«Қарабаев әкім болады»
Көлік министрі лауазымынан босатылған Марат Қарабаев жақын арада Оңтүстіктегі облыстардың біріне әкім болып баратын көрінеді. Саяси жауырыншылар осылай дейді.
Марат Қарабаев Олжас Бектенов үкіметіндегі ең жас министр болатын. Оның енді «ең жас әкім» болуға қаншалықты шансы бар?
Кім біледі, бірақ Қарабаевты қызметінен ойда-жоқта босатылды деуге болмайды. 14 мамырда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы көлік саласында қордаланған мәселелерді дер кезінде шешпегені үшін Көлік министрі Марат Қарабаевқа сөгіс берген болатын.
Сол кездері Қарабаев өзінің атына айтылған сындармен келіспейтінін білдірген еді.
– Төрт айдың қорытындысы бойынша көлік саласындағы өсім 22 пайызды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 8,5 пайыз болған. Транзит көлемі екі есе артты, Қытаймен арадағы транзит те екі есе өсті. Астана – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Астрахан бағыты сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар аяқталғанын білесіздер. Авиация саласында да барлық көрсеткіш оң нәтиже беріп отыр. Үш ірі әуежай пайдалануға берілді, – деп жауап берген екен министр журналистердің қойған сауалына.
Қарабаев отставкаға кету ниетінің жоғын да аңғартқан.
– Мен жұмысымда Президенттің барлық тапсырмасын сапалы әрі уақытында орындауға баса мән беремін, – деген екен.
Мінеки, араға бір айға жетпейтін уақыттан кейін Қарабаев қызметтен кетті. Бұл нені білдіреді? Министрдің сөгістен ешқандай қорытынды шығармағанын ба? Ақорда мен Үкімет енді оның қызметтік тағдырын қалай шешеді?
Марат Қарабаев Көлік министрі лауазымына 2023 жылдың қыркүйегінде тағайындалды. Сол кезде елімізде жаңадан 5 министрлік құрылған болатын. Марат Кәрімжанұлы 1987 жылы туған. Ол Ташкент автомобиль жолы институтын, Ұлыбританияның Уорвик университетін, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2011 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінде сарапшы болып бастаған. Содан кейін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне ауысқан. Ол жерде де сарапшы, бас сарапшы қызметін атқарған. Еңбек жолында Оңтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары, содан кейін басшысы болып жұмыс істеген.
2018 жылы Цифрлық даму министрлігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде әртүрлі лауазымдарды атқарған. 2021 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі, 2023 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметінде болған.