Жылқы жылы түркістандық шенеуніктерді не күтіп тұр?
Сенесіздер ме, өтіп бара жатқан Жылан жылында Түркістан облысында бір ғана аудан әкімі жаңарыпты (Тамызда Сайрамның әкімі Арман Сәбитов Шымкентке шаһар басшысының орынбасары болып ауысып, қазанда ол босаған орынға – аудан әкімі қызметіне Мадияр Оразалиев сайланды). Мұндай жағдай бұған дейін болмаған. Жалпы, Оңтүстікте әкімдер жиі ауысатыны бесенеден белгілі. Жылына кем дегенде 3-4, ал облыс басшысы жаңарған жылдары әкімдердің жартысынан астамы айналдырған екі-үш айдың ішінде топалаң күйге түсетін еді. Биылғы кадрлық тұрақтылықты немен түсіндіруге болады?

Бұл сөз жоқ, биылдан бастап Президенттің бастамасы бойынша аудан, қала әкімдерінің қызметіне тек сайлау арқылы келетінімен байланысты. Мұны Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында тапсырғаны белгілі. Алайда жуырда Мәжіліс депутаттары аудан, қала әкімдерін сайлауды уақытша тоқтата тұру жөнінде ұсыныс білдірді. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев елеусіз қалдырған жоқ. Артынша республикадағы ауыл әкімдерінің елордада өткен жиынында бұл мәселені ақылға салып, асықпай тиімді шешім қабылдау қажеттігін атап өтті. Аудан, қала әкімдерін сайлау-сайламау мәселесі қалай шешіледі? Бұл жергілікті жердегі кадрлық мәселеге қалай әсер етеді? Жылқы жылы кімдерді жарылқайды? Кімдердің асығы алшысынан түседі. Кімдердің құзыреті ұзарады, кімдердікі қысқарады? Біз жаңа жылдың табалдырығында, ескі мен жаңаның тоғысында тұрып, осы мәселені сарапқа салып көрген едік. Сонымен...
Жалпы, дәл қазір кадрлық мәселеге келгенде облыс әкімдері өте қиын жағдайда отыр десек, қателеспейміз. Неге десеңіз, алда-жалда бір аудан әкімінің креслосы босай қалса, оның орнына лайықты кадрды отырғызу мәселесі нақты емес. Неге десеңіз, заң бойынша мұндай жағдайда бос тұрған орынға сайлау өтуі тиіс.
Алайда жоғарыда Мәжіліс депутаттарының мәлімдемесі мен Президенттің айтқан сөздерін келтірдік. Бұдан кейін сайлау өткізу де ақылға сыймайды. Ал әкімдерді тікелей тағайындауға заң мен тәртіп рұқсат етпейді. Не істеу қажет? Алайда өмір бір орында тұрған жоқ қой. Әкімдер келіп жатыр, әкімдер кетіп жатыр. Мәселен, бірнеше айдан бері Бәйдібек ауданы әкімі денсаулығына байланысты жұмысқа шыққан жоқ. Жұрттың айтуынша, алдағы уақытта да оның орынтағына оралуы неғайбыл. Ертең тағы бір әкім креслосымен қош айтысады. Келгендер қызметіне қалай тағайындалады? Жалпы, келесі жылы Түркістан облысындағы аудан, қала әкімдері арасында кадрлық өзгеріс көп бола ма? Кімдер жылы орнын суытуы мүмкін?
Жұртшылыққа белгілі, соңғы жылдары мемлекеттік қызмет туралы заңдарға енгізілген талап-тәртіп бойынша аудан әкімдері өздерінің қызметінде төрт жыл отырады. Осы талап-тәртіпке сүйенсек, жылқы жылында Түркістан облысында екі әкімнің мерзімі аяқталады.

Елмен санаспайтын әкім Ағыбаев ендігі жылы жұмыстан кетеді
Төрт жылдық мерзімі келесі жылы аяқталатын Жәнібек Ағыбаев басшылық ететін Келес ауданы дәл қазір ақпарат кеңестігінде «хитке» айналып тұр. Өткен аптада аудандағы елді мекендерді жалғап тұрған көпір құлап, бірнеше елді мекен байланыссыз, ауыз сусыз қалды. Екіарадағы қатынас үзілгендіктен мектеп оқушылары онлайн білім алуға көшті.
Жергілікті шенеуніктер көпірдің құлайтынын алдын ала білгенін, бәрі бақылауда болғанын айтып отыр. Алайда тұрғындардың журналистерге берген сұхбаттарына қарағанда олай емес сияқты.
Stan.kz ақпарат агенттігінің хабарлауынша, көпір қираудан үш сағат бұрын ғана жабылған. Соңғы өткен жолаушылар оның қисайып бара жатқанын байқап, әкімдікке хабар берген көрінеді.
«Ол негізі жазда қисайып тұрған. Істейміз, істейміз деп жүрді. Ана біреулер. Алдыңғы жылы бір істеп кетті. Одан кейін қалды ғой сол күйі. Цемент құямыз деді де сол күйі жоқ қой. Кеше түске дейін өтті ғой. Балалардың бәрі «Газельмен» кеткен. Түстен кейін құлап отыр. Екілерде өткен болса бестерде құлап отыр», – дейді ауыл тұрғыны Мұхит Орманов. Тұрғындардың айтуынша, көпірдің мүшкіл жағдайын олар аудан басшысына да айтқан.
«Мен екі жыл алдын шырылдап алдына талай рет бардым кездесуге. Сонда көпір құлағалы тұр деп айттым. Жарылды. Астында тірегі тимей тұр. Соны жазда іргетасын құйдыру керек еді қаражат шығарып. Келу керек еді мына жерге. Келмеді», – дейді тағы бір тұрғын Амангелді Анарқұлов.
Тұрғындар аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың мүлдем жұмыс істемейтінін де әлеуметтік желіде ашына айтып жатты. Ресми мәліметтерге қарағанда құлаған көпір облыстық жолаушылар және автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінде болған. Алайда аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев облыстық басқармаға тиесілі көпірге жауапты болмаса да халықтың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты екенін білмегені ме?
Халықтың жанайқайына неге уақытында құлақ аспаған? Көпір құлап түскенге дейін ай қарап жүрген бе? Келестегі көпірде болған төтенше оқиғада адам шығыны болған жоқ. Құдай сақтап қалған. Абырой болғанда халықтың өмірі ғана емес, жауапты шенеуніктер де өздерінің креслоларын сақтап қалды десек қателеспейтін шығармыз.
Оқиға орнына шұғыл жеткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, көпір 1970 жылы салынған екен.
– Негізі тоғызығы әбден жеткен. Жылдан-жылға біз ағымдағы жөндеуді жасап жүргенбіз. Алдыңғы жылы мәлімет бойынша жағаны бекіту жұмыстарын жасағанбыз. Бірақ ол да жеткілікті болған жоқ, – дейді З.Жолдасов.
2010 жылы көпірде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2024 жылы, яғни былтыр жоғарыда аталған басқармаға қарасты «Оңтүстік жолдары» мекемесі тарапынан жағалауды бетонмен бекіту және өзен түбіне ірі тас төсеу жұмыстары атқарылған. Бірақ жауапты басшылар бұған қанша қаражаттың жұмсалғанын айтқан жоқ. Көпірдің құлауына оның әбден ескіргені және тірек бағандары түбінің шайылуы себеп болған екен. Сонда былтырғы жұмыстардан ешқандай нәтиже болмағаны ма?
Кейбір мәліметтерге қарағанда, Келестегі көпірдің құлауына байланысты қазір құзырлы органдар қылмыстық іс қозғаған көрінеді. Шенеуніктердің өз міндеттеріне қаншалықты жауапты қарағаны тергеу-тексеру барысында анықталады деген үміттеміз.
Жалпы Келес ауданында елді мекендерді жалғап тұрған көпір құлап түскенге дейін пайдаланыла береді. Ал мектептер апатты жағдайға түсіп, балалардың өміріне қауіп төндіргенге дейін білім беруді тоқтатпайды.
«Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде біз Келес ауданы Ескіқорған ауылындағы ескі мектеп апатты деп танылып, оқушыларды басқа мектепке тасымалдап оқытуға көшкенін, ал аудан басшыларының «мектеп салып береміз» деп халықты бірнеше жылдан бері алдап келе жатқанын жазған едік. Осы материалдың көшірмесі әлеуметтік желіге жарияланған соң, оған Келес аудандық білім бөлімі жауап жазыпты.
«Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінің Ескіқорған елді мекенінде 300 орындық жаңа ғимарат салу бойынша тиісті құжаттар Құрылыс басқармасына ұсынылып, 29.09.2025 жылғы № TG-0242/25 санды оң қорытынды алынды. Қазіргі таңда аталған жоба бойынша облыс деңгейінде қаржы сұрату мақсатында қажетті жұмыстар Құрылыс басқармасы тарапынан жүргізілуде»,– делінген жауапта.
Сонда уақтысында Жәнібек Ағыбаевтың салып береміз деген уәдесі қайда қалды? Ол бойынша жасалған жобалар неге жүзеге аспады? Осындай құрғақ уәделермен тойдырып, халықтың жанайқайына құлақ аспайтын Ағыбаевтың ендігі жылы әкімдік мерзімі аяқталады. Елмен санаспайтын әкімнің төрт жылдық мерзімі біткен соң тағдыры қалай болатынына уақыттың төрелігін күтейік.

Тасов келгелі Кентауда шу азайды
Мерзімі аяқталатындардың алғашқысы Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов. Ол бұл қызметке 2022 жылдың тамызында тағайындалған болатын. Сол кездегі облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің ең соңғы тағайындаған әкімі Ж. Тасов осы қызметте жүріп үш бірдей облыс басшысымен жұмыс істеді. Еңбек жолында Түркістан қалалық әкімдігінде қарапайым бөлім инспекторынан бастап, қала әкімінің орынбасары лауазымына дейінгі барлық баспалдақтан өткен. Яғни, әкімдік жүйеде ысылған, тәжірибе жинаған кадр.
Жасыратын не бар, соңғы жылдары Кентаудың әкімі болған шенеуніктердің басынан түрлі жағдайлар өтті. 2019 жылы кеншілер қаласына әкім болған Дәурен Махажановтың 2022 жылдың ақпанында жол жөндеу жұмыстарымен айналысқан мердігерден 100 мың доллар пара алуға оқталды деген айыппен ұсталып, кейін сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілгені белгілі. Тағдыр деген қызық, Махажанов ұсталған соң Кентау қаласының әкімі лауазымына сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Рашид Аюпов тағайындалды. Сол 2022 жылдың тамызында ол қызметінен кетіп, артынша абақтыға жабылды. Кейін ол оншақты жыл бұрын танымал бизнесменнен Кәрім Мәсімов пен Ғабидолла Әбдірахымовтың атын жамылып миллиондаған долларды алаяқтықпен алды деген айыппен 10 жылға сотталып кетті. Кентауға бүкіл елді шулатқан осындай оқиғалардан кейін әкім болу кімге болса да оңай емес, әрине.
Сол жылдары Кентаудың әбден ескіріп, тозған коммуналдық саласында көп проблемалар болды. Жылу орталығы істен шығып, қақаған аязда қаланың жылу жүйесі қатып қалды. Жаңадан салынған тұрғын үйлерге жылу берілмей, тұрғындар шу шығарды. Тасовтың кезінде Кентаудың ұзаққа созылған осындай мәселелері біршама шешімін тапты. Соңғы кездері қалада көгалдандыру, шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында ілкімді істер бар. Бірқатар өндіріс орындары ашылды. Туризм бағытында ірі жобалар іске асты. Қаланың инфрақұрылымы, оның ішінде ауыз су, газ, жол мәселесі шешімін тапты. Үш бірдей облыс басшысының сынағынан сүрінбей өткен, әлі қырықтың қырқасына да ілінбеген Тасов 4 жылдық мерзімінің соңына дейін Кентаудың әкімі болып қызметін жалғастыра беруін ел құптап отыр. Одан кейін, не оған дейін іскер азаматқа басқа тәуір қызметтің тізгіні ұсынылуы әбден мүмкін.
"Рейтинг" газеті, желтоқсан, 2025ж


