Әзімбек әкімді не түлен түртіп жүр?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік десе, жүрегі елжіреп, қасиеті қонған өңірге ерекшелеу көңіл-күймен, көзқараспен қарайтынын Ұлыстың Ұлы күнінде Түркістанға жасаған сапарында да байқатты. Президент Түркістан төрінде екі-үш жыл бұрын тікелей өзінің бастамасымен дүниеге келген «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына қатысты нақты тапсырмалар берді.
--Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс,--деді Мемлекет басшысы.
Алайда Түркістан қаласының әкімі, соңғы уақытта ақпарат құралдарында «тірлігі бардак шенеунік» атанып жүрген Әзімбек Пазылбекұлы «Таза Қазақстан» бастамасын көзбояушылыққа айналдырып, тіпті сыбайлас жемқорлықтың, қазына қаржысын қымқырудың көзіне айналдырып алған жоқ па деген күдігіміз басымдау болып тұр. Тарқатыңқырап айтайық.
Көзі қарақты, санасы ояу оқырманның есінде болар, бұған дейін «Рейтинг» газетінде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлына қатысты сын мақала жарияланған болатын («Түркістандағы «бардак», Әзімбек әлсіз әкім болып тұр», «Рейтинг» газеті, №7, 25 ақпан 2026 жыл). Бұл жолғы мақаламызды осыдан біраз уақыт бұрын Түркістан облыстық мәслихатында қаралған мына бір мәселеден бастағанды жөн көріп отырмыз. Сессияға сол күні Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы келіп, қасиетті қалаға облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттардың жұмсалуына қатысты есеп беруі тиіс еді (бірақ сол күні облыс басшысы Нұралхан Көшеровтың түркістандықтармен кездесуі тым ұзаққа созылып кетуіне байланысты қала басшысы жиынға келе алмады). Пазылбекұлының орнына есеп беру үшін мінбеге оның экономика саласы бойынша жауапты орынбасары Аманжол Бекбол көтерілді. Сессияда Түркістан қаласының коммуналдық саласына, оның ішінде қаланың тазалығына қатысты бірнеше сауал қабырғасынан қойылды.
--Сіздерде «Түркістан Жарық-Тазалық» деп аталатын серіктестік (ЖШС) бар. Осы кәсіпорынға былтыр жыл соңында 2 млрд теңге мемлекеттік тапсырысты бір көзден бергенсіздер. Бұл жұмыстар неге ашық бәскелестік арқылы берілмеген? Аталған кәсіпорында былтыр жұмысшылар саны 367-ден 531-ге, яғни бір жылда 164 штатқа көбейген. Алайда мекемеде өндіріс пен жұмыс көлемі көбеймеген, керісінше төмендеген. Бұған не айтасыз?,—деген депутаттың сауалына әкім орынбасары нақты жауап бере алмай қипақтап қалды.
А.Бекбол қазір тазалыққа талаптың күшейгенін, қалада 800-ден астам көше, 170 қоқыс алаңшасы барын, осыларды ескере отырып тазалыққа қатысты жұмыстарды серіктестікке бір көзден беру туралы шешім қабылданғанын алға тартты. Жауап тым жалпылама болып бара жатқан соң сұрақ қоюшы депутат:
--Мемлекеттік тапсырысты бір көзден беру заңды ма заңсыз ба, соны айтыңызшы,--деді. Алайда А.Бекбол бұл жолы да нақты ештеңе айта алмады. Оның берген жауабының сұйылып бара жатқанын байқаған Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев:
--Заңсыз екенін мойындап отыр ғой. Бұл бойынша шара көрілген дейді. Осы жауапқа қанағаттанасыздар ма?—деді залға қарата. Әкім орынбасары үндеген жоқ. Үнсіздік келіскеннің белгісі екенін көпшілік айтпай түсінді.
Соныменен бұл неғылған кәсіпорын, неғылған мемлекеттік тапсырыс?
Біз алдымен мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерді қарап шықтық. Расында да Түркістан қаласының санитарлық тазалау жұмыстарына деп қазынадан 2026 жылға 2 млрд 60 млн. теңге бөлінген. Барлық жұмысты «Түркістан Жарық -Тазалық» ЖШС былтыр желтоқсанда бір көзден ұтып алған. Бақандай 15 келісім жасалған. Енді осы келісім шарт бойынша атқарылуға тиіс жұмыстардың тізбесіне тоқталайық:
--бордюрлер (қолмен тазалау) – 1 млрд теңге; жолды тазалау (бордюрдың түбін топырақтан қолмен тазалау)-- 46 млн теңге; жолды тазалау (бордюрдың түбін топырақтан трактормен тазалау),- 164 млн теңге, жолды су шашатын көлікпен тазалау – 104 млн теңге; арықтарды тазалау – 28 млн теңге; ені 7 метрлік жолдарды шаң мен лайдан су шашатын көлікпен тазалау – 4,4 млн; құрылыс алаңдары мен жолдарды қардан қолмен тазалау -88 млн теңге; қар тазалаушылармен тазалау -1,4 млн теңге; жолға құм мен тұз себу – 3,5 млн теңге; участокты қоқыстан тазалау – 160 млн теңге; тротуарларды қолмен тазалау – 98 млн теңге деп көрсетілген.
Осы мәліметтердің өзі «Түркістан Жарық -Тазалық» ЖШС-іне тапсырыс беруде біраз күдікті жәйттардың барын байқатады. Мұның ішінде бірінші кезекте тапсырыстың бәрі бір көзден берілгеніне назар аудару керек. Мемлекеттік сатып алу заңы бойынша «бір көзден алу» тек төтенше немесе шұғыл жағдайларда, әйтпесе нарықта балама болмағанда қолданылуы тиіс. Ал Түркістанның көшелерін, бардюрлерді қолмен, трактормен тазалап шығу шұғыл немесе нарықта басқа компаниялардың қолына келмейтін іс болғаны ма? Қалай болғанда да бұл жұмыстар бәсекелес ортада (жеке компаниялар арасында) тендер арқылы өткізуі тиіс еді. Ал енді қалалық әкімдік мұны неге бір көзден өткізіп жіберді? Мұның арғы жағында біраз гәптің бары анық. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, осыншама жұмыстардағы шығындардың шынайлығы күмән тудырады. Өзіңіз қарап көріңіз, бордюрлерді қолмен тазалау – 1 млрд теңге. Бұл бүкіл келісімшарттағы қаражаттың тең жартысын құрайды. Бұған бөлінген қаражаттың басым бөлігі жұмысшының жалақысына жұмсалатыны, ала көше тазалаушылардың жалақысының тым көп еместігі айтпаса да түсінікті. Ал, егер жұмысшының айлығы 150-200 мың теңге десек, осы соманың өзі-ақ, кәсіпорындағы қызметкердің бір жылдық жалақысын құрауы мүмкін. Сонда қалған 1 млрд теңге қайда жұмсалады? Әзімбек әкім бастаған түркістандық атқамінерлерге сыйақы ретінде беріле ме? Түркістанда қар көп жаумайтынын ескерсек, қар тазалауға және тұз себуге бөлінген миллиондаған қаржының қалай игерілгені де үлкен сұрақ туындатады.
Біз жоғарыдағы фактілерді алға тартып, Түркістан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына журналистік сауал да жолдаған едік. Бірақ неге екенін белгісіз, басқарма жауап әзірлеу үшін хатымызды Түркістан қалалық әкімдігіне жіберіпті. Сонда қалай? Басқарма басшысы Ақәділ Сатыбалдының мұнысын түсінбедік. Бұл әлде «өздері жасаған былықтарына үшін өздері жауап берсін» дегенді меңзей ме? Хош, сонымен редакциямызға жауап Түркістан қалалық әкімдігіне қарасты коммуналдық шаруашылық бөлімінен келді.
--Қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында санитарлық-тазалық жұмыстарын жүзеге асыратын «Түркістан Жарық-Тазалық» ЖШС мекемесі тіркелген. Аталған мекемеге Қазақстан Республикасы Президентінің «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару қызметтерін ұйымдастыру міндеті жүктелген,-деп басталған хатта (Президенттің «Таза Қазақстаны» шыққанға дейін Түркістанда қоқыс шығарылмаған ба, ол жұмыспен ешкім айналыспаған ба, сонда?).
Жауапта серіктестіктің қажетті техника мен штаты әлі қалыптаспағаны әңгіме болады. Шамасы кәсіпорынға миллиардттарды бір көзден бере берудің арғы жағында осы проблеманы шешу жатқанға ұқсайды. Сонымен қатар, серіктестікпен келісімшарттар жаңа жұмыстарға арналмағаны, олар 2022 жылы жасалған келісімшарттар бойынша қарастырылған қаражаттың игерілмей қалған бөлігіне байланысты рәсімделгені келтірілген.
--Мекеменің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, 600-ден астам қызметкердің жалақысын уақытылы төлеу және облыс орталығының санитарлық тазалығын тиісті деңгейде сақтау мақсатында 2026 жылы санитарлық-тазалық жұмыстарын мемлекеттік сатып алу талаптарына сәйкес ашық конкурс арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр,-делінген хат соңында.
Яғни, бөлім немесе Түркістан қалалық әкімдігі осы уақытқа дейін «Түркістан Жарық -Тазалық» мекемесіне мемлекеттік тапсырыстарды беруде заң талаптарына сәйкес жұмыс істемегенін мойындап отыр ғой. Хатта осыншама заңсыздықтар үшін кімнің жауапқа тартылғаны келтірілмеген. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының бұл жағдайға ешқандай қатысы жоқ деп кесіп айтуға болмайды, әрине. Қайта керісінше, ол тікелей қала басшысының тапсырмасы бойынша жасалған болуы да әбден мүмкін. Өйткені кез-келген әкімдікте бірінші басшының келісімінсіз ештеңенің істелмейтіні бесіктегі балаға да белгілі ғой.
Айтпақшы, осы журналистік зерттеу барысында байқағанымыз, Түркістан қалалық әкімдігі басқа мақсатқа қаралған қаражаттарды да кері қайтарып алып, «Түркістан Жарық-Тазалық» мекемесіне беріп отырған. Түркістан қалалық әкімдігінің осындай әрекетін заңсыз деп таныған сот шешімімен де танысып шығудың сәті түсті. Сонда бұл неғылған еркінсу, заңды белден басу?
Жалпы, коммуналдық саладан, оның ішінде тазалық, абаттандыру, инфрақұрылым саласында қаржы жымқыру бүгінде ең кең таралған әдіс-тәсілдердің бірі десек, мұнымен көпшілік келісетін шығар. Атқамінерлер қағаз жүзінде 500 адам жұмыс істейді деп көрсетіп, іс жүзінде 100 адамға ғана жалақы төлеуі мүмкін емес пе? Су шашатын көліктердің жүрген жолын (километраж) немесе қолмен тазаланған аумақты іс жүзіндегіден бірнеше есе көп етіп жазса ше? Тракторлар мен арнайы көліктердің жанар-жағармай шығындары негізсіз көбейтілсе көріп, біліп, анықтап үлгермейтін әдіс қой. Нәтижесінде қазынадан бөлінген миллиардаттардың басым бөлігі ортада жолдағы атқамінерлердің қалтасында кетіп жатса «қой» дейтін қожа, «әй» дейтін болмай тұрған сияқты. Біздің байқауымызша, Түркістан қалалық әкімдігінде де осындай жағдай орын алған болуы әбден мүмкін. Шенеуніктердің тазалық жұмыстарына бөлінген қаражатты ашық конкурсқа шығармай, бір көзден беруде күдік-күмән көп. Мұның арғы жағында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жатыр. Өздерінің ішкен-жегендерін Президенттің, үкіметтің тапсырмасымен байланыстыру баяғыдан келе жатқан үйреншікті жағдай ғой. Ал енді тиісті құзырлы мекемелердің мұның заңсыз екенін білсе де білмегендей сыңай танытып отырғанын немен түсіндіруге болады? Бұл кімнің ықпалы? «Сиынғанынан сүйеушісі мықтылар озып жатқан заманда» текті әулеттің тұяғы, әкімдер династиясының өкілі Әзімбек Пазылбекұлының ба?
Біз осы мәселеге байланысты Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне де журналистік сауал жолдаған болатынбыз. Жауап өткен аптада келді. Осы жауапта департамент Түркістан облысының табиғат қорғау прокуратурасынан Түркістан қаласы әкімдігі Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі мемлекеттік мекемесінде бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылған мемлекеттік сатып алуларды тексеру жөнінде ұсыныстар келіп түскені келтірілген. Не де болса әліптің артын бағып көрелік.
P.S. Айтпақшы, Әзімбек әкімнің осындай «ерен еңбектері» ескерілген шығар, Ұлыстық Ұлы күнінде ол «Құрмет» орденімен марапатталды.
«Рейтинг» газеті, 1 сәуір 2026 жыл.


