Тау құласа да Тасмағамбетовтың рейтингісі құламайды

Oinet.kz 10-08-2019 1722

Screenshot_3.jpg

Тау құласа да, Тасмағамбетовтың рейтингісі құламайтын сияқты. «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының сарапшылары берген бағасы бойынша элитада жүрген шенеуніктердің арасында Тасмағамбетовке жетері жоқ. Рейтинг бойынша ол көш бастап тұр. Қорғаныс министрі ретінде ол осы аралықта не тындырды?  Астанада әскери техникалардың халықаралық көрмесін өткізді. Осы күндері қазақстандық ұшқыштар  Ресейде өтіп жатқан әскери шараға қатысып жатыр. Тағы не бар еді?..   Мәселе оның не тындырғанында да емес сияқты. Иманғали Тасмағамбетов Алматы, Астананың әкімі болған тұста әкімдердің рейтингісіндегі бірінші орынды берген жоқ. Бәлкім Астананың әкімі атанудың бәсі жоғары болады дейтін шығарсыз.  Жоқ, олай емес-ау. Егер солай болса,  Астананың әкімі қызметіне жуырда тағайындалған Әсет Исекешев осы рейтингіде 19 орын алып, ортадан төмен тұрар ма еді? Астананы күні кешеге дейін басқарып, жуырда Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне екінші қайтара тағайындалған Әділбек Жақсыбеков неге бірінші орынға шыға алмайды? Гәп басқада.  Тасмағамбетов биліктің барлық дерлік баспалдағынан өткен. Партияның тәлім-тәрбиесін алған. Қазақстандағы комсомол ұйымының бірінші хатшысы  қызметін атқарды. Президенттің көмекшісі, облыстың әкімі, Премьер-министр, Президент әкімшілігінң жетекшісі, мемлекеттік хатшы.  Алматы мен Астана қалаларының тізгінін ұзақ уақыт ұстады. Уақтысында білім және мәдениет министрі болған. Қорғаныс министрі қызметін 2014 жылдан бері атқарып келеді. Бұл аса лауазымды орын еместігіне қарамастан бәрібір Тасмағамбетов саяси элитадағы бірінші орнын сақтап келеді. Неге? Оның абырой-беделінің, ықпалы мен танымалдығының құпиясы неде? Жалпы байқайсыз ба, Еуропа, Америкада халық президенттік лауазымға халықтың жүктеген аманаты, сенім, міндет ретінде қарайды. Ал бізде дәлірегі Орталық Азия елдерінде президенттік Жаратқанның тартқан сыйы ретінде саналады. Президентке ел Алланың назары түскен, қыдыр дарыған, басына бақ құсы қонған адам ретінде қарайды. Дәл қазір төрт құбыласы тең болып тұрған Тасмағамбетовтің басына да бақ құсы қона ма? Кім білсін? Бірақ оның Қазақстанда Елбасыдан кейінгі екінші адам екендігін мойындау қажет сияқты. Иә, айтқандай ұмытып  барады екенбіз, мамырда Тасмағамбетов туралы жайсыздау әңгіме тарады. Әлеуметтік желіде оның тұтқындалып, үй қамаққа алынғаны туралы ақпараттың қатты тарағаны соншалықты Қорғаныс министрлігіне оны ресми түрде жоққа шығаруына тура келді. 

Б.Әбдірашұлы,

«Рейтинг» газеті №28, 28 шілде 2016 жыл

Асқар Мырзахметовтың беделі Қуандық Бишімбаевтан да төмен бе?
Отпен ойнағанның ақыры...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу