Құмар ойынға әуестік – әлеуметтік трагедия

Oinet.kz 29-06-2025 22

1.jpg 

Түркістан облыстық Дін істері басқармасы жанынан құрылған «Ынтымақ-Түркістан» клубының кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиын «Дін мен дәстүр – зайырлы қоғам кепілі» тақырыбында ұйымдастырылып, қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Аталған клуб облыста тіркелген алты түрлі діни конфессия өкілдерін біріктіріп, конфессияаралық келісімді, ынтымақ пен бейбітшілікті нығайтуға бағытталған алаң ретінде жүйелі жұмыс істеп келеді.

Жиынға клуб мүшелерімен қатар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Қасымбеков Жүсіпбек Айдарбекұлы арнайы қатысты.

ТҮркістан облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, клуб отырысын Түркістан облыстық Дін істері басқармасының басшысы Р. Сабыржанұлы ашып, төрағалық етті. Басқосуда күн тәртібіне енгізілген негізгі тақырыппен қатар, еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін бірқатар мәселелер – діни экстремизм мен терроризм, нашақорлық, интернет алаяқтық, құмар ойынға тәуелділік (лудомания) жайы да кеңінен қарастырылды.

Жиында қоғамдық-саяси тұрақтылық, конфессияаралық келісім, діни ахуалдың орнықтылығы және ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Отырыс барысында Түркістан облысының бас имамы Төлепов Ержан Сматұлы, Шымкент және Түркістан епархиясының өкілі, шіркеу және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы Могилевский Александр Валерьевич, сондай-ақ жергілікті православ діни бірлестігі жетекшісі Смольянов Виталий Александрович мазмұнды баяндамалар жасады.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Қ. Ж. Қасымбеков және «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары Бориев Елдос Заманханұлы да өзекті тақырыптар аясында ой-пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қатар, «Елуліктер толық інжілдік христиан шіркеуі» бірлестігінің жетекшісі Семлянских Павел Владимирович нашақорлықтың жастар арасындағы белең алып бара жатқанын ерекше атап өтті. Ол бұл дертпен күресте діни бірлестіктер мен мемлекеттік органдардың бірлесе әрекет етуінің маңыздылығына тоқталды.

Ал «Жетісай қаласының інжілдік мәсіхші-баптистер қауымы» бірлестігінің жетекшісі Братан Валерий Иванович қоғамдағы бейбітшілік пен татулықты сақтаудың маңызын көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді.

Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда жиі қозғалатын нашақорлық пен лудомания мәселелеріне қатысты айтқан нақты тапсырмалары мен ұстанымы да кеңінен талқыланды. Ел Президенті:

«Нашақорлық – ұлт болашағына төнген қауіп. Бұл дертпен күресу – мемлекет қана емес, бүкіл қоғамның, әр азаматтың міндеті. Жастарды улайтын бұл індетпен аяусыз күресуіміз керек», – деп атап өткен болатын.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы лудоманияға (құмар ойынға тәуелділікке) байланысты:

«Қоғамда құмар ойынға әуестік – әлеуметтік трагедияға айналып отыр. Жастарды бұл дерттен сақтау үшін нақты құқықтық және тәрбиелік тетік қажет», – деген болатын.

Президенттің бұл ұстанымдары клуб мүшелерінің талқылауындағы басты бағыт ретінде қарастырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, діни бірлестіктердің жұмысын жандандыру жоспарланды.

Клуб мүшелері алдағы уақытта отырыстарды тоқсанына кемінде бір рет өткізіп тұру туралы шешімге келді. Сондай-ақ облыс тұрғындарына арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге, қоғамдағы теріс құбылыстармен күресте конфессияаралық бірлікті нығайтуға баса мән беретін болып тарқасты.

Бүгінде жаһандану үдерісімен қатар, әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі қауіптер де қатар өрбіп келеді. Соның бірі – діни экстремизм. Бұл құбылыс – тек Қазақстан үшін ғана емес, күллі әлем үшін алаңдатарлық мәселе. Сондықтан да діни экстремизмге қарсы күрес – мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігінің басты басымдықтарының бірі.

Діни экстремизм – дінді саяси немесе басқа мақсаттарда пайдалану арқылы қоғамда алауыздық туғызуға, адамдарды бір-біріне қарсы қоюға бағытталған іс-әрекет. Ол белгілі бір діни көзқарасты абсолютті ақиқат ретінде танытып, өзге сенімді қабылдамайтын, күш қолдануға дейін баратын радикалды әрекеттермен сипатталады.

Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде әр адамның ар-ождан бостандығын қамтамасыз етіп, түрлі дін өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруіне жағдай жасап келеді. Елдегі діни тұрақтылық пен конфессияаралық келісім – еліміздің басты құндылықтарының бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге ерекше мән беріп:

«Қазақстан – ешқандай радикалды діни ағымдарға жол бермейтін зайырлы мемлекет. Біз халықтың діни сеніміне құрметпен қараймыз, бірақ дінді саяси құралға айналдыруға қатаң түрде тосқауыл қоюымыз керек», – деп атап өткен болатын.

Экстремистік идеологияны таратушылар ең алдымен жастарды өз қатарларына тартуға тырысады. Себебі діни білім деңгейі төмен, әлеуметтік жағдайы күрделі жастар жалған уағыздың жетегінде кетуге бейім. Сондықтан да жастармен жұмыс – діни экстремизмнің алдын алудағы басты бағыттардың бірі.

Бұл тұрғыда білім беру ұйымдары мен діни бірлестіктер, ақпараттық түсіндіру топтары, үкіметтік емес ұйымдар жастардың діни сауатын арттыру, дін мен дәстүрді дұрыс түсіндіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуі қажет.


Бектенов Үкіметтен кете ме?
Перизат Қайраттың арызы бойынша полиция түсінік берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу