Шерзат Полаттың сотында адвокат марқұмдар мен Қаржаубайдың үстінен іс қозғауын талап етті
Сотталушының адвокаты судьядан өмірде жоқ Шерзат пен Нұрқанаттың үстінен іс қозғауды сұрады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Шерзат Полаттың ісі бойынша сот жарыссөзінде сотталушы Дидар Қалиахметтің адвокаттары сөйледі.
Адвокат Алмас Мырқасымбаев өз қорғауындағы сотталушы Дидар Қалиахметке айыптау үкімі дәлелін таппады деп, оны ақтауды сұрады.
Ал екінші адвокаты Гаухар Баймұханова төбеелес кезінде пышақ, мылтық алып шыққандар жәбірленушілер екенін айта келе жаңаша қылмыстық іс қозғауды өтінді.
"Дүкеннен пышақты бірінші болып алып шыққанын ескере келе, Шерзат Полатты, Нұрқанат Ғайыпбаевты, Қаржаубай Нұрымовты қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі бойынша көрсетілген қылмыстық құрамның болуына байланысты қылмыстық іс қозғау туралы жекеше қаулы шығаруды сұраймын. Аталған қаулыны Алматы облысы прокуратурасына жолдауды өтінемін", – деді ол.
НҰРҚИЯС ІЛИЯСОВТЫҢ АДВОКАТЫ НЕ ДЕЙДІ
Сот жарыссөзінде сотталушы Нұрқияс Ілиясовтің адвокаты Нұрлан Қилыбаев тергеу кезіндегі қысым сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының объективтілігіне үлкен күмән туғызады деп мәлімдеді.
"Не себепті Қаржаубайдың пышақ алып шыққан, Ғайыпбаевтың мылтық алып шыққаны ескерілмейді. Шерзат Полат сонымен бірге төбелеске достарын әкелген. Мұның бәрі тергеуде “қолдау үшін” деп жазылған. Демек олар жақтан “қолдау” үшін келеді де, ал айыпталушылар “өлтіру, пышақ салу үшін” келеді. Бұл дұрыс емес. Нұрқияс Ілиясовтың “бұзақылық жасайын, сөз байласып қылмысқа барайын” деген пиғылы болмаған. Құрметті сот, Ілиясов бұл жағдайда өз басын қауіптен арашалау үшін әрекет еткен. Оның әрекеттерінде айыптау тарапы айтқан қылмыстық құрам жоқ. Керісінше, істі талдай келе Ілиясовтың ісінде тек 108-бап бойынша қылмыстық құрам бар", – деді ол.