Ербол Садыр неге екі сөйлейді?

Oinet.kz 23-08-2019 1106

otyrar_kz-00249.jpg

Өзінің пікірін күн санап өзгерте салатын адамды атам қазақ «табанының бүрі жоқ» деп атаған. Кейінгі кездері билікте қалыптасқан жағдайға қарай тез өзгеретін  осындай тайғанақ кадрлар көбейіп бара жатқан сияқты. Табанының бүрі жоқтардың бір қасиеті жоғарыдағы басшыларының алдында шыбындаған аттай бас изей береді, жағымпаздыққа келгенде алдына жан салмайды, бастығының ыңғайына қарай өзінің ойын, пікірін тез өзгертеді. Мұндай бейімделгіш кадрдың жолы болғыш келеді. Қызметі тез өседі. Бірақ абырой беделі өшпесе, өспейді. Бүгін былай, ертең олай, ал бүрсүгіні мүлдем басқаша «сайрай» салатын адамда қандай абырой болады дейсіз?! 

Өткен аптада Өңірлік коммуникациялар қызметінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр журналистерге арнап  брифинг берді. Осы брифингте орынбасарға «облыста басқармаларды бір-біріне қосу, одан кейін қайта бөлу қаншалықты тиімді болды?» деген «Рейтинг» газеті тілшісінің сұрағы қойылған болатын. Ербол Садыр іркілген жоқ. 

-Бөлініп, қайта қосылып жатқан басқармалар идеология саласына қатысты. Мәселен, мемлекеттік саясатқа байланысты жастар ісі жөніндегі басқарманы қайта құруға тура келді. Діни экстремизмге байланысты дін істері басқармасы қайта бөлінді. Бұл өзгерістердің экономикаға әсері болды ма деуіңіз мүмкін. Иә, өте үлкен әсері  бар, өйткені экономиканың дамуы мемлекеттің тұрақтылығына, елдің ауызбіршілігіне байланысты,- де-е-е-п отыр әкім орынбасары!

Апырай, осыдан екі жыл бұрын да Ербол Садыр дәл осылайша сайрар ма еді?!  Дәл осылайша елдің ауызбіршілігіне, діннің тұрақтылығына тоқталып, соны жалпақ жұртқа паш етіп отырар ма еді?!  Тым құрыса, осындай жүйелі сөз айтқан адамның пікіріне құлақ түргенде де жаман болмас еді-ау деп ойлайсың. Иә, екі жыл бұрын...

2014 жылдың күзінде үкіметтегі құрылымдық өзгерістерден кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі шала бүлініп, басқармалардың санын қысқартуға көшті. Басқармаларды бір-біріне қосу дегеніңіз де біраз шаруа. Қайсысын қосу керек, қайсысын қалдыру керек деген мәселе әсіресе, мәслихатта қызу талқыланған. Осы істің басы-қасында Ербол Садыр жүрген. Бәлкім, Садыр ұмытса ұмытқан шығар, бірақ ел ұмытқан жоқ қой. 

Қысқартуға алдымен жастар саясаты мен тілдерді дамыту басқармалары түсті. Бұларды білім басқармасына қосу жоспарланды. Өз алдына жеке басқарма болып енді шыққан туризмді апарып қайтадан кәсіпкерлік және индустриялдық даму басқармасына, ал дін істері басқармасын ішкі саясат басқармасына қосу көзделді. Алдын ала облыс әкімдігінде сызылған жобаны мақұлдату үшін Е.Садыр депутаттардың алдына келді. 

-Енді бұдан былай білім басқармасы жастардың мәселесімен бүлдіршін балабақшаға барғаннан 29 жасқа дейін айналыса береді.  Мектепте онсыз да үш тұғырлы тіл саясаты жүзеге асып жатыр. Бұл тілдерді дамыту басқармасын білім басқармасына қосудың тиімділігін көрсетеді. Дін бұрын да ішкі саясат басқармасына қараған. Энергетика, коммуналдық шаруашылық басқармасы мен көлік және автомобиль жолдары басқармасына ортақ дүние көп. Бұларды инфрақұрылым деп атасақ та болады,-деген еді Ербол Садыр мәселені алдын ала тұрақты комиссияда талқылаған депутаттарға.  

Обалы не керек, депутаттар біраз қарсыласып көрді. 

-Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.Әбіқаев пен Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың дін істері басқармасын сақтап қалу туралы хаты бар екен, Бұған не айтасыз,-деді бір депутат. Ербол Садыр сонда да селт еткен жоқ.

-Көшедегі жарнамалар әлі де болса жарымжан, маңдайшалар мүгедек. Тілдерді дамыту басқармасы жойылса, оны кім қадағалайды?-деді тағы бір халық қалаулысы. 

-Облыста 700 мың жас бар. Бұл дегеніңіз бір облыстың халқы. 700 мың халық тұратын облыста облыс әкімдігі, басқармалар жұмыс істейді емес пе?! Ал біз 700 мың жасқа бір басқарманы  бұйыртпаймыз ба?-деді ашынған депутаттардың бірі. 

Бәрібір Ербол Садыр міз баққан жоқ. «Құрылымдық өзгерістердің бәрі Президент әкімшілігімен, Ұлттық экономика министрлігімен келісілген», деді. Мұның арғы жағында қаласаң да, қаламасаң да келісесің деген сыңай аңғарылады.  Бір қызығы, бізге мәлім болған деректерге қарағанда басқармалар арасындағы құрылымдық өзгерістер сол кезде тек Оңтүстік Қазақстан облысында  жүргізілген. Мәселен көршілес Жамбыл облысында мұндай әңгіме болған жоқ. Осыдан кейін басқармаларды қысқарту жөніндегі идея Ақородадан емес сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың жеке өзінен шықпады ма екен деген де ой туады. Бұл не үшін қажет болды? Ол жағы енді маңызды емес, бірақ идея кімдікі болса да ол сол кездегі әкімнің қаржы жөніндегі орынбасары Ербол Садыр арқылы  жүзеге асты. Ербол Садыр тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындап шықты. «Табанының бүрі жоқ» депутаттар соның ыңғайына жығыла кетті.  Мәселе мәслихат сессиясының күн тәртібіне қойылған кезде бір ғана депутат-Аманолла Раманқұл ғана қалыс қалды. Басқаның бәрі қолдап дауыс берді. 

2015 жылы, яғни арада бір жыл өтпей жатып Асқар Мырзахметов қызмет ауыстырды,  оның орнына Бейбіт Атамқұлов келді. Б.Атамқұлов келген бойда біріккен басқармаларды қайта бөлу мәселесін көтерді. Енді Ербол Садыр басқаша сайрай бастады. Басқармалардың бөлінгенінің тиімділігін дәлелдей бастады. Тағы да депутаттардың алдына барды.  «Мынаны қайта бөлсек тиімді болады» деді. «Кеше біріктірген тиімді деп едіңіз, енді қалайша тиімсіз бола қалды» деген бір халық қалаулысы болған жоқ. Бұл жолы депутаттар бірауыздан басқармаларды бөлуді жақтап дауыс берді. «Апырай, кеше  олай деп едік, бүгін былай деп отырмыз, екі сөйлеп, елдің алдында ұятқа қалдық емес пе?» деген де ешкім болған жоқ. Нәтижесінде дін істер басқармасы қайтадан өз алдына шаңырақ көтерді. Жастар өз алдына отау алды. Е.Садыр инфрақұрылым деп атаған біріккен басқарма қайтадан энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары басқармалары болып екіге бөлінді.

Күн қалай қарай қозғалса, күні бойы солай қарай бет бұратын күнбағыстық қасиет қазір біреулер үшін күнкөрістің қамына айналып бара жатқан сияқты. Қарсы сөз айтсаң, қызметіңнен кетесің деген қорқақтық, жалтақтық. «Ердің екі сөйлегені өлгені» деуші еді, халықтың назарында жүрген лауазымды шенеуніктер мен халық қалаулылары осы қағиданы ұстана ма, жоқ па? Ұстанса, Ербол Садыр неге екі сөйлейді? Жансейіт Түймебаевтың командасына табанының бүрі жоқ осындай кадрлар қаншалықты қажет? Биліктегілер айтса, бас шұлғи беретін депутаттар кімге керек? 

Бұл тақырыпты босқа қозғап отырғанымыз жоқ. Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда  облыс әкімдігінде қазір басқармаларды қайта қосу туралы әңгіменің шеті шыға бастаған көрінеді. Күні кеше брифингте дін істері мен жастар саясатын қайта бөлу идеологиялық тұрғыдан ғана емес экономикалық тұрғыдан да тиімді болды деп отырған Ербол Садырдың ертең қалай сайрарын кім білсін. Депутаттар тағы не дейді? Күтіп көрейік.  

Жәнібек Тархан,

«Рейтинг» газеті №3, 26 қаңтар

Нұралхан Көшеров: «Жерді заңсыз басып алып, анау керек, мынау керек дейсіздер»
Ғабидолла Әбдірахымов халықты жекешелендіріп алған ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу