Ислам Әбішев кланаралық кикілжіңнің құрбаны ма?

1552628595_40f05cbfca47098d0a62a35928fdf4fd253da622.jpg

Ислам Әбішев Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметін атқарған жылдары мемлекеттің 1 триллион 300 миллиард теңгесін үнемдеген. Оның осы  үнемдегіштігі, билікке деген тым адалдығы бюджеттің қаржысын талан-таражға салып, тендерден нан тауып жүрген әлдебіреулерге ұнамаса керек. Зейнеткерлікке шығуына бар-жоғы 2 ай қалған Әбішевтің ірі көлемде пара алды деген айыппен ұсталуы осымен байланысты болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, әлдебіреулер нәпақасынан айырғаны үшін Әбішевтен есе қайтармақ болған көрінеді.    

Өткен аптада Астанада ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Ислам Әбішевтің адвокаты Абзал Құспанов осындай мәлімдеме жасады. Адвокаттың айтуынша, Ислам Әбішев тергеуде болған бес ай ішінде төрт мәрте инфаркт алған. Бірақ осыған қарамастан тергеушілер оны  не тілхатпен, не кепілмен бостандыққа жібермеген. Кейінгі жылдары заң, құқық қорғау жүйесі ізгіленіп жатқан кезде Ұлттық бюроның мұнысы мүлдем түсініксіз. Ислам Әбішевтің ісіндегі  түсініксіз жәйттар бұл ғана емес.    

Естеріңізге сала кетсек, экс-төрағаға 60 миллион теңге пара алды деген күдік келтірілген болатын. Наурызда Ұлттық бюроның  ресми өкілі Жанна Бастарова баспасөз мәслихатында, Су ресурстары комитеті басшысы Ислам Әбішевпен бірге Халықаралық “Қазақ күресі” Дүниежүзілік федерациясы” қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Серік Төкеевтің де (Ислам Әбішевтің өзі аталған федерацияның президенті қызметін атқарған) ұсталғанын мәлімдеген болатын.     

- Олар бопсалау арқылы мердігер ұйым өкілінен “Соколов топтық су құбырының реконструкциясы және ауылдық жерлерге су жеткізетін таратушы торап құрылысы” қызметі бойынша 5,8 миллиард теңгелік мемлекеттік сатып алу келісімшартын ұйымдастырғаны үшін 60 миллион теңге пара алған деп күдіктелуде, - деді ресми өкіл. Параның бір бөлігі Ислам Әбішевтің туған інісі Қаныбек Әбішевке берілген. Қазіргі уақытта Серік Төкеев те абақтыда отыр.  

Егер Ислам Әбішев өзіне тағылған айыптарды мойындайтын болса, оның мемлекетке төлейтін айыппұлдың көлемі қанша болатынын өзіңіз есептей беріңіз (Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлімімен айыпталған адамға алған парасының кем дегенде жетпіс еселенген мөлшері көлемінде айыппұл салу көзделген). Ал мойындамаса, онда ұзақ жылға бас бостандығынан айырылуы әбден мүмкін. Мемлекеттік қызметтегі керемет карьерасын осылайша өте өкінішті жағдайда аяқтау кімге де болсын оңай емес, әрине.  

Ислам Әбішев мемлекеттік қызметке екі мыңыншы жылдары бизнестен келген. Ордабасы ауданының әкімі болды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары қызметін бірнеше ай атқарып, артынша бірінші орынбасарлыққа жоғарылады. Бірінші орынбасарлықты  2003 жылдан бастап 2009 жылға дейін табан аудармастан атқарды. Осыдан кейін бір кездері мемлекеттік қызметке келуіне ықпал еткен Бердібек Сапарбаевтың шақыртуымен Өскемен қаласының әкімі лауазымын абыроймен атқарды.  2012 жылы Комитетке ауысқан кезде өскемендіктер әкімдерін қимай, әужайға дейін шығарып салғаны ақпарат құралдарында кеңінен жарияланған еді. Иә, айтпақшы, шығарып салу жиынында Бердібек Сапарбаев Ислам Әбішевтің кандидатурасы сол кездегі Үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімовтің ұсынысымен таңдалынып алынғанын айтқан еді. Кеше Үкіметке өте қатты керек болған кадр бүгін міне, абақтыда отыр.  

Абзал Құспановтың айтуынша, Ислам Әбішев пара алу үстінде ұсталмаған. Осы жөніндегі Ұлттық бюроның мәлімдемесі жалған. Оған тек пара алуға оқталды деген айып тағылған.  

- 366 баптың 4-тармағы бойынша айып тағылып отыр. 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Іс бойынша дәлелдемелер жоқ,- деді адвокат баспасөз мәслихатында. Ал пара берді деген Шаймерденов бұрын қаржы полициясында жұмыс істеген көрінеді. Бірақ, Әбішев ол азаматтан ақша сұрамаған, тіпті бас тартқан. Параны алғаны туралы ешқандай фиксация жоқ.  

-11 қыркүйектен 12 қыркүйекке қараған түні, сағат 22:00 мен 2:00 арасында Ұлттық бюро қызметкерлері себепсіз Ислам Әбішевтің бүкіл туыстарының үйіне тінту жүргізді. Осы баспасөз мәслихатының өзіне аталған тараптан кедергілер көп жасалды, - деді адвокат. 

Тергеушілердің түн уағында тінту жүргізгенінің өзі - заңсыздық.  

Ал Ислам Әбішевтің абақтыдан жолдаған сұхбаттарына қарағанда, төрағалық қызметте жүрген шағында, артық ақшаны мемлекет қорына қайтармау үшін оған 2 миллиард теңге пара ұсынғандар да болған көрінеді. Енді айыпталушы жазаға кесілген күннің өзінде бар шындықты жұрт алдында жайып саламын деп отырғанға ұқсайды. Адвокат сот отырысы жабық емес ашық өтеді деген сенім білдірді.  

- Қазіргі тергеу амалдары қырқыншы жылдарғы Гестапоны, отызыншы жылдарғы НКВД-ны еске түсіреді. Нюрнберг процесінің өзі мұншама уақытқа созылған емес,- деді баспасөз мәслихатында Ислам Әбішевтің әрі досы, әрі ағасы есептелетін жазушы Дулат Исабеков. Ол Елбасының «су мәселесіне келгенде Әбішевке қана сенемін» деген сөзін еске салып - Мемлекет қаржысын сақтап қалған адамды қалайша себепсіз жазаға тартуға болады?! – деді.  

Енді Ислам Әбішевтің мемлекет қаржысын қалайша сақтап қалғанына тоқталсақ. Экс-төрағаның абақтыдан адвокаты арқылы жолдаған сұхбатында (бұл сұхбат «Абай» порталында жарияланды)  ол бір ғана «Астана» су қоймасының құрылысын жүргізу барысында 29 миллиард теңгені үнемдегенін жан-жақты баяндапты. 

– Астана су қоймасын қоршауға мемлекеттен шектен тыс көп қаржы бөлінген – 31 млрд теңге! Жаңа құрылыс емес, тек қоршауға осыншама қаржы бөлінгеніне таңғалмау мүмкін емес. Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары боп тұрған жылдары өзім бастан-аяқ құрылыс жұмысына қатысқан жап-жаңа Көксарай су қоймасына мұнша ақша жұмсалмаған. Көксарай су қоймасының көлемі Астана су қоймасының көлемінен әлдеқайда үлкен – 3 миллиард текше метр су сақтайды. Ал Астана су қоймасына 450 миллион текше метр су жиналады. 450 миллион мен 3 миллиардтың айырмасын есептей беріңіз. 2008-2011 жылы жаңадан салынған Көксарай су қоймасына 45 миллиард теңге жұмсалған. Жап-жаңа құрылысқа. Ал одан 6,5 есе кіші, небәрі 450 миллион текше метр су қоймасының болмашы жөндеу жұмыстарына мемлекеттен 31 миллиард теңге бөлінген. Жобаның бүге-шігесіне дейін есептей келе, бөлінген қаражаттың 29 миллиардын кесіп тастап, Астана су қоймасын қоршау, жөндеу жұмыстарын 2 миллиард қаржымен бітірдік,- дейді сұхбатта Ислам Әбішев.  

Осыдан кейін комитетте жаппай тексеріс болған.  

— Құқық қорғау орындары біздің соңымызға шырақ алып түсіп, ақшасы үнемделіп салынған нысандарды барынша ыждаһаттылықпен, инемен құдық қазғандай тексерумен болды. Ол тексерулерді мені тұтқындағанға дейін бір тоқтатқан емес. Алты - жеті ай тексерудің нәтижесінде іс жүзінде ештеңе таба алмай, тек бір объектіден 7-8 миллион теңгенің топырағы жетпейді деп шығарды. 2013 жылдың басында тексерушілер жұммысты тоқтатып тастап, құлшына тексеруге кірісті. Сол тексеру 2013, 2014, 2015 жылдарға дейін созылды. Топырақтың көлемін, сапасын тексеру үшін Қарағандының КАЗМИИР мекемесі жалданып, мемлекеттің 40 миллион теңге ақшасы тексеруге жұмсалды.  Сондағы анықталғаны мынау болды: жиналған топырақ 15-16 мың текше метрге жетпейді. Ал бұл топырақты төрт күнде құрылысшылар тасып әкеп тастады. Жетпейтін топырақтың жұмысымен қосқандағы құны – 6-7 миллион теңгеден аспайтын еді. Осыған байланысты 2-3 адам шартты сотталды да. Өздеріңіз ойлап көріңіздер, 15 мың текше метр топырақ, жалпы тасылған топырақтың 0,5 пайызын құрайды екен, оның үстіне үш жыл ішінде желмен де ұшуы мүмкін. Сол үшін тек қарағандылық мекемеге 40 миллион теңге жұмсалып, қаншама адам іссапарға барып, үш жылда бұл жұмыспен айналысып, қаншама шығындар жұмсалды. Оның үстіне  жиналған топырақты су шаймау үшін 2013-2014 жылдары қоймаға жиналуға тиісті 5,2 миллиард текше метр судың орнына 4 миллиард судан асырылған жоқ. Яғни, екі жыл 2,4 миллиард текше метр таза мөлдір суды Өзбекстанның территориясына жіберуге тура келді. 2013 жылдың маусым айында бәріне қолымды бір сілтедім де, қызметтен кеттім. Өзіміздің отбасылық бизнесте, қызым басқаратын компанияға инженер болып орналасып, 320 мың теңге айлықпен жұмыс істей бастадым. Әжептеуір денсаулығым дұрысталып, өзімнің рухани өсуіме, ағылшын тілін үйренуге, домбыра үйренуге уақыт жұмсай бастадым. Бала-шаға, немерелермен, іні-қарындастарыммен көбірек бірге болу мүмкіншілігі көбейе бастады. Мұның өзі керемет әсер етіп, өмірдің ең қызығы тек жұмыс істеу емес, өз отбасыңмен, ағайын-туыстарыңмен, жора-жолдастарыңмен тығыз араласып қарапайым ғана өмір сүруде екендігіне көзім толық жетті. Ол кезде қайтадан жұмысқа, өз қызметіме келуді ойлаған жоқпын,- депті Әбішев осы сұхбатында. Бірақ Ислам Әбішевтің арада біраз уақыт өткенде Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметіне екінші қайтара келгені белгілі.  

Ал өзге ақпарат құралдарына берген сұхбатына қарағанда Ислам Әбішевке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының тергеушілері жоғары лауазымды шенеуніктер – Өмірзақ Шөкеев, Асылжан Мамытбеков, Бердібек Сапарбаевтардың үстінен арыз айтса, тұтқыннан босатылатыны туралы ұсыныс айтылған көрінеді. Ислам Әбішевпен бірге тұтқындалған «Дүниежүзі қазақша күрес» федерациясының вице-президенті Серік Төкеевтің қорғаушысы  Ерлан Мәкенов дәл осындай ұсыныстың Серік Төкеевке жасалғанын, егер ол Ислам Әбішевтің үстінен шағымданса, тұтқыннан босатуға уәде берілгенін жеткізген. Ақпарат құралдарында экс-төрағаны кланаралық кикілжіңнің құрбаны болды деп жазып жатқандар да бар.  

Әрине, сот экс-төрағаның қазынаның триллиондаған теңгелерін үнемдеп қалғанына аса көп назар аудармауы мүмкін. Сот адамның нақты тағылып отырған айып бойынша кінәлі немесе  кінәлі еместігіне ғана төрелік айтатыны түсінікті ғой. Ал бізге нақты тағылып отырған айып бойынша көп мән-жай белгісіз.  

Ең қызығы мынада, жалпы Ислам Әбішевке жала жабылғаны туралы мәселе әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында біраздан бері көтеріліп келеді. Міне, баспасөз мәслихаты да өтті. Іске мүйізі қарағайдай жазушылар, адвокаттар пікір білдіріп жатыр. Ал Ислам Әбішевтің ісін жүргізген Ұлттық бюро мен прокуратура үндемейді.  Олар неге үндемейді? Әлде үндемегендік келіскендіктің белгісі ме?  

Жәнібек Тархан, 

"Рейтинг" газеті, №36, 19 қыркүейек, 2019 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 10 қаңтарға дейін оқытушылардың еңбекақысы 50 пайызға дейін артады
  • 12 дүркін әлем чемпионы басқарма басшысы болып тағайындалды
  • Елімізде нан мен ет бағасы қымбаттайды
  • Ұлттық банк төрағасы енді кредит кімдерге берілмейтінін айтты
  • ІІМ Қуандық Бишімбаевтың заң бойынша босап шыққанын айтты
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика