Түркістанда екі білім бөлімінің басшысы сотталды

Oinet.kz 16-03-2023 938

Түркістан облысы Төлеби аудандық соты жуырда  аталған аудандағы білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған Роза Аманованы пара алды деген айыппен, ал оның  қарамағындағы екі мектеп директорын пара берді деген айыппен кінәлі деп тапты. Басшы жеті жылға, ал екі директор үш жылға бас бостандықтарынан айыру жазасына кесілді. 

072ffe985dceeea033b15691e6854872.jpeg

Үкімге қарағанда, істің мән-жайы былай болған.  

Құзырлы органдарға Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы  Р.Аманованың өзіне қызмет бабымен бағынысты  ұйым басшыларынан оларға жалпы қамқорлық жасағаны үшін ай сайын қолма-қол 1000 АҚШ доллары түрiнде пара алатыны туралы жедел ақпарат келіп түскен. Антикор осы ақпараттың анық-қанығын тексеру үшін арнайы операция жүргізгенге ұқсайды.  Аманованың қызметтік бөлмесіне жасырын аудио және бейнебақылау құралдары орнатылған.  

2022 жылдың 23 ақпанында Р.Аманованың кабинетіне Көксәйек мектебінің директоры  Б.Есимбаева кіріп, оған 400 000 теңге қолма-қол ақша берген. Келесі күні, 24 ақпанда Дулати атындағы мектептің директоры Ж.Култаева кіріп, 200 мың теңге берген. Таспаға басылған әңгімелерде қарағанда, 600 мың теңге ақша Амановаға пара ретінде берілген. Сот үкіміне сенсек, директорлар параны өздері жетекшілік ететін мектепке маман қабылдау үшін тікелей бастықтарына «жалпы қамқорлық» көрсету үшін берген. 

Айтпақшы, Аманованы ұстау барысында оның қызметтік бөлмесінен  600 мың теңге парадан бөлек, ірі көлемде ақша табылған. Олардың жалпы көлемі 14 миллион теңгені құраған. Сот барысында Аманова бұл қаражаттардың бір бөлігі туысының жерін сатудан түскен ақша, бір бөлігі сіңлісіне тиесілі екенін айтқан. Алайда сот оның бұл уәжіне күдік келтірген. Себебі тартпадан алынған ақшалар тоғыз бөлікке бөлініп салынған. Олардың бірі конвертте, бірі арнайы қорапта, енді бірі ашық күйінде тұрған. Сот бұл қаражаттарды Аманованың тікелей өзіне жеке-жеке берілген деп тапты. Алайда бұл ақшалардың қайдан келгені анықталмаған.  

Сот барысында Аманова Есимбаевадан 400 мың емес, 200 мың теңге алғанын, ақшаны ол бұрын алған қарызын қайтару үшін бергенін, ал Култаеваның берген 200 мыңы гәптің ақшасы екенін алға тартқан. (бұл сөздерді екі директор да қуаттаған). Алайда сот оның бұл уәжін де жоққа шығарған. 

Сотталушылардың әлі облыстық соттың апелляциялық алқасына шағымдану құқығы бар. Сондықтан іске нүкте қойылды деуге әлі ерте. 

Бұл Түркістанда білім бөлімі басшысына шығарылған алғашқы үкім емес. Былтыр пара алды деген айыппен Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Шадиева айыппұл салуға сотталса, жыл соңында кісі өлтіруге тапсырыс берді деген ауыр айыппен Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 

Сондай-ақ, өткен аптада алаяқтық жасады деп айыпталан Шардара аудандық білім бөлімі басшысы Ақшагүл Бердалиеваға сот үкімі шығып, оған 15 миллион теңге айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды.

Тоқаев қазақстандықтардың қарыз жүктемесін азайтатын Жарлыққа қол қойды
Министр директорлар мен «завучтардың» жалақысына қатысты жағымды жаңалықпен бөлісті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу