Биліктің қолбаласына айналған мәслихаттың құзыры туралы Ақорданың не ойлағаны бар?

Oinet.kz 24-08-2019 799


Screenshot_1.jpg

Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының сессиясында депутаттардың бірауыздан қабылдаған шешімімен 25 адамға «Облыстың құрметті азаматы» атағы берілді. Мұндай марапатқа кандидаттарды ұсыну, құжат рәсімдеу жұмыстарының  былтыр жылдың соңында, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жүргізілгенін ескерсек, құрметтілердің қатарын 25 толтырудың сыры түсінікті, әрине. Бірақ бұрын-соңды облыстың Құрметті азамат атағы бірден 25 адамға берілгені есімізде қалмапты.  Атқамінерлер жоспарды бақандай 5 жылға орындап тастады. 

   Жалпы облыстың Құрметті азаматы атағын беруде әкімдер мен мәслихаттардың асыра сілтегені рас. Құрметті азамат атағын шүлен үлестіргендей топырлатып беру әдетке айналды. Бір жылда бір ауданда осындай марапат алғандардың саны   200-ден асып жығылып жатты. Атақ-марапаттың құнын түсіріп жібердік деп шулаған облыстық мәслихаттың депутаттары осыдан екі-үш жыл Құрметті азамат атағын берудің ережесіне өзгерістер енгізген болатын. Ереже қағидат болып ауыстырылды. Облыстың құрметті азаматы атағы жылына бес адамнан, ал аудан, қаланың Құрметті азаматы атағы 10 адамнан артық берілмейтін болып бекітілген. Бұл өзгерістер жоғарыдағы қағидаға енгізіліп, әділет органдарына тіркелген. 

Жаңа қағидаға сәйкес 2013 жылы облыстың Құрметті азаматы атағына бес адам ұсынылды. Осы ұсынысты мәслихатта қарау кезінде біраз түсініспеушілік туды. Кейбір депутаттар ұсынылған бес адамның бәрі тек бір «ауылдың» өкілдері екендігіне реніші білдірді. Бұл жерде «ауыл» деген сыпайы сөздің астарында тек шымкенттік шенеуніктер түсінетін үлкен мән-мағына бар. Мәселе жүз туралы болып отыр... 

Жоқ, атай көрмеңіз, Оңтүстікте өзге жұрт ойлағандай трайбализм жоқ. Трайбализм туралы әңгімелердің айтылатыны рас. Трайбализм тайпаралық егес, жаулық дегенді білдіреді. Ал Шымкентте мұндай жаулық болған емес. Сондықтан бұл жерде трайбализм деген терминді қолданғаннан гөрі жүздік, рулық фактор, түсінік  деген дұрыс шығар. Облыстың тізгінін ұстаған азаматтар осы жүздік фактормен санасады. Ақсақалдардың «ошақтың үш аяғын тең ұста» деген сөзіне жүгінеді. Барлық жағдайда тепе-теңдік сақталуы тиіс. Облыстың әкімі бір жүзден болса, мәслихаттың хатшысын келесі жүзден сайлау дәстүрге айналған. Облыс әкімінің бес орынбасары арасында да «баланс» сақталуы тиіс. 

Әкімдік қызметкерлерінің Құрметті азамат атағы беруде осы тепе-теңдікті сақтамай, не қара басқанын білмедік, абырой болғанда аппарат басшысы сол жолы жылдың соңына қарай тағы 5 адамға Құрметті азамат атағы беруге уәде етіп, бұзықтау депутаттарды тыныштындырды. Жыл соңында тағы бес азамат Құрметті азамат атағын алды. Әкімдік облыстың Құрметті азаматы атағы соңғы бір-екі жылда берілмей келгенін, қосымша бес азамат солардың орнын толтырғанын айтып ақталды. 

Ал, бұл жолы ақталатындай, алға тартындай ештең жоқ сияқты. Қағидатта «ережеден тыс» деген сөз де жазылмаған. Енді  аудан, қалалар тоқалдан тумағанын «дәлелдесе», облыста бір жылда Құрметті азамат атанғандардың саны 300-400-ке жуықтап қалуы әбден мүмкін. 

Десек те, облыстың құрметті азаматы атағы анау-мынау адамға беріле салмайтынын мойындау керек. 25 құрметтінің бәрі де бұл марапатқа лайықты. Тізімнен  облыстың бұрынғы үш әкімінің аты-жөнін көзіміз шалды. Олар - Оңтүстікті тоқсаныншы жылдардың ең қиын-қыстау кезінде басқарған Қалық Абуллаев, облыстың тізгінін 4 жылдан астам уақыт ұстаған,  өңірдің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған абыройлы азамат  Болат Жылқышиев, үшіншісі вице-премьер-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов. Егер жаңылыспасақ, Асқар Исабекұлы осы тізімде ғана емес жалпы облыстың құрметі азаматы атағын алғандардың ішіндегі ең жасы болуы мүмкін. 

Тізімде Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов, сенатор Қуаныш Айтаханов та бар. Оңтүстіктік атынан сенаторлық қызметін 12 жыл бойы атқарып, Сенаттың екі шақырылымына депутат болған Орынбай Рахманбердиевті әкімдік қайбір жолы облыстың Құрметті азаматы атағын беріп, зейнеткерліке шығарып салған еді. 12 жыл сенатор болған Қуаныш Айтахановтың да өкілеттігі биыл бітеді. Облыстың Құрметті азаматы атағын алғанына қарағанда Қ.Айтаханов келесі сайлауға түспейді деп байлам жасауға әбден болатын сияқты. Құрметтілердің қатарында сондай-ақ Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков бастаған өнер тарландары, ғалымдар, еңбек, соғыс ардагерлері және тағы басқа да азаматтар бар. 

Осы сессияда депутаттар өздерінің бұрынғы әріптестері Бауыржан Жамаловтың облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалуына келісімдерін берді. Жалпы байқасаңыз, мәслихатта да біраз құзырет бар. Бірақ қағаз жүзінде. Депутаттар президенттің ұсынуымен облыс әкімі болып тағайындалатын азаматтың кандидатурасына келісімдерін береді.  Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңға сәйкес әкімдіктің дербес құрамын мақұлдайды. Жергілікті полицияның басшысы қызметіне тайындалатын кандидатураны бекітеді. Облысты басқару схемасына өзгеріс енгізуге де халық қалаулыларының келісімі қажет. Алайда осы құзыреттің бәрі тек көзбояушылық үшін қажет десек артық айтқанымыз емес шығар. Облыстың мәслихаттың депутаттары қашан президент ұсынған кадрға қарсылық білдіріп еді? Білдіре алатын шамасы бар ма? Облыс әкімінің орынбасары болатын кадр алдымен Президент әкімшілігінің келісімін алады. Депутаттардың оған келісім беруі де қағаз жүзінде ғана. Бұл келісімнен гөрі  рәсімге көбірек ұқсайды. Шындығында мұндай өзекті  мәселелер алдын ала «Нұр Отан» партиясының фракциясында талқыланып, билік депутттарды бірауызды етеді. Билік деп отырғанымыз бекер емес, өйткені мәслихаттағы депутаттардың тоқсан пайызынан астамы нұротандықтар. Ал «Нұр отанның» облыстық филиалына облыс әкімінің өзі төрағалық етеді. Сайлауға партияның атынан кімнің түсетінін алдын ала шешетін де партия басшысы. Яғни облыстың әкімі бір қолымен атқарушы билікті, бір қолымен мәслихатты жасақтайды деген сөз. Партия мәслихатты айтқанға көнбейтін «тентек» мінезді депутаттардан сайлау сайын тазартып отырады. Осыдан кейін көзбояушылық болмағанда қайтсін?! 

Мәжілістің құзырын күшейтеміз деп жатқан Ақорданың мәслихаттың құзыры туралы не ойлағаны бар? 

Мұрағаттан, 2017 ж

Қытайда ұзақ жыл тұрған азаматша қытай еркектері жайлы бар шындықты айтып берді
Екінші Елбасы кім болмақ?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу