Жұмашев тапсырыспен сотталды ма?
Шымкентте тағы бір шулы қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы қызметін атқарған, 2024 жылдың ақпанында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып бойынша ұсталған Ғалымжан Жұмашевты Шымкент қаласының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі соты бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ол алаяқтық және қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастыру баптары бойынша 7,5 жылға сотталды.
Қылмыстық істі қазіргі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен де байланыстырды. Жұмашевтың сотта журналимстерге берген сұхбатына қарағанда, Түркістан облыстық білім басқармасына тағайындалардың алдын оған ҰҚК тергеушісі келіп, Ғани Бейсембаевтың үстінен арыз жазып беруді талап еткен көрінеді. Бұл арыз жазудан бас тартқан. Осыдан кейін ҰҚК оның қыр соңына түскенге ұқсайды. Бұл уәж қаншалықты қисынды? Айта кетері, Бейсембаев пен Жұмашев уақтысында Білім және ғылым министрлігінде бірге қызмет еткен.
Үкім оқылатын күні сот залында Жұмашев «Қазақстан азаматтығынан бас тартамын!» «Мен заң үстемдігі жоқ, жемқорлық жайлаған, жемқорлықпен күрескендерге құқық қорғау органдары қолдан қылмыстық іс қозғайтын, ҰҚК бейберекетсіздікке баратын елде тұрғым келмейді!» деген жазуы бар қағаз ұстап тұрды. Ал бір күн бұрын «соңғы сөзінде» ол Қазақстанда тұрғысы келмейтінін, Қазақстан азаматтығынан ресми түрде бас тартатынын мәлімдеген болатын. Бұл нені білдіреді? «Жаңа Қазақстанның» Жұмашевты жарылқамағанын ба? Экс-шенеуніктің әділеттен, құзырлы органдардан өз елінен безіп кететіндей дәрежеде көңілі қалғанын ба?
Бұл туралы әрқилы болжам жасауға болады, әрине. Бірақ бір нәрсе анық – бұл әрекеттен Жұмашевтың өзіне қандай төреліктің айтылатынын, дәлірегі соттың өзін ақтамайтынын алдын ала білгені байқалады. Қанша дегенмен оның мамандығы заңгер ғой.
Судья С.Темірәлиев үкімнің тек қарар бөлігін оқыды. Жұмашевпен бірге сотталған Тараз қалалық прокуратурасының бұрынғы қызметкері Нұрсұлтан Тілешовке 4 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, Ата заңның 30 жылдығына жарияланған рақымшылыққа байланысты мерзім 2,8 жылға қысқартылды.
Жұмашевқа рақымшылық қолданылған жоқ. Мұны судья қылмыстық іс бойынша келтірілген залалдың өтелмегенімен байланыстырды. Сонда үкім бойынша қылмыстық жолмен табылды деп танылып, жер телімімен бірге мемлекет меншігіне тәркіленген Жұмашевтың иелігіндегі «Жаннұр» жекеменшік мектебі залалды өтеуге жатпай ма? Сот бұл мәселенің басын ашық қалдырды. Осы жерде айта кетері, бұған дейін Жұмашевтың жақындары жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында экс-шенеуніктің меншігінде несиеге алынған жалғыз көлігі мен жалғыз үйінен басқа ештеңесі жоқ деген еді. Олай болса жекеменшік мектеп қайдан шықты? Оның қылмыстық жолмен табылған қаражатқа салынғанына нендей дәлел бар?
Үкім бойынша Жұмашев осы қылмыстық істе жәбірленуші, арызданушы, әрі басты куәгер Эльмира Дүйсенқызына 67 миллион теңге төлеуі тиіс. Оны төлеуге екі ай уақыт берілді.
Ғалымжан Жұмашев уақтысында Ғылым және білім министрлігінде басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары болған. 2016 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған. 2023 жылдың қазанында ол басынан қиқу кетпеген Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы болып тағайындалды. Оған дейін Президент Әкімшілігінде жұмыс істеген. Бұған дейін белгілі болған ақпараттарға қарағанда, Жұмашев өзінің қылмыстық әрекеттерін министрлікте істеп жүрген кездері жасаған.
Ал арызданушы Эльмира Дүйсенқызы Шымкентте жекеменшік білім беру ұйымдары бар кәсіпкер. Бұған дейін екі рет алаяқтық бабымен сотталып шыққан. Соңғы рет ол қарамағындағы «Риана» мектебінде мемлекеттік тапсырысқа қатысты қаражаттарды жымқырды деген айып бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұл туралы біз уақтысында «Рейтинг» газетінде жазғанбыз. Жұмашев осы кездері Дүйсенқызының білім ұяларына қамқорлық көрсеткені үшін ақша алып отырған көрінеді. Судья Темірәлиев үкімді оқып болған соң Жұмашевтың алаяқтықпен ақша алғаны толығымен дәлелін тапқанын мәлім етті. Нақтырақ айтқанда, айғақтар Дүйсенқызының арызынан бөлек, Kaspі және Halyk банктері арқылы жасалған ақша аударымдары, Дүйсенқызы мен Жұмашевтың арасындағы әңгімелердің жазбалары (жасырын тергеу әрекеттері кезінде алынған) арқылы бекітілген. Э.Дүйсенқызы Жұмашевқа ақшаны құдағиының үйін кепілге қойып, банктен алып берген көрінеді. Алайда Жұмашев мұнымен келіспейді.
Жалпы Жұмашевқа шығарылған үкіммен әлі танысқанымыз жоқ. Дегенмен оның соттағы сөздері және үкімнен кейін журналистерге берген сұхбаты біраз сауалды көлденең тартады.
Жұмашев темір тордың арғы жағында тұрып журналистерге берген сұхбатында мемлекеттік қызметкер болғандықтан Дүйсенқызынан заңсыз ақшаны банк аударымдары арқылы алудың қисынға келмейтінін алға тартты. Шын мәнінде Дүйсенқызы оған қарыз болыпты. Ақша сол қарызды қайтару үшін аударылған екен. Қарыз алғаны жөнінде тілхат та бар көрінеді, бірақ сот оны назарына алмапты. Ол «Жаңа Қазақстанда» Дүйсенқызының «ақша бердім» деген құрғақ сөзімен сотталып отырғанын мәлім етті. Сонымен бірге ол қылмыстық істегі банктен қарызға алынған 60 миллион теңге үшін қайбір жылдары ҰҚК қызметкерінің сотталып кеткенін де атап өтті. Бұған сенуге бола ма?
Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы қызметін атқарған Жұмашевтың мамандығы заңгер. Ол бұл орынға білім саласындағы заңсыздықтарды ретке келтіру үшін тағайындалғанын, осы мақсатта талан-таражға түскен 7 миллиард теңгені анықтағанын алға тартып, қылмыстық істің бір ұшын осымен байланыстырды. Яғни, жемқорлық қылмыстарды әшкерелеген басшы әлдебіреулерге ұнамағанға ұқсайды. Биыл Түркістан облысында «Бухгалтерлер ісі» деген атпен белгілі қылмыстық істер бойынша аудандық білім бөлімі басшыларының, есепшілерінің сотталғаны белгілі. Бірақ осы істер бойынша шығарылған үкімдерде Жұмашевтың осы қылмыстық істердің қозғалуына ықпал еткені жөнінде ешқандай мәліметтер жазылмаған. Сондықтан мұның қаншалықты шындыққа сай келетінін сотталып кеткен білім бөлімі басшыларының өздерінен сұрау қажет шығар.
Жұмашев сондай-ақ, тергеу барысында өзіне қысым көрсетілгенін, тергеушінің егер кінәсін мойындамаса, жұбайының үстінен қылмыстық іс қозғайтынын айтып қорқытқанын, Дүйсенқызының жекеменшік мектептері арқылы бюджет қаражатын жымқырумен айналысқанын, оның өзінен көмек сұрағанын, ал бұл заңсыз тірліктерге қол ұшын беруден бас тартқанын, бар кінәсінің тек осы екендігін мәлім етті.
Қазір әлеуметтік желілерде Дүйсенқызының иелігіндегі білім ұяларында бюджет қаражатының жымқырылғаны жөнінде материалдар жарияланып жатыр. Алайда бұл фактілер Жұмашевтың ісіне пайдасын тигізіп, оның жазасын жеңілдете ала ма? Сіз қалай ойлайсыз?
P.S:Әзірге үкім күшіне енген жоқ. Жұмашев Жоғарғы сотқа дейін арыздана беретінін мәлім етті. Яғни, Түркістан облысының бұрынғы бас мұғалімінің ісіне нүкте қойылды деуге әлі ертерек. Үкіммен танысқан соң біз бұл тақырыпқа қайта оралатын боламыз.
«Рейтинг» газеті, 9 шілде 2025 жыл.