Шералы Қаныбековтікі шектен шығу емес пе?

Oinet.kz 11-06-2019 1144

Screenshot_8.jpg

Сайлаудың  үгіт-насихаты заңды түрде басталмай жатып-ақ, қариялардан бата сұрауға, дастархан жайып дәм-тұз ұсынуға, басқалай да сый-сыяпаттың түр-түрін үлестіруге қызу кірісіп кеткендер туралы фактілер «Рейтингтің» папкісінде біршама  жинақталып қалды. Оның анық-қанығын білу, қайсысы ақ, қайсысы қара екеніне журналистік зерттеу жүргізіп мақала жазу  алдағы күннің еншісінде тұр. Бұл жолы Мақтарал ауданынан мәслихат депутаттығына үміткер Шералы Қаныбековтің әрекеті шектен шығу емес пе деген сауалға жауап іздеумен шектелуді ғана дұрыс деп деп ұйғардық. Өзге кейіпкерлер жайлы «Рейтингтің» келесі нөмерлерінен кезегімен оқисыздар.  Сонымен...

  13 ақпанда интернеттегі ютуб жүйесіне Мақтарал ауданы Асықата кентінде болған бір оқиғадан түсірілген екі видео жүктелді. Оның алғашқысының сапасы нашар. Шамасы ол жасырын түсірілген сияқты.  Әлдебір тойханада бір топ қариялар  дастархан басында дәм татып отыр. Әлдебіреулер ортаға шығып, әлдебіреуге тілегін жаудырып жатыр. Әйтеуір шала-шұрпы, түсініксіздеу көріністер. Есесіне 1 жарым минуттан асатын екінші түсірілімнен біраз жайтты аңғаруға болады. Қолына микрофон ұстаған біреу ортаға шығып, қариялардан бата беруді сұранады. Жасы үлкен қария өзбекшелеп жақсылап тұрып  батасын береді. Соңында талап-тілегін айтуды да ұмыт қалдырмапты. Үйлерінде газ жоқ екені, көмір жағатынын айтып, «осындай іске жәрдем берсе, қолдап-қуаттаймыз» дейді. Осы кезде барып камераның назарына батаға «заказ берген» азаматтың түр-тұлғасы ілігеді. Таныс бейне. Қызыл шырайлы, жасы жер ортасынан ауып қалған, сырт көзге салмақты да, жайдарлы көрінетін облыстық мәслихаттағы сол баяғы депутатымыз. Шералы Қаныбеков.

 Әлгі микрофон ұстаған қария бұдан кейін Шералы Қаныбековты отырғандарға таныстыра бастайды. Жан-жақтан қолдап-қолпаштау. Оның сайлауға «Нұр Отан» партиясынан  түскені де, сайлау округінің нөмірі де  айтылады. Өзінің атына жылы лебіздер айтып жатқандарға ризашылық көрсеткісі келді ме, әлде осы дастарханның кім жайғанын білдіріп қойғысы келді ме, әйтеуір Ш.Қаныбеков дастархан басынан тұрып, көпшілікке ықылас білдіреді. Видео әлгі микрофон ұстаған қарияның «бүгінгі ниетіміз енді...» дей берген жерден шорт үзіледі. Бірақ қарияның не айтпақ болғаны, нені ниет еткені түсінікті сияқты. Шералы Қаныбековтың де ниеті белгілі болды. Бұған не айтамыз, «ниет қабыл болсын» дейміз бе?

Әлгі бейнематериалдың астына жазылған сөздерді оқысаңыз, бұдан да тереңірек ақпаратқа қанығасыз. Айта кетейік, жазбаны өзгеріссіз беріп отырмыз.

Оған қарағанда Мақтарал ауданындағы облыстық мәслихат депутаттығына №27 «Атакент» сайлау округінен, «Нұр Отан» ХДП-нан ұсынылған үміткер Қаныбеков Шералы «Сайлау туралы» Конституциялық Заң талабын белден басып үгіт-насихат жұмыстарын ақпан айының басынан бастап жіберген. «Сайлаушыларды тойханаларға, яғни Жетісай қаласындағы «Ақ-Сүмбе», Асық ата поселкесінде Күлжан анаға жинап ас беру, шапан жабуға,  тіпті  қаржы таратуға дейін барған. Соның бір дәлелі 13-ші ақпан күнгі Атакент поселкесінде орналасқан «Береке» деген тойханада сайлаушыларды жинап, үгіттеудің бір көрінісін жоғарыдағы видео материалдан көруге болады» дейді жазбада.

Бұдан бөлек Шералы Қаныбеков үгіт-насихат науқаны басталмай жатып, жергілікті газеттерге өзі туралы көлдей-көлдей көпірме мақтау  мақалалар жариялай бастапты.

--Үгіт-насихат жұмыстары 24 ақпаннан басталмайды ма? Сонда бұл қалай болғаны? Қаныбеков Шералы мырза бұл талаптарға пысқыра қарап, бағынбайтын сыңай білдірген сияқты. Республикалық, облыстың сайлау комиссиялары, прокуратура және «Нұр Отан» ХДП-сы тарапынан «Сайлау туралы» Конституциялық Заңның 27-бабының 9-шы тармағында көзделген талаптарды өрескел бұзғаны үшін заң талабаның шеңберінде тиісті құзырлы органдар шара көреді деген бір топ сайлаушылар үмітте» деп аяқталады жазбада. Әрине, мұның бәрін  заңдық тұрғыдан бағалау құзырлы органдар еншісінде. 

Бүгінде құзырлы органдар интернетте, әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарға қарап отырып,  ең ақыры айдалада қасқырдың күшігін өлтіргендерді іздеп тауып, тиісті жазасын беріп жатыр емес пе? Ал аты аталып, түсі түстелген,мекен-жайы белгілі  кандидаттың әрекетінің заңға қаншалықты сәйкес келетінін анықтауға келгенде құрығы ұзын құзырлы мекемелер соңына дейін табандылық таныта ала ма? ? «Майшаммен» қарауға жататын бұл мәселеден  олар хабарсыз деу де қисынсыз сияқты. Ендеше елдің көңілін күпті етпей құзырлы мекемелер ақ-қарасын ажыратып берсе сайлауға деген, Елбасының саясатына деген сенімін арттыра түсер еді. Басқалардың «тәспісінен жаңылмауы» үшін тамаша сабақ болар еді.  

Бұл жолғы мәслихат сайлауы тартысты өтетін сияқты. Әсіресе, кандидаттардың «салмағы» тең округтерде. Екі-үш  дәудің қайсысының мықты екенін білетін кез енді келді. Таразының басында тек мәслихаттың мандаты ғана емес, абырой-атақ пен қадір-қасиет те тұр. Әйтеуір, кандидаттар тым қатты кетпей, сабыр мен ақылынан айырылмасын деп тілейміз. Сайлаудан да кейін өмір бар.

Жәнібек Тархан,

«Рейтинг» газеті №6, 18 ақпан 2016 жыл

Қайрат Әбдуәлиев, Түлкібас ауданының әкімі: «Халықтың сана-сезімі төмен деңгейде»
«Нұр Отаннан» өзге партиядағылардың пешенесіне не жазылмақ?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу