Саакашвили бәрімен ұрысып тынды

Oinet.kz 14-07-2019 755

Screenshot_7.jpg

Қайбір жылдары Грузияны шулатқан Михаил Саакашвили бір жылдан бері Украинаны да дүрліктірді. Мұндай да болады екен-ау. Спортта легионердің барын білеміз, ал саясатта да сырттан легионерді алдыруға болатынын дәл осы Саакашвили көрсетіп берді.  Бір елді басқарған адамның басқа елге барып қызмет етуінің өзі қызық қой. Бірақ, Саакашвили бұдан да асып түсті. 

Өз елінде бірқатар баптар бойынша айыпталған Саакашвили ақыры Грузиядан қашып тынған болатын. Еуромайдан өз қызметкерлерін далаға қалдырмайды ғой, Михаил Николозович Украинаны паналады. Жай паналаған жоқ, саяси амбицияларында мықтап тұрып пайдаланды. Киевтің майданында  жүріп мемлекеттік төңкеріске белсенді түрде шақырған ол көптеген саясаткерлерге ашықтан-ашық шабуыл жасады. Ара-тұра Ресейге қарсы қатқыл мәлімдемелер жасауын да ұмытпады. Осының арқасында украин саясаткерлері Саакашвилиді өзіне жақын тартып, көп ұзамай жаңа президент Порошенконың  кеңесшісі атанды. Дей тұрғанмен, Грузиядағы қоғамдық-саяси орта экс-президенттің өзге елдің ішкі шаруасына араласып, белсенділік танытып жүргенін қатты сынға алды. Мәселен, Грузияның премьер-министрі Ираклий Гарибашвили «Украинаның мемлекеттік  қауіпсіздік министрінің Саакашвилиден кеңес сұрап отырған кадрларды көріп, таңқалдым. Саакашвили – 2008 жылғы соғыстың алдын-ала алмаған адам ғой. Одан қай оймен кеңес сұрауға болады» деп ағынан жарылды. Бірақ, одан сескенетін, ұялатын Саакашвили бар ма?

Былтыр мамыр айында күтпеген жерден Саакашвили Одесса облыстық әкімшілігінің басшысы болып тағайындалып шыға келді. «Ескі төлқұжатыммен жүретін болса Грузияда сотталатын түрім бар», деп Грузия азаматтығынан  да бас тартты. Әдеттегідей жүрген жерінде сыбайластықпен ымырасыз күрес жүргізетінін ұрандатты. Осы бағыттағы шарасы ретінде 27 аудан басшысының 24-ін қызметтен қуды. Бос орындарға бүкіл ел бойынша ашық конкурс жариялап, «адал» қызмет атқарғысы келетін азаматтарды шақырды. 

2015 жылдың қыркүйек айында Украинаның премьер-министрі Яценюкті де сын садағына алып, оның реформаны дұрыстап жүргізбей отырғанынна тиісті. Бұған украиндер қатты таңданып, шектен шыққан грузинді орнына қойғалы жатқанда АҚШ-тың Украинадағы елшісі Джефри Пайет  көмекке келіп, «АҚШ мемлекеттік департаменті Саакашвилидің сыбайластыққа қарсы күресін қолдайды және Одессаны «Украинадағы реформалар лабораториясына айналуы тиіс» деп мәлімдеді.

 Бұдан соң кенет Саакашвилиді Украинаның премьер-министрі етіп тағайындауды талап еткен петициялар пайда бола бастады. Украин саясаткерлерінің шыдамы таусыла бастады. Киевтегі алқалы жиындардың бірінде сөз сөйлеп, «оталып кеткен» Саакашвилиге қарай Украинаның ішкі істер министрі Арсен Аваков  суға толы стаканды лақтырды. Оны қоштаған премьер-министр Яценюк Саакашвилиді «гастролер» деп атап, елден кетуін талап етті. Жүрген жерін  шулататын Михаил Николозович те қарап жатпай «Премьер-министрді ұры деп атағаныма өкінемін, алайда бұл шындық екеніне одан да қатты налимын» деп жауап қатты.   

Осылайша Украинаның саяси элитасының барлық мүшелерімен ұрысып шыққан Саакашвилимен жұмыс істеу мүмкін емес екеніне көпшіліктің көзі жетті. Ол сынамаған жалғыз ғана саясаткер – ел президенті Петр Порошенко еді.  Бірақ, атышулы грузин бұл олқылықтың да «орнын толтырды». Жуырда Одесска әкімшілігінің жетекшісі қызметінен кететінін мәлімдеген ол отставкаға кетуіне президентті кінәлады. «Порошенко Одессадағы екі қылмыстық кланды қолдап отыр, сондай-ақ ол Украинаны жауларға сатып тынды» деп айыптаған Саакашвили осылайша Украинадағы барлық дерлік саясаткерлерді өзіне қарсы қойып алды. 

Әйткенмен, сарапшылардың пайымдауынша осы арқылы Грузияиның экс-президенті Украинада өз бетінше саясат жүргізуді көздейтінін, жеке партияны құрып, билік үшін таласатынын алға тартуда. Алдағы уақытта елде  парламенттік сайлау өтпек.  Соған қарағанда, Саакашвили саяси карьерасындағы кезекті қадамын жасауға әзірленіп жатқанға ұқсайды. 

Бекбол Қалдыбек, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Түймебаев Әбдірахымовтың командасының жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалады
«Шымкентсити» «Ақтауситидің» кебін құшпай ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу