"Шымсити саябағына Қонаевтың есімі беріліп, үлкен ескерткіш тұрғызылу керек!"
12 қаңтар – қазақтың біртуар тұлғасы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Айтулы датаға орай үш мәрте Соцалистік Еңбек Ері атанған тұлғаның Қонаев даңғылы бойындағы ескерткіші алдына гүл шоқтары қойылып, жиналған қауым тағзым етті.

«Дара тұлға Қонаев» атты еске алу жиынында Дінмұхаммед Ахметұлының ел дамуына өлшеусіз қосқан үлесі мен парасаттылығы сөз болып, зиялы қауым өкілдері жылы естеліктерімен бөлісті. Аталған басқосуда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, арда азамат Бекет Тұрғараев Д.Қонаевтың есімін қаладағы басты көрнекі жерлердің бірі, аумағы 45 гектардан асатын «Шымсити» саябағына беру және ескерткішін орнату керектігін айтып, қала басшылығының құлағына алтын сырға ретінде ұсынысын жеткізді. Жиында бұл бастаманы халық бір ауыздан қолдағандай болды. Қарқынды дамып жатқан шаһардың көркін кіргізіп тұрған аталған саябаққа Қонаевтың есімі беріле ме, жоқ па бұл алдағы күннің еншісіндегі тірлік.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері-заңгері, заң ғылымының докторы, профессор:
Ұсынысымды халық қолдап отыр
Жыл сайын Дінмұхамед Ахметұлының туған күнінде қала басшылығы, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары бюстінің алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым жасап, еске алып тұрады. Биыл да сол дәстүрді жалғап, нар тұлғаның ескерткішінің алдына жиналдық. Осыған дейін Ержан деген азамат Д.Қонаев пен Асанбай Асқаровтың қол алысып тұрған ескерткішін қояйық деп 10 жылдан аса уақыттан бері шапқылап жүрді. Бұл мәселені талай жиында да қозғады. Алайда бұл ұсыныс билік тарапынан қолдау таппады. Әкімдік өкілдері «екі саяси тұлғаға бір ескерткіш жарамайды, қойсаңдар бөлек қойыңдар» деген ұстанымдарын кесіп айтты. Сөйтіп бұл бастамадан ешқандай нәтиже болмады. «Адамзат қанша биік болса да заң аясында» дейді ғой. Біз де заңнан аттап кете алмаймыз, биліктің де өзінің ұстанған жолы бар. Қос тұлғаның ескерткішін біз рұқсатсыз қоюға мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан бұл бастама аяқсыз қалды.
Келесі жылы елімізде Қонаевтың 115 жылдығы болмақ. Қаламыз солтүстік бағытқа қарай өсіп жатқанын білесіздер. Заманауи тұрғын үйлер, әсем ғимараттар бой көтеруде. Сол маңда «Шымсити» атты үлкен саябақ ашылды. «Шымсити» атауының терең мағынасы жоқ. «Шым» дегені белгілі. Ал «сити» жалғауы ұлы адамдарымыздан артық емес. Сондықтан мен жиында осы саябаққа Қонаевтың атын берейік, ал саябақ алдына тұғырлы ескерткішін орнатайық деген ұсынысымды айттым. Саябақ ол күтіп ұстасаң мәңгі тұратын жер ғой. Сондықтан бүгінгі, келешек ұрпақ демалатын, серуендейтін, қала қонақтары бас сұғатын жерге қоғам қайраткерінің есімін беріп, ескерткішін қойсақ құба-құп болар еді. Бұл ұлы тұлғаның есімін жастарға ұлықтаудың керемет жолы болмақ. Бұл бастамамды халық қос қолдап қолдады. Жиында «Д.А.Қонаев атындағы» қоғамдық қорының басшысына қала әкіміне осы ұсынысты жіберейік дедім. Қор басшылары осы аптаның ішінде ұсыныс хаттың жобасын жасаймыз, өзіңіз секілді елге танымал азаматтар қол қойса жібереміз деді. Ел ағалары, зиялы қауым өкілдері бұл бастамаға қолдау білдіріп отыр. Ұлы саясаткердің 115 жылдығына қарай «Шымсити» Қонаев атымен аталса тіптен ғажап болар еді.
«Д.А.Қонаев атындағы» қоғамдық қор сонау 1990 жылдары құрылған болатын. Қорды Төлепбек Назарбеков деген елдің жақсы ағасы құрып, жылдар бойы абыройлы басқарды. Ол сол кезеңдерде ел азаматтарының басын біріктіріп, аталған қорға белгілі бір дәрежеде қаражат аударып, қаладағы қазіргі бюстті қойдырған. Ол кезде Шымкенттің өркендеп дамуы қазіргідей емес еді. Ал қазір үлкен көше бойында тұрған оның ескерткіші қуыршақтай болып көзге көрінбей қалғаны рас. Ол ескерткіш Қонаевтың атақ абыройына сай келмейді. Бірақ барға қанағат етіп жыл сайын сонда барып тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып жүрміз. Сол себепті ол ескерткішті Қонаев көшесі бойында орналасқан көрнекті мемлекет қайраткерінің музейінің алдына қоясақ жөн деп есептеймін. Ал жаңа саябаққа үлкен жаңа ескерткішін қойғанымыз дұрыс. Шымқаламызда Абай саябағы бар. А.Асқаров атындағы дендросаябағы бар. Бұрынғы «Жеңіс» саябағы қазір С.Рахымов есімін иеленді. Сондықтан Қонаевтың рухы да, әруағы да, көсемдігі де бір саябақты алып тұруға жеткілікті. Карл Маркс пен Энгельс секілді Қонаев пен Асқаровты қол ұстастырып қою міндет емес. Міне, осы ойымның барлығын кешегі жиында көпшілікке жеткіздім. Айтылған сөз атылған оқ. Сөзіміз жерде қалмас, әкімдіктегілер ойланар, қолдар деп сол жерде тарқадық.

Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ, қоғам қайраткері:
Қонаев бұл құрметке әбден лайық
Д.Қонаев – ел тарихында өшпес із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері. Оның басшылығы тұсында Қазақстан экономикасы дамып, өнеркәсіп, ғылым, мәдениет пен білім салалары жаңа деңгейге көтерілді. Қарапайымдылығы, әділдігі мен биік адамгершілігі арқылы ол халықтың зор құрметіне ие болды. Сондықтан үшінші мегаполисте бұл бастаманың көтерілгеніне қуаныштымын және қолдаймын. Себебі Дінмұхаммед Ахметұлы бұл құрметке әбден лайық. Елімізде оның аты берілген нысандар көп шығар. Солардың қатарында Шымкенттегі ең үлкен саябаққа есімі берілсе орынды болады деп есептеймін. Қонаев даңғылының бойындағы бюсті тұра бергені жөн. Ал тұғырлы жаңа ескерткіші саябаққа орнатылса жарасымды болар еді. Бұл ұсынысты қала халқы қолдайды деп ойлаймын.
"Рейтинг" газеті


