғайбыл, өйткені, біздің билік дәліздеріндегі негізгі тіл – орыс тілі. Демек... Дұрыс ойлап тұрсыз, иә, Ресейден келуі ғажап емес. Сосын ол елдің өкілдері бізге жәй қатардағы қызметкер болу үшін келе салуы тағы неғайбыл. Яғни, олар Қазақстанға келсе, тек басшылық қызметке ғана келеді. Әлемдік тәжірибе осыны аңғартады. Оның үстіне, Радослав Гандапас деген ресейлік маманның біздің депутаттарды «жақсы сөйлеуге үйретіп», шешендіктен дәріс оқып, сол тренингі үшін қыруар ақшаны қалтасына басып кеткені де әлі есімізде – былтыр күзде ғана болған жайт.

Қазақстанның мемлекеттік қызметінде істегісі келетін тағы бір елдің азаматтары шығуы мүмкін. Ол – Қытай. Жалпы, жалақы жоғары болса, біздің елдің мемлекеттік қызметкері болғысы келмейтін ел қала ма десеңізші...

Сонда «мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті», «мемлекеттік қызметке тұру үшін адам елімізде кемінде пәлен жыл тұрғылықты тұруы қажет» деген сияқты заң талаптары қайда қалады? Әлде әлеңкедей жаланып отырған әбжіл депутаттар ол баптарды да дереу өзгертіп, сырттан сықиып келетін мамандарға даңғыл жол дайындап жатыр ма?

Біз ылғи шетелге жүгінеміз де отырамыз. Спортта – өз жігіттерімізге көңілді аз бөліп, легионерлерге көп сенеміз. Бизнесте де солай: орта және шағын кәсіпкерліктің шідерін шешудің орнына шетелдің инвестициясын әулие көреміз. Мұнай-газ, уран-алтын – шетелдіктердің қолында, алынған кен өнімдерінің басым бөлігі шекара асып кетіп жатыр. Енді, міне, «легионерлер» мемлекеттік қызметке де араласа бастамақ. Сонда кез келген маман келіп қызметке тұра алатын біздің мемлекет – жәй фирма ма?..

Сәкен СЫБАНБАЙ, 

Мұрағаттан, 2015 ж

Жамбыл Қалауов: «Менің коментарийімде таңдану бар, шақыру жоқ»
Егер ядролық қару терроршылардың қолына түссе...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу