Асқар Мырзахметовтың беделі Қуандық Бишімбаевтан да төмен бе?

Oinet.kz 10-07-2019 828

Screenshot_2.jpg

Жақында «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы елдің қоғамдық-саяси аурасын сараптай отырып екінші тоқсанның рейтингісін жариялады. Алматы, Ақтөбе қалаларындағы терактілер біраз шенеуніктердің рейтингісіне әсер етті. Ақтөбедегі оқиғадан кейін Президентке жаңсақ ақпарат жеткізіп, ұятқа қалған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақановтың беделі төмендеді.  Ал керісінше, осы қанды қырғында бірнеше қызметкері оққа ұшқан Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың беделі күрт көтеріліп, ол 22-орыннан 11 орынға көтерілді. 

Тізімде «Самұрық» Әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев 16-орында, Астананың мэрі Әсет Исекешев 19- орында, Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 31- орында, Асқар Мырзахметов 32-орында тұр. Сонда қалай, Үкіметің құрамына кеше кірген Қуандық Бишімбаевтың беделі облыс әкімі, министр қызметіне бір емес екі рет тағайындалған, уақтысында елшілік қызметті де атқарған Асқар Мырзахметовтен жоғары болғаны ма?

Жалпы, осы екінші тоқсанда жарқылдап көзге түскен шенеуніктің бірі Асқар Мырзахметов еді. Өзіңіз қараңыз, мамырдағы толқулардан кейін ол бірден «Нұр Отандағы»   бірінші төрағалықтан ауыл шаруашылығы министрі қызметіне ауыстырылды. Жерді сату жобасын әзірлеу, оның орындалуына басшылық жасау әу баста Ұлттық экономика министрлігіне жүктелгені белгілі. Бұл істі өз деңгейінде атқара алмағаны үшін Досаев пен Мамытбеков отставкіге кетті. Президент жаңа тағайындаулардан кейін жер сатудың дауын шешуді  Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеді. 

Асқар Мырзахметовтың аяқ алысы жаман болған жоқ. Жер реформасы жөніндегі комиссиясының алғашқы отырыстарынан кейін  ол Елбасының сенімінен шыға білді. Мемлекет басшысы  оны  жаңа қызметке тағайындағаны былай тұрсын, оған арнап Үкіметтен жаңа штат ашып берді. Оның лауазымы вице-премьер-Ауыл шаруашылығы министрі деп аталатын болды. Мырзахметов Жер реформасы жөніндегі комиссияның тізгінін автоматты түрде иеленді. Жуырда оны Президент арнайы қабылдады. 

Осының бәрін сараптай келгенде Асқар Мырзахметов рейтингіде жоқ дегенде ондықтан табылуы тиіс еді. Алайда қызметтік карьерасының соңғы оншақты жылын шетте, өңірлерде өткізген  Асқар Исабекұлын Астана әлі жақсы тани алмай жатыр. Мырзахметов вице-премьерліктің тізгінін ұстап отырса да әлі «провинциальный шенеунік» дәрежесінен айырыла қоймаған сияқты. 

P.S. Соныменен  Асқар Мырзахметовтың беделі Қуандық Бишімбаевтан да жоғары ма? Жоқ, беделіне берілген баға бойынша Мырзахметов Бишімбаевтан оқ бойы озық тұр (3,23-2,96). Алайда Бишімбаев Мырзахметовты перспективасы жағынан орап кетіп тұр. Яғни, Мырзахметовтен гөрі Бишімбаев  келешегінен көбірек үміт күттіретін кадр болғаны ғой. 

Бақытжан Әбдірашұлы,

«Рейтинг» газеті №28, 28 шілде 2016 жыл 

Нұрсерік Шәріповті жек көретін адамдар бар
Тау құласа да Тасмағамбетовтың рейтингісі құламайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу