Бектенов Үкіметтен кете ме?

Oinet.kz 10-07-2025 53

 foto-3.jpg

Жақын арада Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметтен кетіп, құзырлы органдардың біріне басшы болып барады. Республика.кз порталы құпия дереккөздерінен алған мәліметтеріне сүйене отырып, осындай болжам жасап отыр.

Аталған порталдың жазуынша, Мемлекет басшысының Антикорды Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосу туралы жарлығы құзырлы органдар арасында дүрбелең туғызған. Президенттің жарлығы бойынша жаңа орган--Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі деп аталатын болады. Антикордың құзырында болған  сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бір ай ішінде  Президентке жаңа құрылым туралы ұсыныстарын енгізуі тиіс.

Бұған дейін антикордың экономикалық тергеу қызметімен бірігетіні жөнінде ақпараттар тараған. Жалпы өз тарихында антикор бірнеше мәрте тарап, қайта құрылған. Бірақ оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына беру туралы әңгіме қозғалмаған болатын. Бұл шешім көпшілікті аң-таң қалдырып отыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Президенттің жарлығы шыққан бойда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлердегі өкілдіктерінің қызметкерлері антикордың ғимараттарына барып, күзет қызметін ауыстырған. Ал қызметкерлердің өздеріне тез арада ғимаратты босатуды талап еткен. Бұдан кейін кабинеттердегі компьютерлерді, құжаттарды алып, есіктерді мөрлеген көрінеді. Жоғарыдағы сайттың жазғанына сенсек, күштік құрылымдардағы реформалардан кейін ҰҚКнің төрағасы жаңарады. Ермек Сағымбаевтың орнын Олжас Бектенов ауыстыратын көрінеді. Бектенов осы жөнінде Президенттің де келісімін алып қойғанға ұқсайды.

Бектенов үкімет басшылығына 2024 жылдың ақпанында тағайындалған болатын. Тәуелсіздіктің тарихында ол ең жас үкімет жетекшісі саналады. Оған дейін Президент әкімшілігінің басшысы болған. Ал еңбек жолында антикорда (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде)  басшылық лауазымдарды атқарған. 2022-23 жылдары аталған агенттіктің төрағасы болған.

Бектеновке қатысты болжамның қаншалықты шындыққа айналатынын уақыт көрсете жатар. Жақын арада үкімет бірінші жартыжылдықты қорытындылайды. Кеңейтілген Үкімет отырысына Президент қатысуы тиіс.


Жұмашев тапсырыспен сотталды ма?
Құмар ойынға әуестік – әлеуметтік трагедия
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу