«Тергеуші оңбаған адам екен»: Шымкентте психдиспансерде науқастарды зорлағандар сотталды
Шымкентте сот психикалық денсаулық орталығында науқастарды зорлаған екі санитарға үкім кесті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Мекеме қызметкерлері науқастарды қорлап, әсері күшті дәрілер беріп, зорлаған. Жәбірленушілердің арасында шизофрениямен ауыратын 17 жастағы бойжеткен де бар. Бойжеткен жүкті болып, кейін түсік жасатқан.
Психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 120-бабының 3-1-бөлігі (Зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынас жасау) бойынша сотталды. Олардың әрқайсысы 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталушылар Даржанов пен Дүйсебаев – Түркістан облысының психикалық денсаулық орталығының санитар бақылаушылары. Екеуі де сол мекемеде он жылдан астам жұмыс істеген 33 және 43 жастағы мамандар. Орталыққа түскен науқастарды зорлады деп жауапқа тартылған олар кінәсін сол күйі мойындаған жоқ. Бәріне жасөспірімнің мекемеден жүкті болып шығуы дәлел болды дейді судья.
“Біз бұған жетпейміз бе деп ойлағанбыз. Шыны керек үмітімізді үзгенбіз. Себебі тергеу кезінде көп қысымдар болды. Сот басталғаннан кейін де болды. Сол себепті үмітімді үздім. Жалпы үкіммен келісемін. Әділ үкім шықты", – деді жәбірленушінің анасы.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Жамал Бакированың айтуынша, ол кездегі камераларды тергеудің дер кезінде ала аламау салдарынан мекеме-психикалық денсаулық сақтау орталығы жойып жіберген.
“Ол туралы біз дәлелдемелердің барлығын: “1 млн-ға саттық” деген сияқты сотталушылардың ватсап желісі арқылы сөйлескен сөздерін сотқа ұсындық. Сондай дәлелдемелер жеткілікті болды деп есептейміз. Сот әділ шешім шығарды", – дейді заң өкілі.
Үкіммен келіспеген сотталушы тарап апелляицяға шағымданатынын айтты. Өйткені шарананың биологиялық әкесі кім екені сол күйі анықталмаған.
"Сараптаманың барлығы таза болып шықты. Бала екеуінен де емес бұл. Мынау Нұрсұлтан деген тергеуші оңбаған адам екен. Соның қателігі. Түсікті тастаған күні сараптамаға барып өткізбей ма? Баланың кімдікі екенін сонда анық білетін едік. Жала жабылып отыр", – деді сотталушының әкесі Тағайбек Даржанов.
Судья үкімнен соң істі жүргізген тергеуші мен Түркістан облысының психикалық денсаулық орталығындағы бас дәрігеріне де жеке қаулы шығарды. Ал 15 жылға сотталған екі санитар моральдық шығын үшін жәбірленушінің әрқайсысына 5 млн теңгеден төлеуге міндеттелді.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында психикалық орталықтың қызметкерлері науқас қызды зорлады деген күдікке ілінгенін жаздық. Екі науқас қыздың аналары орталық қызметкерлерінің қыздарды зорлағанын айтып, полицияға шағымданған. Бір ана қызының орталықта емделіп шығуын күткенін, бірақ жүкті болып келгенін айтқан. Оның айтуынша, қызын камера жоқ бөлмелерге апарып, күшті дәрі егіп, зорлаған. Басқа ана да дәл осындай айып таққан.
Науқастардың бірінің жүктілігі жасанды түсікпен аяқталған. Қыздардың аналары полиция арыздарын бастапқыда қабылдамай, кейін тергеу жұмыстарының созылып кеткеніне наразы. Құзырлы органдар "зорлау" бабымен қылмыстық іс қозғалып, сараптама жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Алайда санитарлардың әлі қызметтерінде жүргені қоғам наразылығын туғызған.