Министр Нұржігітовке сенеміз бе, әлде әкімдікке сенеміз бе?

Oinet.kz 11-06-2025 75

Screenshot_1.png

Түркістан облысында құрғақшылық күшейіп келе жатыр. Мезгіл әлі маусымның ортасына жеткен жоқ. Жағдайдың шіліңгір шілдеде қалай боларын бір Алла біледі. Облыстың көптеген аудандарында наурыздың ортасынан бері жаңбыр жауған жоқ. Таулы өңір саналатын Төлеби сияқты аудандардың өзінде биыл ылғал аз, жемшөп қымбат. Былтыр осы уақытта бір сығымы 500-700 теңге болған жоңышқаның биылғы бағасы мың теңгеден асып кетті.

Түркістан облысындағы «бұрын-соңды болмаған құрғақшылықты», шаруалардың басындағы қиын жағдайды  жергілікті әкімдіктер де, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы да жасырып отырған жоқ. Жуырда осы жөнінде Мәжілістегі депутаттар да дабыл қағып, Премьер-министрдің алдына бірқатар мәселе қойды. Алайда Үкіметтің тарапынан әзірге нақты бір әрекет байқалмайды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сілтеме жасаған «ҚазАқпараттың» хабарлауынша,  өңірде 49,8 мың гектар егіс алқабы зардап шеккен. Бұл – жалпы егілген 355,2 мың гектардың 14 пайызы. Қазір анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Тарқатып айтар болсақ,  Бәйдібек (25,2 мың га), Ордабасы (6,7 мың га), Түлкібас (5,2 мың га), Төлеби, Арыс, Сарыағаш және Созақ аудандарының егістіктері қатты зардап шеккен.

– Биылғы қуаңшылықты жергілікті атқарушы органдар, қоғам белсенділері мен несие ұйымдарынан арнайы мобильді жұмыс тобы құрылып, зерттеу шараларын жүргізіп жатыр. Өткен жылдың күз айларында егілген және көктем айларында егістігін мерзіміне сәйкес азықтандырған шаруалар жақсы өнім алады деп күтіліп отыр. Ал, агротехникалық шараларды толық жүргізбеген шаруалар өнім алмауы да мүмкін. Дегенмен, биыл ауа райының жауын-шашынсыз құрғақ болуына байланысты дәнді және майлы дақылдардан жоспарланған өнімнің алынбау қаупі жоғары болып тұр, – делінген ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратында.

Облыста мал азығын дайындау ісі мәз емес. Ресми мәліметке сәйкес биыл облыс бойынша 4,3 млн тонна жемшөп дайындау жоспарланса, қазіргі уақытта оның 57,1 мың тоннасы ғана жиналған. Пайыздық көрсеткішке салсақ, бұл дегеніңіз  өте мардымсыз көрсеткіш. Мұның салдарының ауыр екенін ауыл шаруашылығы басқармасы да жоққа шығармайды. Басқарма өкілдерінің айтуынша, қуаңшылық шаруалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендеуіне алып келеді. Әсіресе, мал баққан шаруалардың кәсібін шайқалтады. Бірінші кезекте мал азығының өсуі мен еттің бағасы көтеріледі. Соңғы айларда Шымкент, Түркістан өңірінде онсыз да сиыр етінің бағасы шарықтап тұр.

 Енді жергілікті шенеуніктер ағын су тапшылығының алдын алу үшін бірқатар шараларды қолға алуда. Ауыл шаруашылығы басқармасының  мәліметі бойынша су үнемдеу технологиялары белсенді түрде енгізіліп жатыр. 2023 және 2024 жылдары 55 мың гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесі енгізілген.

Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 59 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Ал, 2030 жылға қарай өңірде су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу қарастырылған.

Су тапшылығы қатты сезілетін Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарында жоспардан тыс 8 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізіліп жатыр.   Сонымен қатар, Отырар ауданындағы мақта шаруашылығына қытайлық компания арқылы 32 мың гектарға жаңа технология енгізу жұмысы басталған. Қазір облыста жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метр 42 су қоймасы бар. Алайда биылғы қуаңшылық салдарынан олардың да толуы орта есеппен 60 пайыздан аспай отыр.

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде біз Түркістан облысындағы құрғақшылық туралы Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібековтің дабыл қағып, Үкімет басшысының атына сауал жолдағанын жазған болатынбыз.

– Биыл шаруалар бұрын-соңды болмаған қуаңшылықтың қыспағында қалды. Жайылымның қурауы, мал азығының тапшылығы, егін алқаптарының күйіп кетуі ел тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын қиындатып отыр. Мәселен, қуаңшылық салдарынан шаруалар дәнді және майлы дақылдардан жоспарланған өнімді ала алмауы мүмкін. Болжамға сәйкес, бүгінде жалпы егілген 390 мың гектарға жуық алқаптың жобамен 20%-дан астамы жарамсыз күйге түскен. Алдағы уақытта да ауа райының қолайсыздығы күтілуде. Бұл, өз кезегінде, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына кері әсер ететіні анық. Сондай-ақ, аудандарда өзен-бөгеттер деңгейінің төмендеуі байқалады. Әсіресе, Созақ пен Бәйдібек аудандарында жауын-шашынның азаюы мен жер асты сулары деңгейінің төмендеуі – тіршіліктің тұтқасын ұстаған шаруаларға үлкен қиындық туғызып отыр. Бүгінде жергілікті тұрғындар күн сайын тасаттық беріп, жаратушыдан жаңбырдың жаууын сұрауда. Ал, Арыс қаласы мен Сарыағаш, Келес, Шардара, Отырар аудандарының тұрғындары жыл сайын шегіртке мен шіркейден зардап шегіп жатыр. Әсіресе, нәсібін жер анадан терген шаруалар үшін жағдай қиын. Күн санап көгертіп отырған егістігін қорғамаса, қып қызыл шығынға батары анық,– деген депутат қуаңшылықтан зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай режимін жариялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын. Алайда одан бергі аралықта жиырма шақты күн өтті. Үкіметтің тарапынан бұған ешкім мән беріп жатқан жоқ.

Осы жерде айта кетері, сәуірдің басында әлеуметтік желіде бір топ шаруалар Мемлекет басшысының атына үндеу жолдаған болатын. Олар ел арасында «жаңбыр адам» атанып кеткен Алтай Айнабектің жаңбыр жаудыратын технологиясына қолдау білдіруді, себебі биыл Түркістан облысында құрғақшылық болуы мүмкін екендігін айтып, тіпті ашынған шаруалар осыған мән бермей отырған Экология сонымен бірге  Су ресурстары министрлерінің отставкіге кетуін талап еткен еді.  Сол кезде осы үндеуге жауап берген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов:

– Оңтүстік өңірлермен шекаралас елдердің су қорына қатысты мәліметтерін саралап жатырмыз. Ортақ болжам бойынша, биыл су көлемі норманың 87 пайызын құрайды. Былтыр бұл көрсеткіш 89 пайыз болған. Яғни айырмашылық – 2 пайыз. Бұл – “Қазгидромет”, “Узгидромет” және “Қырғызгидромет” қызметтерінің болжамдарына негізделген. Сонымен қатар 1 сәуірдегі жағдай бойынша, еліміздің су қоймаларында былтырмен салыстырғанда 1 миллиард 388 миллион текше метрге артық су жиналды. Бұл – біздің қосымша қорымыз. Осы деректерге сүйене отырып, вегетациялық кезең былтырғы деңгейде өтеді деп болжап отырмыз, – деп жауап берген екен.

Осылайша сәуірде «бәрі дұрыс болады» деп арқаны кеңге салған министрлік мамырдан бастап Қазақстанның бірнеше өңірінде, соның ішінде Түркістан облысында құрғақшылық болатынын, су қоймаларының 75 пайызға ғана толғанын (жоғарыдағы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша 60 пайыз)  айта бастады. Ал әкімдіктегілер су үндемдеу мәселесін қолға алуға көшті Сонда кімге сенеміз?  Сәуірдің басында Президентке үндеу жолдаған шаруаларға ма, әлде министр Нұржан Нұржігітовке ме?

Дәл қазір Су ресурстары министрлігі Түркістан облысында қауын-қарбыз еккен шаруаларды ағын сумен толық қамтамасыз еткені, сол үшін шаруалардан алғыс алып жатқаны жөніндегі ақпараттарды таратып жатыр. Алайда Оңтүстікте суару науқаны енді басталуда. Бір айдан кейін мақта суарылады. Осыдан екі жыл бұрын құрылған министрліктің қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын білетін кезең әлі алда. Биылғы құрғақшылық Нұржан Нұржігітов үшін үлкен сын болайын деп тұр.

Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.

«Рейтинг» газеті, 11 маусым 2025 жыл.


«Тергеуші оңбаған адам екен»: Шымкентте психдиспансерде науқастарды зорлағандар сотталды
«Қарабаев әкім болады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу