Журналист Бажкенованың үстінен Бас прокуратураға арыз берілді
Orda.kz құрылтайшысы Бажкенованың әрекеттеріне байланысты Бас прокуратураға жүгінді деп хабарлады Zhas Alash порталы.
Орда.кз ақпараттық порталының 70% үлесіне ие құрылтайшысы Мақсат Ғаниев бас редактор Гүлнар Бажкенованың әрекеттеріне байланысты Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына ресми түрде жүгінді.
«ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының 43-бабына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Бас прокуратураға және өзге де уәкілетті органдарға ресми түрде жүгінемін. Orda.kz сайтының, сондай-ақ оның әлеуметтік желідегі барлық аккаунттарының жұмысын уақытша тоқтатуды талап етемін. Бұл шешім тәуелсіз аудит жүргізіліп, бас редактордың әрекеттері тексерілгенге және заңды басқару қалпына келтірілгенге дейін күшінде болуы тиіс», - деді Ғаниев. Ол қолында Бажкенованың әр жылдары түрлі сомадағы ақша алғанын растайтын көптеген қолхаттардың бар екенін айтып, бірақ бүгінге дейін одан қаржылық есеп алмағанын жеткізді.