ОҚО-дан «құрама командаға» кімдер ілігеді?

Oinet.kz 10-06-2019 1003

 Screenshot_8.jpg            

Уәлихан Бишімбаев, Шалатай Мырзахметов, Ұласбек Сәдібеков, Нұрдәулет Сәрсенов, Бауыржан Жамалов. Астанада қызмет бабымен жүрген шымкенттіктер Оразкүл Асанғазиева мен Нұрғали Әшімді қоспасаңыз, өткен жолы «Нұр Отан» партиясының атынан Мәжіліс депутаттығына  бар-жоғы осы бес кандидат  ұсынылған екен. Ақырғы тізімге Нұрдәулет Сәрсенов пен Бауыржан Жамалов кірмей, Мәжіліске Уәлихан Бишімбаев, Шалатай Мырзахметов, Ұласбек Сәдібеков өтті. Үш-ақ депутат. Сол жолы халқының саны жағынан Қазақстанның алтыдан бірін құрайтын өңірдің шөміштен қағылып қалғаны арада төрт жыл өтсе де күні бүгінге дейін айтылып келеді.  Биліктің партиясы есептелетін, сайлаудың тағдырын шешетін «Нұр Отан» өкпе-ренішімізді ескерді ме, әлде бұл партияның  басшылығына таяуда барған  «өзіміздің азамат» Асқар Мырзахметовтың арқасы ма, әйтеуір осы жолы олқылықтың орны толайын деп тұрған сияқты.  Құдай абыройдан айырмасын, іске сәт! 

Билік партиясының тізіміне бұл жолы бас-аяғы 11 оңтүстікқазақстандық  енді. Оның төртеуі Астанада, жетеуі Шымкентте. Қарап отырсаңыз, 11 кандидат дегеніңіз, әжептәуір күш, бір футбол командасын құруға жетеді  емес пе? Бұл команданың капитаны кім, негізгі шабуылшылары, қорғаушылары, қақпашысы кім?  Күні ертең «құрама командаға» бұлардың қайсысын аттай қалап алады, қайсысы құрқол қалатыны туралы әңгіме айту қиын. Десек те...

    Асқар Мырзахметовтен бастайық. Биліктің ең биіктегі басқа бұтақтарында кімдердің отырғанын ескерсек, биографиялық, географилық жағдай саяси аурада міндетті түрде сүзгіден өтетіндіктен  Асқар Исабекұлы депутат атанғанымен бұл жолы  Мәжілістің спикерлігі оған ұсынылмайтыны әлден-ақ белгілі болып тұрғандықтан оның мандат  иеленуге оншалықты құлқы  болып тұрмағаны айдан анық. А.Мырзахметов кандидаттардың тізіміне мейілінше салмақ қосу үшін енгізілген сияқты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі қызметінде бақандай алты жыл отырған Асқар Мырзахметов «Нұр Отандағы» бірінші орынбасар қызметінен  алты айдан кейін кетіп қалуы да нейғабыл. Ол әлі өз-өзін Елбасының бірінші орынбасары ретінде көрсете алған жоқ. Қызмет ауыстырған күннің өзінде барар жері қарапайым Мәжіліс депутаты емес, Үкімет үйі жақтағы «майлы жілік» болуы мүмкін. Сондықтан Мырзахметовты Мәжіліске барады деген ықтимал тұлғалардың тізімінен әзірге сыза тұрғанымыз дұрыс-ау. 

   Дархан Мыңбай уақтысында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ішкі саясат және жастар ісі департаментінің басшысы, бұдан кейінгі жылдары Түлкібас ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары қызметіне екінші қайтара тағайындалды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі, бұдан кейін министр болды. Соңғы жылдары Астанадағы Ұлттық кітапхананың директоры. Дархан Мыңбайды Оңтүстік жұртшылығы бірінші кезекте тың идеясы таусылмайтын идеолог, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ұлтжанды, мәдениет пен өнердің жанашыры ретінде жақсы біледі. «Мәжіліске Мыңбай сияқтылардың мыңын әкеліп отырғызсаңыз да артықтық етпейді» дейді бізбен пікірлескендердің қай-қайсысы да. Бұған алып-қосарымыз жоқ. 

   Қуандық Бишімбаев жас та болса, біраз жауапты қызметтерді атқарған. Президенттің көмекшісі, бір емес екі мәрте вице-министр, Президент әкімшілігінде бөлім меңгерушісі болған.  Қазіргі уақытта «Бәйтерек» холдингінің төрағасы. «Болашақ» бағдарламасының түлегі,  Келімбетовтер әулетіне «күйеу бала» саналатын, білім мен ғылымға  бір кісідей мол тер төккен, білікті басшы болған  әкесі Уәлиханның жолын жалғастырып Мәжілісмен атанып қалуы мүмкін. Қуандық Бишімбаев ең бастысы Елбасы сенім артқан, өзімен бірге шетелге іссапарларға жиі қоса ертетін, болашағынан үлкен үміт күттіретін іскер кадр. Елбасы соңғы кездерде жастарға тізгін беруді көбірек айтып жүргенін ойға алсақ, ол Мәжілісте заңдарға жаңаша көзқараспен қарауға да, немесе Үкіметте жастық жігермен білек сыбанып жұмыс істеуге де таптырмайтын азамат. 

   «Рейтинг» газеті кезінде Нұржан Әлтаев туралы аз жазған жоқ. Ол Мырзахметовтың ең сенімді кадрларының бірі. Оның тізімге енуіне де бірінші орынбасардың өзі тікелей ықпал еткен болуы әбден мүмкін.   Әлтаевтың қазіргі ресми өмірбаянында оның уақтысында Ішкі істер министрлігінде есірткі саудасына қарсы күрес құрылымдарында еңбек еткені айтыла бермейді.  Асқар Мырзахметов «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына басшылық еткен жылдары ол осында департамент директоры лауазымында отырды.  Мырзахметов облыстың тізгінен қолға алған соң бірден кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының креслосын иеленді. Кейінірек Н.Әлтаев үлкен Мырзахметовтің қарамағынан кетіп, кіші Мырзахметовтың (Абылай)  қасынан табылды. Қазіргі уақытта Ұлттық кәсіпкерлік палатасында басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқаруда.  

     Енді таза шымкенттіктерге  тоқталайық.  Бәйділлә Жылқышиев, Уәлихан Қайназаров, Әлімжан Құртаев, Сәкен Қаныбеков, шыны керек,  қай-қайсысын алып қарасаңыз да есімін ел білетін азаматтар. Есімін бірі еңбегімен, бірі дәулетімен танытқан.  Облыс әкімі аппаратының  басшысы қызметіне атқарғанына осы ақпанда 10 жыл толатын Бәйділдә Жылқышиевтің жасы биыл алпыс төртке келеді. 65 жасында Уәлихан Бишімбаев пен Шалатай Мырзахметов Мәжіліс депутаты атанды. Дәл осындай бақ уақытысында бірқатар аудандарды басқарған Б.Жылқышиевтің де басына қона ма, жоқ па, оны біржақты айту қиын. Өйткені 2012 жылмен салыстырғанда канидаттардың жасына қатысты талап өзгеріп тұр.  «НұрОтанның» қазіргі басшысының бірі Мырзахметовке адалдығынан айнымаған кадрлардың бірегейі  Бәйділлә Жылқышиевтің Алматының мақтаулы әкімі, Ақордаға сөзін өткізе алатын  Бауыржан Байбекпен жақсы қарым-қатынаста екенін елден естиміз. Таныстық пен тамырлық онсыз да іскерлігі басым азаматтың Мәжіліс мандатын иеленуіне қаншалықты ықпал етерін кім білсін?!  Күтейік. 

  Жасыратыны жоқ, Сәкен Қаныбеков туралы ел аузында жаман сөз айтылмайды. «Жеп қойыпты, ішіп қойыпты», «өзінің кадрларын жинапты» деген әңгімелерден таза.  Сонымен бірге жұрттың оны мақтап жүрмегені де белгілі. Қаныбековтың бір «минусы»-- көпшіліктің көзіне түсе беруге құлықты емес, үнемі көлеңкеде жүргенді тәуір көреді. Бизнесте тасы өрге домалап тұрған кезінде ол бірден Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Оның бұл орында тұрақтап қалмай, бұдан да биікке көтерілетіні айдан анық еді. Ұзамай Ордабасы ауданының тізгінін қолға алды. Сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің С.Қаныбековты жер-көкке сыйғызбай мақтап жүретіні  есімізде. Бірақ Шөкеев көп мақтаған Қаныбековты А.Мырзахметов қызметінен алды. Қаныбековтың карьерасы осымен бітті дегендер мықтап  қателесті. Мырзахметов араға бірнеше ай салып өзі қызметтен қуған адамды амалсыздан одан да жоғары қызметке, яғни Сәкен Қаныбековты өзіне орынбасар етіп алғанда елдің бір шулағаны бар. С.Қаныбековтың орынбасарлыққа сол кездегі Президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусиннің ықпалымен барғаны туралы алып-қашты әңгімелер де көп айтылды. Бірақ Мусиннің дәурені бітсе де Қаныбековтың дәурені біткен жоқ. Сәкен Қаныбеков қазіргі облыс әкімі орынбасарларының ішінде креслосында ең ұзақ отырған шенеунік. Орынтақты жаңалайтын кез жетті. 

       Кезінде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, қазір Сайрам ауданының әкімі Уәлихан Қайназаров шынын айту керек, іскер, сонымен бірге мінезділеу азамат. У-шуы, дау-дамайы көп, ментиалитеті күрделілеу Сайрам ауданын ұзақ жыл басқару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Егер Серік Ахметов тағынан тайып, істі болмағанда тізімге Қайназаров Ахметовтың ықпалымен өтті деп топшылауға болар еді. Өйткені Уәлихан Қайназаров пен Серік Ахметовтың бұрыннан жақсы араласатын дос екендігі жиі айтылады. Ахметов қазір түрмеде отыр. Қайназаровтың қызметтік карьерасына премьер-министр болып тұрған кезде де өзгеріс әкеле қоймаған оның енді бірдеңе етуі тіптен мүмкін емес. Яғни Қайназаров бұл мәртебеге өзінің абырой-атағымен, тәжірибесімен жетті десек қателеспейтін шығармыз. Оны Мәжіліс мандатын иеленуге мүмкіндігі зор кандидаттардың тізіміне қоса беруге әбден болатын сияқты. 

      Дәл осындай мүмкіндігі зор кандидаттың бірі  - Әлімжан Құртаев.  Кезінде облыс әкімінің орынбасары, Арыс қаласының әкімі, көші-қон басқармасының бастығы,  Отырар ауданының әкімі болды. Соңғы қызметінде орынбасары парамен ұсталуының салқыны тиді ме, әйтеуір отставкіге кетіп, содан шенеуніктердің ауылына қайта ат ізін салмай қойды. Кәсіпкерлікпен айналысады. Жуырда  Құртаев ойда-жоқта  «Нұр Отан» партиясының Астанаға баратын делегацияларды сайлаған жиынында сөз сөйледі. Мұның тегін еместігін ішіміз сол кезде сезген... Жалпы дәулеті тасыған Сейітжанов-Құртаев әулетінде депутат болған жандар аз емес. Қазақстандағы менмін деген елу миллионердің тізімнен түспейтін Серікжан Сейітжанов облыстық мәслихаттың, оның ұлы Шымкент қалалық мәслихатының, тағы бір бауыры аудандық мәслихаттың депутаты. Енді Ә.Құртаев Парламентке жол салғалы жатыр. 

      Бізде (Оңтүстікте) Мәжіліс пен Сенат депутаты атануға келгенде мәсхатшылардың ауыздарының салымы бар. Қуаныш Бөлтаев, Орынбай Рахманбердиев, Шалатай Мырзахметов. Өткен сайлауда Мәжіліске үміткерлер іріктелген «Нұр Отанның» тізімінен облыстық мәслихаттың хатшысы Әбілқасым Досболовтың аты-жөні ақырғы сәтте сызылып қалған деседі. Бұған дәулеті жететін бола тұра Досболовтың батылдықтан көрі биліктегілерге ода арнауға көбірек көңіл бөлетін кеңпейілдігі де өз септігін тигізген шығар. Осы жолғы тізімге Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмимен туған бажа екені көп мәселесін оңынан шешіп жүрген  облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержан енді. Осындайда орынсыздау қолданылса да айтайық, «әйеліммен ажырасайын десем бажамды қимаймын» деп әлдекімдер әдепсіздеу әзілдесіп жүретіні еріксіз еске түсіп отыр. 

      Тағы бір үміткер  «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының бірінші орынбасары Берік Оспанов туралы біраз нәрсені айтуға болады. Б.Оспанов уақтысында облысты басқарған  Асқар Мырзахметовтың бірінші орынбасары болғаны белгілі. Екеуінің жұбы әлі жазылған жоқ десек артық айтқанымыз емес шығар. Мырзахметов - Оспанов тандемі Асқар Исабекұлының сонау Ауыл шаруашылығы министрі тұсынан  басталатын сияқты. Естеріңізде болса, «Рейтинг» газетінде «облыс әкімінің бірінші орынбасары болған азаматқа партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымы тақиясына тар келеді, Берік Оспанов бұл қызметте уақытша отыр, оған Мәжіліске осы жақтан аттанып кету ыңғайлы» деген болжам жасаған едік.   Сол  болжамның расқа шығатын түрі бар. Айтқандай, Берік Оспановтың ғылым докторы екенін де айта кетейік. Жалпы оған  бүгінгі атқарып жүрген қызметі біршама  қолайсыздау. Өйткені «НұрОтанның» облыстық филиалының төрағасы қазіргі облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов болса, бұл оның бірінші орынбасары. Ал  Астанадағы тікелей тапсырма беруші бұрынғы һәм қазіргі де басшысы Асқар Мырзахметов. Ойлап көріңізші, сын сағатта қайсысына адалдық танытып, кімді көбірек тыңдайды? Ол мәжілісмен атанса, осы «екі оттың ортасында» қалудан құтылатын еді.     

Ал Фахриддин Қаратаевтың уақтысында Сайрам ауданында біраз қызметтерді істегені рас. «Нұр Отанның» аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазір «Жанубий Казоғистан» газетінің бас редакторы. Былтыр Рахымжан Қошқарбаевты «қазақстандық өзбек» деп жазып жібергенін бірінші болып «Рейтинг» газеті өткір сынағаннан кейін  өзбекше басылымның басшысы Мұрат Әбубакиров қызметінен кеткен болатын.  Оның орнын басқан Фахриддин Қаратаевтан басқа Мәжіліске баруға лайықты «қазақстандық өзбек» табылмаған сияқты.  Айтқандай, өзбек мәдени орталығының төрағасы, Қаратаевқа қарағанда қоғамдағы белсенділігі, танымалдығы, беделі әлдеқайда жоғары  Икрамжан Хашимжанов қайда? Әлде Икрамжан әка Ассамблеяның атынан депутат атанып, жасы сексенді алқымдап қалған Розақұл Халмұрадовтың орнын басады ма?

Дәл қазір жоғарыдағылардың нендей сценарий жасап қойғанын айту қиын. Мәселе кандидат атануда емес, мәселе партияның ақырғы тізімге енуде ғой. Бақтың кімнің басына барып қонатынын алдын ала кесіп-пішіп айту қиын. 11 ойыншының қайсысы «ұлттық құрамаға» кіре алады? Ақырын күтіп көрелік.

Жәнібек Тархан,

«Рейтинг» газеті, №4, 4 ақпан 2016 жыл

Тоқтар Төлешов не үшін тұтқындалды?
Ғабидолла Әбдірахымов: «Хәммәсі яхшы болады!»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу