Нұралхан Көшеров: «Жерді заңсыз басып алып, анау керек, мынау керек дейсіздер»

Oinet.kz 23-08-2019 875

Screenshot_13.jpg

Осы аптада Шымкент қаласына қарасты аудан әкімдері халық алдында өткен жылы атқарған жұмыстары жөнінде есеп беруді бастады. Республикада үшінші мегаполис болуға ұмтылып келе жатқан Шымкентте былтыр қандай жұмыстар атқарылды? Нендей жетістіктерге жеттік? Аудан әкімдері осы жөнінде халыққа тарқатып айтып берді.  

 Сейсенбі күні Қаратау ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов №72 мектепте тұрғындарға есеп берді. Бір қуанарлығы, мұнда Қаратау ауданындағы атқарылған нәтижелі жұмыстармен қатар, депутаттар тарапынан кемшіліктер де ашық айтылды. Мысалы, жарыссөзде облыстық мәслихаттың депутаты Нұрмахан Жолдасов:

- Жалпы, аудан әкім Ғабит Патшаханұлының есебіне көңілім толды. Дегенмен, ауданда әлі де болса шешімін таппаған мәселелер аз емес. Әсіресе, Таскен, Тассай жақта. Мұнда даңғыл жол өте тар. Кешкі мезгілде көлік кептелісі болады. Және жаңбырлы күндері жол шалшық суға толып кетеді. Осындағы орталық көшеге суағар салу керек. Басқа мәселені былай қойып, автобустарды алайық. Жұмысқа барарда және қайтарда автобусқа міну мүмкін емес. Автобус ішінде халық сығылысып отырады. Әсіресе, ұят та болса айтайын, жас қыздарға қиын. Осы жағын ойлау керек. Және тағы бір мәселе, автобус жүргізушілері бір-бірімен жарысып жатады. Бұл жолаушыларға ұнамайды. Жүргізушілер бір-бірін ығыстырып тастау үшін, заңсыз әрекеттерге баруда, - деп аудан әкіміне, сонсоң қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровке осы мәселені шешу қажеттігін ұсынды. Ал Нұралхан Оралбайұлы:    

- Көтерген мәселеңіз орынды. Жақында Шымкентке 200 автобус әкелу ойда бар. Сонымен қатар, біз Түркиядағы жолаушылар тасымалдау жүйесімен таныстық. Түркияда жүргізушілерге айлықты адам санына емес, жүрген жол көлеміне, яғни жүріп өткен шақырымына қарап төлейді екен. Біз осы жүйені Шымкентке алып келмекпіз. Әзірге бұны зерттеп жатырмыз, - деп жауап берді.  

Ал, қалалық мәслихат депутаты Ғани Ахметбаев жарық мәселесін көтерді:

- «Қайтпаста» көптеген көшелер қараңғылық құшағында жатыр. Онда түнде жүру қиын. Әсіресе, балаларға. Көшелер жарықтандырылса және аяқжолдар (тротуарлар) салынса деймін. Түсінемін, қалада бос жатқан жер телімі мүлдем жоқ, дегенмен, амалын тауып, ауданда спорт кешенін тұрғызу керек секілді. Балалар мен жасөспірімдер уақыттарын тиімді өткізер еді.    

 Жалпы, Қаратауда қордаланып жатқан мәселелер өте көп. Мұны халық тарапынан әкімге қойылған сансыз сауалдардан білдік. Негізі, өзекті деген сұрақтар аудан әкімінен бұрын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровке қойылып жатты. Сауалдардың дені әлеуметтік, коммуналдық салаға қатысты.  «Тұран», «Азат», «Таскен», «Қайтпас» шағын аудандарында асфальтталмаған, жарықтандырылмаған, бағдаршам қойылмаған жолдар көп, Не аялдамада, не көшеде атау жоқ. Осының салдарынан жедел жәрдем шақыру қиын. Жолаушы тасымалдау көліктерімен қамтамасыз етілмеген, мектеп жетіспейтін, соның салдарынан балалары үш ауысымда оқитын   елді мекендер бар. Қала әкімінің орынбасары алдағы уақытта бұл мәселелер шешілетінін, көбісінің жобалары жасалғанын жеткізді. Жақында Бозарықта 900 орындық, Таскенде 600 орындық мектеп салынатынын хабарлады. Сонымен қатар, кей тұрғындарға деген ренішін де жасырмады. Мысалы, «Азат» шағын ауданының тұрғыны әкімдік 3 шақырым тас жолды асфальттап бергенін, 520 үйге жарық жеткізілгенін айтып, Нұралхан Оралбайұлына рахметін жеткізді. 

-Бірақ, басқа көшелер, үйлер ше? Жауапты мамандар «кімде жерге қатысты мемлекеттік акт жоқ, сол үйге жарық жүргізілмейді» депті. Құжаттарды жинап, өткізетін жерге өткіздік. Содан бері 2 жыл өтті. Әлі нәтиже жоқ, бұл болатын тірлік пе, болмайтын тірлік пе, осының басын ашып беріңізші,- деп жанайқайын жеткізді. Бұған шаһар басшысының орынбасары: 

- Сіздікі дұрыс емес. "Азат" шағынауданы кезінде заңсыз салынған. Жұрт жерді заңсыз иемденіп, үйлер тұрғызып алды. Енді келіп, заңсыз әрекетке барғандарыңызбен қоймай, анау керек, мынау керек дейсіздер. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, Шымкентте 90 мыңнан астам азамат жер кезгінде тұр. Сонда олардың сіздерден қай жері кем? Олардың бәрі заңды бұзу керек пе? Жоқ! Біз сіздерді ойлап, «Азат» шағынауданындағы үйлерді заңдастырып бердік. Бұның өзі үлкен жұмыс. Сіздер де бізді түсініңіздер, - деп өкпесін, әрі өтінішін жеткізді. 

Жиында Қаратау ауданы әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берілді.      

Мұрағаттан, 2017 ж

Назарбаевтың жұрт білмейтін қасиеті
Ербол Садыр неге екі сөйлейді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу