Назарбаевтың жұрт білмейтін қасиеті

Oinet.kz 23-08-2017 6926

nazarbaev-unost-2019-07-10.jpg

Фото Zonakz.net

Н. Назарбаев туралы түсірілген фильмнен кейінгі ой

Былтыр отандық киногерлер көрерменге біраз жақсы дүниелерді ұсына алды. Бұған тәубе дейсің.  Сол тәуір дүниелердің бірі –Н.Назарбаевтың өмірі туралы түсірілген «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі. Естеріңізге сала кетейік, бұл  мемлекет басшысының өмірі туралы түсірілген фильмдердің соңғысы, яғни аяқтаушы бөлімі болып табылады.

Нұрсұлтан Әбішұлы өмірінің ең жарқын кезеңін түсіруге Ресейдің танымал режиссері Сергей Снежкин шақырылды. Таңдаудың орыс режиссеріне түсуі тегін емес. Снежкин бұған дейін мамандар жоғары баға берген «Белая гвардия», «Брежнев» секілді тарихи фильмдерді қойған.  Тәжірибесі бар. Снежкин Назарбаев туралы фильмнің режиссері ғана емес, сценарийін де өзі жазды.

Screenshot_10.jpg

"Жұлдыздар тоғысқанда" фильмінен көрініс

Жалпы,  режиссер үшін тарихи фильм өте қиын жанр. Ал, өмірде нақты болған тұлға туралы кино түсіру қиынның қиыны. Неге десеңіз, тарихи тұлғаға қатысты әркімнің өз көзқарасы бар. Көрерменнің бәрінің бірдей көңілінен шығу мүмкін емес. Ал көзі тірі, оның үстіне билікте отырған президенттің өмірін бар-жоғы үш сағаттық туындыға сыйғызу дегеніңіз... Бұған мен деген режиссердің өзі де тәуекел ете бермейді. Мұның артында онша-мұнша адам көтере бермес зіл батпан жауапкершілік жатыр ғой. Сондықтан «Жұлдыздар тоғысқанда» Снежкиннің шығармашылық жолындағы үлкен белес, тың тәжірибе болды десек артық айтқанымыз емес.  Ақпарат құралдарында фильмді түсіру басталысымен режиссер мен продюсер арасындағы біраз келіспеушіліктердің болып жатқаны жазылды. Біздің ойымызша, мұндай жағдайда келіспеушіліктің болуы заңды нәрсе.

 Назарбаевтың жұрт білмейтін қасиеті

Шыны керек, «Жұлдыздар тоғысқанда» көруге тұрарлық, қызықты кино. Оқиғалар желісі де, көркемдік жағы да керемет. Актерлардың ойыны да көңілден шығады. Бәрінен де бұрын фильмнің музыкасы өте сәтті шыққан. Алайда...

-Қалай деп айтсақ та Н.Назарбаев ұлттың көшбасшысы, (лидер нации). Біз президенттің образын жаңадан жасаймыз,-деген екен Снежкин түсіру басталар кезде бір басылымға берген сұхбатында. Расында да фильмді бастан-аяқ көріп отырсаңыз, Н.Назарбаев көрерменге мүлдем басқа қырынан танылады. Президенттің рөлін ойнаған Берік Айтжанов сөз жоқ  талай тарихи тұлғаларды экранға алып шыққан таланатты актер. Алайда фильмдегі Айтжановқа қарап отырып, екіұдай күйде қаласыз. Назарбаев Айтжанов сомдағандай көзсіз батыр, бірбеткей саясаткер ма еді деп ойлайсың. Фильм Н.Назарбаевтың жазған еңбектерінің, естеліктерінің желісімен түсірілген. Бірақ кино кітаптағыдай емес, бізге мүлдем басқаша тіл қатады. Тарихи шындықпен мүлдем қабыспайтын тұстары бар.  Бір-екі мысал келтірейік.

1986 жылдың 16 желтоқсаны.  Д.Қонаевтың қызметінен кетіп, оның орнына бұрын-соңды Қазақстанда қызмет етіп көрмеген Г.Колбиннің тағайындалуына қарсылық білдірген жастар алаңға шығып, көтеріліс жасап жатады. Колбиннің кабинетіне жиналған бір топ атқамінерлер «енді не істейміз?» деп, бас қатырады. Колбин ә дегеннен жергілікті кадрларды тұқыртуға тырысады. Осы кезде «кабминнің» төрағасы Н.Назарбаев Колбинге бетің бар, жүзің бар  деместен ауыр сөздерді айтып-айтып салады. «Бұл төңкеріс. Халық сіздің басшы болғаныңызды қаламайды»,- дейді. Колбин өзін  бұл қызметке Саяси бюро тағайындағанын айтады. Шын мәнінде Желтоқсан оқиғасы кезінде осындай жәйт болып па еді? Егер болса ол Н.Назарбаевтың естеліктерінде неге айтылмаған деп ойлайсың... 

Тағы бір қисынсыздық М.Горбачевтің Қазақстанға келіп, егістікті аралаған кезінде орын алады. Әлдебір жүк мәшинесіндегі жұмысшы одақтың Бас хатшысына «Миша привет» деп, кабинадан қол бұлғайды. Осы бір ыңғайсыз жәйтқа реніш білдірген Горбачев «жұрт бетімен кетті» деп налиды. Осы кезде премьер-министр Н.Назарбаев Бас хатшыға «халықты бетімен жіберген өзіңіз емес пе?», - дейді. Қазақстанның премьер-министрі одақтың Бас хатшысына дәл осы сөзді расында да айтқан ба еді? Айтуы мүмкін бе еді?

Президент болып сайланған соң  Н.Назарбаев пен Парламент арасында текетірес болады. Мынандай бір көрініс бар: төрде, президумда бір топ азамат отыр. Анандай жерде неге екені белгісіз, мелшиіп отырған Н.Назарбаев. Залдағы депутаттар у-шу. Біреу қағаз лақтырады, бірі құлап жатыр, бірі жұдырығын ала жүгіріп жүр.  Бір кезде Н.Назарбаевтың көмекшісі болып жүрген Ерлан (Азамат Сатыбалды) мінбеге шығып, президенттің кейбір өкілеттіктерін Парламентке беруді дауысқа салады. Бұдан кейін Назарбаев кабинетіне барып, тез арада Конституциялық кеңеске төбелесқұмар депутаттардың сайлануының заңдылығын анықтап беруді сұранған хатты Парламентті тарату туралы бұйрықпен бірге әзірлеп келуді тапсырады. Осыдан кейін президент дәлізге шығып,  Ерланды дүйім жұрттың көзінше тұмсықтан ұрып, мұрттай ұшырады. «Енді сені көрмейтін болайын», - дейді. Бұдан кейін «Армияға тиіспей-ақ қойыңдар, өзіміз-ақ тындырамыз» дегенді айтады. Сонда бұл не? Апыр-ай,  біздің Парламентте қашан төбелес болып еді, өзі? Мәжіліс, сессия түгілі мейрамханада әлдебіреудің жағасынан алып, доқ көрсеткен депутаттың өзі сол мезетте отставкіге кететін елде қайдағы төбелес?  Тәуелсіздік алғалы бері президент пен парламент бір үйдің балаларындай, бір қолдың саласындай бірге жұмыс істеп келе жатыр емес пе? Назарбаевтың қай көмекшісі Жоғарғы кеңестің төрағасы болып еді? Қай шенеунік Назарбаевтың жұдырығын «иіскеп» еді? Сонда режиссер Назарбаевты қалаған уақытында Парламентті түрлі қитұрқы жолмен таратып жібере алатын, қажет болса, армияны да іске қосатын диктатор ретінде көрсеткісі келгені ме? Айтпақшы Горбачев КСРО-ның премьер-министрі лауазымын ұсынған кезде Назарбаев «биліктің бәрін маған бересің» деген талап қояды. Сасып қалған Горбачев «маған не қалдырмақсың?» дейді. Режиссер Назарбаевты шектен тыс билікқұмар ретінде көрсетуі тиіс па еді?   Снежкин Назарбаевты Ельцинмен шатастырып алған жоқ па деген күдікті ой да келеді.

Президент Қонаевтан неге кешірім сұрады?

Фильмде Дінмұхамед Қонаевты (Алдабек Шалбаев)  да басқа қырынан көреміз. Көрген соң апыр-ай сонда Қонаев біз ойлағандай әулие адам болмаған екен ғой деп ойларыңыз анық. Тіпті ел имандылығын, дінге аса құрметін дәріптейтін тұлғаға ішімдік ішкізетін тұстары да бар. Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшысының түсі суық, бетінің түгі тікірейгендей, озбыр бейнеде суреттеледі. Қазақстандағы шаруашылықтарда өтірік ақпар берудің әдетке айналғанын, басшылардың пара алатынын, жалқау екендігін жазып кірген Н.Назарбаевқа Д.Қонаев орындығын көрсетіп, «сен мына жерді көздеп жүрсің бе?» дейді. «Есіңде болсын» деп саусағын шұқшитады. «Маған кедергі келтірме, сені басқа біреумен ауыстырамын», деп қорқытады. Рас, М.Горбачевтің тұсында Д.Қонаев пен Н.Назарбаевтың арасында біраз текетірес болған.  Алайда Қонаев дәл соншалықты дәрежедегі озбыр басшы болған ба еді? Жоқ, әлде бұл фильмдегі оқиғалардың желісін шиеленістіру үшін, кейіпкерлерді ақ пен қараға бөлу үшін, көрерменді қызықтыру үшін қажет болды ма? Егер солай болса, бір сәттік қызық үшін Қонаевтай ұлы тұлғаны құрбандыққа шалып жіберу қаншалықты қисынды еді?

Фильмнің орта тұсында Н.Назарбаев жұбайы қайтыс болған Д.Қонаевқа кіріп, көңіл айтып шығады. Н.Назарбаев Қонаевтан кешірім сұрайды. «Кешіріңіз мені, Димаш Ахметұлы» дейді.  «Сен де мені кешір, қош бол», - дейді Димекең...

Нұрсұлтан Абишевичтен басқа кім бар?

Осы жерде фильмнің атауына тоқтала кетсек. Ол орысшада «Так сложились звёзды», ал қазақшасында «Жұлдыздар тоғысқанда» деп аталады. Атауында біраз мағына бар. Бұл яғни Н.Назарбаевтың өмірінің маңызды кезеңін, жұлдызды дәуірін меңзеп тұр. Фильмнің аты затына қаншалықты сай келеді?

Фильмде Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Назарбаевтан басқа бірде-бір адамның аты-жөні аталмайды. Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінде Назарбаевпен бірге еңбек еткен ең құрығанда бір-екі адамның аты-жөні аталуы керек емес пе еді? Жоқ, аталмайды. Марат, Ерлан деген көмекшілердің (режиссердің оларды тузик, музик деп атай салмағанына шүкір дейсің)  есімдері кездеседі. Алайда олар кімнің прототипі екенін болжау қиын. Атауында жұлдыздар болғанымен, фильмде тек бір ғана жұлдыз бар - барлық жерде Нұрсұлтан Абишевич.  Жалғыз жұлдыз тоғысушы ма еді? Бұл Снежкиннің Қазақстанның тарихынан, менталитетінен хабарының аз екендігін байқатса керек.  Снежкин де Колбин сияқты, қазақтың мінезін, құндылығын, қасиетін білмейтін адам. Осындай дүние жасау үшін режиссерді шетелден шақыртудың не қажеті бар еді дейсің. Өзіңнің қолыңнан келмеген соң, көргенің осы енді.

«Нұр Отандағы» келеңсіздіктер үшін кімге шара көрілді?
Нұралхан Көшеров: «Жерді заңсыз басып алып, анау керек, мынау керек дейсіздер»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу