Жамбыл Қалауов: «Менің коментарийімде таңдану бар, шақыру жоқ»

Oinet.kz 17-05-2019 975

Screenshot_5.jpg

"Рейтинг" газетінің өткен санында «Дағдарыс кезінде армандауға болмай ма? Назарбаев пен Лукашенконы салыстырамын деп депутат партбилетінен айырылды» деген тақырыппен жарияланған мақалада біз Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Жамбыл Қалауовтың өз әріптестеріне «Уатсап» жүйесі арқылы Беларус президенті А.Лукашенконың бензинге қатысты өткізген жиынынан түсірілген бейнероликті «Батька, красавчик, нам бы такого Елбасы» деген коментариймен таратып, осы қылығы үшін «Нұр Отан» партиясы қатарынан шығарылғанын жазған болатынбыз. Мақалада «депутат алдағы уақытта хабарласып, ашық әңгіме айтамын десе, оның пікірін газет бетіне беруге әзір екендігімізді білдіреміз» деген едік. Жамбыл Қалауов мақала шыққан күннің ертеңіне «Рейтинг» газетінің баспасөз клубына келіп, журналистерге арнап брифинг берді. Яғни, депутат ақпарат құралдарында өзіне қатысты жазылған пікірлерге бей-жай қарай алмайтындығын білдірді. Бірақ ашық әңгіме айта алды ма? 

Әу баста Ж.Қалауов брифингтің сценарийін келте қайыруды жоспарлаған сияқты. Орыс тілінде алдын ала дайындаған мәлімдемесін оқып, сұрақтарға жауап берместен тұрып кете саламын деген-ау. Алайда журналистердің талап етуімен мәселеге мемлекеттік тілде де түсінік беруіне тура келді. 

   Депутат кез-келген азаматтың өз пікірін еркін білдіруге Ата Заңның кепілдік берілгенін алға тартып:

--Жанармай бағасының өсуіне жол бермеуді айтқан Беларусь президентіне өзімнің ұнатымымды (смпатия) білдіру кезінде  бәріміз мойындаған Ұлт көшбасшымыз, Қазақстан президентінің  іскерлік беделіне нұқсан келтіру ниетім болған жоқ,--деді. Сонымен бірге ақпарат құралдарына айтылғандай, «Нұр Отан» партиясының қатарынан шыққанымен, мәслихат мандатынан әлі айырылмағанын білдірді. 

--Нақтылап айтамын, бүгінгі күні мен расында да «Нұр Отан» партиясынан «партиялық этика нормаларын сақтамағаным» үшін шығарылдым. Басқалай себеп жоқ. Өзім құрметпен қарайтын партияның шешімімен дауласпаймын.  Ұлт көшбасшысының командасында болдым және бола беретіндігімді білдіремін,-- деді. «Қолдан резонанс тудырудың қажеті жоқ. Менің коментарийімде таңдану бар, бірақ  шақыру жоқ» дегенді де қосып қойды. Депутат осы сөздері арқылы ақпарат құралдарында «Қалауовтың әрекетін әріптестері билікті құлату, мемлекетке қарсы деп тауыпты» деген жарияланымдарға түсінік бере кеткісі келген сияқты. Бірақ оның мұнысын не түсінік беру, не  ақталу екенін айыра алмадық. 

Партияның шешімімен дауласқысы келмейтін депутаттың бәрібір де ішкі жағында бір қарсылық бар сияқты. Өйткені Қалауовтың  «мен партиялық этика нормаларын сақтамағаным үшін шығарылдым» дегені жалпылама айтылған сөз, оның партия қатарынан шығару туралы қаулыда «Партия Төрағасы Елбасының атына сөз тигізіп, Елбасы билігіне наразылық танытқаны үшін және ғаламторға таратқаны үшін партия қатарынан шығарылсын. Жамбыл Қалауовтың іс-әрекеті ел арасында іріткі салу, ел қауіпсіздігіне ықпал ету мүмкін болғандықтан ісін қарау Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаметіне жолдансын» деп жазылғаны ақпарат құралдарынан көрсетілді емес пе?  

Осыдан кейін әрекетін әріптестері Елбасының билігіне наразылық таныту деп танып, ісін құзырлы органдардың қарауына берген  Жамбыл Қалауовтың депутаттық мандатына да  қауіп төніп тұрған жоқ па деген сауалдың ұшы қылтияды. Брифингте журналистердің қойған сауалдарына жауап бермей кетіп қалған Қалауов дәл қазір екі оттың ортасында тұрғандай көрінеді. Оның Елбасының командасында қалғысы келетінін, Ұлт көшбасысының беделіне нұқсан келтіру ниетінің болмағанын айтып, шыр-пыр болуының астарында бір гәп бар ғой.  Сондықтан осы мәселені қаузап, дүрбелең туғыза бермеген дұрыс сияқты. 

Мұрағаттан, 2015 ж

Назарбаев пен Лукашенконы салыстырамын деп депутат партбилетінен айырылды
«Біздің бастық – легионер»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу