Mall-ға әуес әкімдер...

Oinet.kz 12-06-2019 873

Screenshot_16.jpg

Осы кейде әкімдердің «әпетитіне» қарап отырып таң қаласың. Өңірге Астанадан, Алматыдан келген жастар әкімдік қызметтің күйбең тіршілігінде, ұсақ-түйектің шылауында қалып қоймай мега жобаларды жүзеге асыруға қызу кірісіп кетеді. Жоба болғанда қандай дейсіз ғой,  Қазақстан түгілі Орталық Азияда теңдесі жоқ.  Былтыр Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Қазақстанда теңдесі жоқ «Shymkent mall» сауда орталығының жобасын жасатып, елді бір дүр сілкінтіп қойған еді. Тараздың әкімі Нұржан Календаров та қарап жатпаған екен. Әулиеатада «Taraz Mall»   деп аталатын сауда орталығы пайда болғалы жатыр. Бұл жобаға да «Қазақстанда теңдесі жоқ» деген айдар тағылған. Бір ерекшелігі тараздық «mallдың» шымкенттік «mallға» қарағанда құрылысы  қызу жүріп жатыр. Сәтін салса келер жылы пайдалануға беріледі.  

Әбдірахымов Шымкенттің әкімі қызметіне тамызда, Бейбіт Атамқұлов облыс әкімі болып тағайындалғаннан кейін кірісті. Келген бойда Шымкенттің бас жоспарына өзгеріс енгізді. Әлі күнге дейін коммуналдық мәселелері толық шешілмеген Шымкентті Әбдірахымов 2018 жылға дейін Лас-Вегасқа айналдырып жіберемін деп, көпшілікті аң-таң қалдырды. Осы жобаларды таныстырған кезде облыстық мәслихат депутаттарының «бұларға ақшаны қайдан табасыз?» деген сауалына Ғ.Әбдірахымовтың «мен бала емеспін ғой» деп біраз ашуланып қалғаны да бар. Иә, құны қыруа-аааар  миллиард теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асыру расында да баланың қолынан келетін тірлік емес. Біріншіден, қаржы дағдарысының келіп қалғаны мынау. Екіншіден, Әбдірахымовтың жасаған жобаларының дені жеке инвесторлар арқылы жүзеге асырылады. Ал инвесторлардың бастаған ісін аяқтамай, тайқып кететініне Өмірзақ Шөкеев әкім болған тұста көзіміз анық жеткен. «Тоқ жылдары» ешкім тәуекел ете алмаған жобаларды Әбдірахымов күрделі экономикалық кезеңде қаншалықты жүзеге асырады?  Бірақ әйтеуір осы тың жобалар Әбдірахымовтың әкімдік карьерасына әжептәуір жол ашып бергенін мойындау керек. Идеяға тұнып тұрған шенеуніктің  абыройы аспандап, қала әкімдерінің рейтингісінде көш бастады. 

Жарайды, енді  «Shymkent mall» сауда орталығына тоқталайық. Аталған кешен Тұран шағын ауданында салынады. Қазақстанда теңдесі жоқ. «Shymkent mall» көрші облыстардың, сонымен бірге Өзбекстан мен Қырғызстанның саудагерлерін өзіне магнитше тартатын болады. Бірақ Қазақстанда теңдесі жоқ нысанның қашан пайдалануға берілетіні белгісіз. Белгілісі, құрылыс жұмыстары толығымен жеке инвесторлардың қаржысымен жүргізіледі.  Айтқандай, алғашқыда «Shymkent mall» деген сөзді халық әртүрлі қабылдады. Мұның ағылшын тілінде «молл» деп оқылатынын білмейтіндер оны әлі күнге «мал» деп айтып жүр. Ақпарат құралдарында оның атауын өзгерту туралы ұсыныс та жазылған. Алайда әкімдер бұл атауды инвесторлардың өздері қойғанын, оны өзгертуге келісім бермегенін алға тартты. 

Ал, «Taraz Mall» деп аталатын сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы қызу жүріп жатыр. Жобалаушылардың айтуынша дәл мұндай ірі сауда орталығы Қазақстанда жоқ. Сәтін салса, келер жылы пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстарын «Vivat-Taraz» серіктестігі жүргізуде. Нысан «Көне тараз» археологиялық саябағының аумағында, бұрынғы «Қарахан» базарының орнынан салынып жатыр. Қала әкімі Нұржан Календаровтың айтуынша, «Taraz Mall»  қаладағы туристтік нысандардың біріне айналады. 5 қабатты орталықтың ішінде сауда залы, мұз айдыны, кинотеатр, бассейн, мейрамхана, боулинг, бильярд, спорт кешені, балаларға арналған ойын алаңшалары, конференц-зал, қонақ үй кешені болады. Тәулігіне 5 мың адам келеді, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. 

Қысқасы, «Taraz Mall» келер жылы ашылады. «Shymkent mall» сауда кешенінің қашан пайдалануға берілетіні әлі белгісіз. «Қазақстанда теңдесі жоқ» деген атаққа қайсысының лайықты боларын уақыттың төрелігіне тапсырдық. Тек халықтың коммуналдық мәселелері осындай  мегажобалардың қалқасында ұмыт қалып кетпесе болғаны.  

Жәнібек Тархан,

«Рейтинг» газеті №8, 3 наурыз 2016 жыл  

«Нұр Отаннан» өзге партиядағылардың пешенесіне не жазылмақ?
Мамытбеков мырза, ұсынысымызға құлақ асыңызшы!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу