Қазақстан президенттік-парламенттік республика болып қалады--депутат
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Президенттің бір палаталы Парламент құру туралы бастамасына қатысты ойын ортаға салды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Халық қалаулысына: «Бір палаталы Парламент — парламенттік республикаға алғашқы қадам деуге бола ма?» - деген сауал қойылды.
— Жоқ. Бізде Президент ешқайда кетпейді ғой. Бізде президенттік-парламенттік республика. Тіпті, бір палаталы Парламент болса да, бәрібір президенттік-парламенттік республика болып қалады. Қазір ол автоматты түрде шешіледі, егер референдум өтсе және Конституция өзгерсе, аталған өкілеттік, шамасы, Парламентке өтетін сияқты. Қазір сайлау, партиялар қызметі туралы заңды қолға алдық. Менің ойымша, одан бөлек, Президент туралы заңды да мұқият қарау керек. Тәртіп толық әрі нақты жазылуы тиіс. Мысалы, АҚШ-та мұндай сұрақтар туындамайды, өйткені 28-ші шенеунікке дейін бәрі қарастырылған. Біз болашақта қандай жағдай болатынын білмейміз, сондықтан бұл тәртіпті барынша егжей-тегжейлі жазу өте маңызды, — деді Айдос Сарым Президенттің Қазақстан халқына Жолдауынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Халық қалаулысының айтуынша, 30 жыл бұрын қабылданған Конституцияда Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару туралы бөлек заң қабылданатыны жазылған.
— Біз соған енді ғана келдік. Әлемде әр қала мен ауыл өз мәселесін өзі шешеді. Бізде билікті беру жағдайы тек Сенатқа дейін ғана жазылған. Бірақ, жағдай басқаша болуы мүмкін. Мысалы, Польшада бір күнде бүкіл ел басшылығы қаза тапқан жағдай болған. Сол кезде кім келесі болуы керек? Бұл - үлкен дағдарысқа себеп. Мұның бәрін алгоритмге түсіру қажет, — дейді ол.
Сондай-ақ депутат бір палаталы Парламент құру мәселесі бір жыл бойы жан-жақты талқыланатынын мәлім етті.
— Арнайы орган, яғни Парламенттік немесе Конституциялық комиссия құрылуы мүмкін. Шешім қалай қабылданатыны туралы нақты алгоритм болуы керек. Референдум өткізбес бұрын заңдар дайын болуы тиіс. Сәйкесінше, заңнамаға өзгерістер енгізіліп, содан кейін ғана толыққанды жүйе қалыптасады, — деген пікірімен бөлісті А. Сарым.
Бүгін Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді.