Мәсімов сотталды - Бірақ бұл қаңтар құпиясын аша алған жоқ

Oinet.kz 26-04-2023 455

Мәсімов сотталды Бірақ бұл қаңтар құпиясын аша алмады Дүйсенбіде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкімін жария етті. 

Screenshot_3.jpg

Аталған соттың таратқан ақпаратына қарағанда, іс «аса құпия» белгісімен қаралған. К.Мәсімов пен А.Садықұловқа мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, Д.Ерғожинге билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, М.Осиповке билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану айыбы тағылған.

Сот үкімімен аталған үш бап бойынша да кінәлі деп танылған К.Мәсімов – 18, А.Садықұлов – 16, Д.Ерғожин тағылған айыптарға сәйкес – 15 жылға, М.Осипов болса билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелене алмайды. Сонымен қатар барлығы генерал шендерінен және мемлекеттік наградаларынан айырылады.

Мұнан бөлек, сотталушылардан мемлекет кірісіне 10 млрд теңгеден астам қаржы және 24 млн АҚШ доллары өндіріп алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін қаңтар оқиғасы кезінде Кәрім Мәсімовтің тапсырмасы бойынша ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткені айтылған болатын. Мәсімов қаралы қаңтардың басты айыпталушы саналады. Алайда сот үкімі қаңтар қырғынына қатысты құпияларды аша алған жоқ. 

Кәрім Мәсімов пен оның орынбасалары билікті күшпен басу алу операциясын кімнің тапсырмасы бойынша жасады? Олардың алған қойған басты мақсаттары не болды?  Соттаушылардың жаппай тәртіпсіздіктерді  ұйымдастыруға  қаншалықты қатысы бар?  Ақорда Мәсімовтің жымысқы жоспарын неге уақтысында білмей қалды? Мәсімовтің бірінші орынбасары лауазымын атқарған, Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш «сүттен ақ, судан таза» ма?  Ал Елбасы ше? Жалпы, өздеріне тағылған айыптар бойынша Мәсімов пен оның сыбайластары не дейді? Айыпты мойындай ма, мойындамаса, қандай уәж айтады? Мәсімов пен оның командасына шығарылған үкім әділ болса,  Жоғарғы сот пен Бас прокуратура бұл мәселе бойынша журналистердің алдына шығып, неге түсінік бермейді?  

Сәуірдің 4-і күні Кәрім Мәсімовтің дәрігері Эрнест Браун медициналық куәлік беріп, Мәсімовтің қамауда болуына байланысты ерте қайтыс болу қаупі жоғары екенін айтқан болатын. Доктор Браун Мәсімовтің 2023 жылдың қаңтарында шұғыл операциядан аман қалғанын хабарлады. Дәрігердің айтуынша, экс-төраға созылмалы жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан. Сол себепті оны тергеу изоляторында ұстауға болмайды екен. Дәрігердің сөзіне сенсек, Мәсімов инфаркттан немесе инсульттан қайтыс болуы мүмкін екен.  

Тоқаевтың тапсырмасы Бедебаевқа жүрмей ме?
Әбдірахымов елге естелік айтуды бастады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу