Стамбұлдың экс-мэрі 2400 жылға түрмеге тоғытылуы мүмкін
Түркияда Стамбұлдың бұрынғы мэрі Экрем Имамоғлыға қатысты резонансты сот процесі басталды. Оған парақорлық пен тендерлерді бұрмалаумен айналысқан қылмыстық ұйымды басқарды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Оinet.kz.

Daily Sabah агенттінің хабарлауынша айыптау қорытындысында барлығы 407 күдікті көрсетілген, олардың 100-ден астамы қамауда отыр. Прокурорлардың мәліметінше, бұл желіге муниципалитеттің жоғары лауазымды шенеуніктері мен кәсіпкерлер кірген. Тергеу нұсқасына сәйкес, ұйым муниципалдық тендерлер мен қаржылық операцияларға байланысты әртүрлі бөлімшелер арқылы жұмыс істеген.
55 жастағы Экрем Имамоғлыға140-тан астам айып тағылған. Егер ол барлық бап бойынша кінәлі деп танылса, прокуратура экс-мэрге 849 жылдан 2400 жылдан астам мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр.
Бұл іс бойынша тағы бірнеше муниципалдық қызметкер мен әкімшілік өкілдеріне де айып тағылған. Тергеу олардың аталған желіде басшылық қызмет атқарғанын алға тартады.
9 наурызда өткен алғашқы сот отырысында Экрем Имамоғлы тыңдау басталғанда сөз сұраған, алайда судья оған рұқсат бермеген. Сол кезде ол мінберге жақындап, сөйлеуге мүмкіндік беруді талап еткен. Сот залында дау туып, тыңдау түстен кейінге қалдырылды.
Кейін оның адвокаттары судьялар алқасына сенімсіздік білдіріп, оларды істен шеттету туралы өтініш жасаған. Алайда сот бұл талапты қанағаттандырмады. Сот процесі 10 наурызда жалғасады.
Айта кетейік, Экрем Имамоғлы 2025 жылдың 23 наурызында қамауға алынып, Силивридегі Мармара түрмесіне орналастырылған. Осыдан кейін Стамбұл қаласында жаппай наразылық акциялары өткен. Сол кезде Қазақстан азаматтарына Tүркия еліне барудан уақытша бас тарту ұсынылған еді.
Сонымен қатар 2025 жылдың шілдесінде экс-мэр прокурорды қорлады деген іс бойынша 1 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған болатын.


