Бауыржан Омарбеков басқаратын сала оңбай тұр

Oinet.kz 24-08-2019 1013

бауыржан-омарбеков.jpg

Әкімдердің ел алдындағы есеп беру науқаны қызған шағына келді. Бұл шара ақпанның ортасына дейін созылады. Ауыл әкімдері бастаған есеп беруді облыс әкімі аяқтайды. Аудан, қала  әкімдері өткізген  есеп берудің  біреуіне барып, енді біреуіне  қатысып үлгермесек те, бұл шараны қалай өтіп жатқанынан ақпарат құралдары арқылы құлағдармыз. Осы ақпараттарға қарағанда, есеп бер жиыны «жалпыхалықтық мерекеге» айналып жатыр. Шымкент қаласына қарасты Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжановтың берген есебіне  қатысқан халықтың риза болғаны соншалықты оны шетелдің мэріне теңепті. Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Лондонның мэріне ұқсай алмай жүргенде Қалжанов оны осылайша шаң қаптырып кетті.  Ал, Мақтарал ауданы әкімінің есеп беру жиынынан ақпарат таратқан баспасөз қызметі «Жаңажол жаңаруда, Нұрлыжол нұрлануда, Достық дамуда» депті. Осындай жетістіктерге шаттанған әкім Ғалым Исмаилов арқасын кеңге салмай, биыл Жетісайды жайнатып, Асықатаны асқақтатып, Атакентті абаттандырып тастаса, қанекей! 

Өткен аптада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ордабасы ауданы Шұбар ауылында өткен жиынға қатысып, аудан әкімі Алмасбек Мамытбеков пен ауыл әкімі Қ.Сейітқұлдың берген есебін тыңдады. Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратына қарағанда өңір басшысы әкімдердің атқарған жұмысына біраз сын айтқан. 

 -«Шұбар индустриялды аймағында бірде бір жоба жұмыс істеп тұрған жоқ. 93 гектар жер 3 жылдан бері бос тұр. Сондай-ақ  аталған  округте  «Индустрияландыру картасы» мен  «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламалары бойынша ешқандай жоба іске асырылмаған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін бірде бір шағын цехтар ашылмапты. Аул округі аймағында ішкі жолдардың 66 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда,- депті облыс әкімі.  

Ордабасы ауданы дотациялы өңір. Аудан бюджетінің 9 пайызы,  яғни 1,3 миллиард теңгесі ғана өзіндік кіріс. Қалған 13 миллиард теңгені  немесе  91 пайызын  трансферттер мен субвенциялар құрайды.  Яғни, 9 пайыз ғана өзіндік кіріс, 91 пайызы сырттан, яғни ортақ қазынадан келетін қаржы. Апырай-ай өндірісі дамыған деп жүрген Ордабасыдағы жағдай осындай болса, онда өзге аудандардың халі нешік? 

Иә, рас, Ордабасы бұған дейін өнеркәсіп саласында оңды істерімен танылған. 2010 жылы мұнда президенттің қатысуымен өткен телекөпір барысында күркетауық етін өндіруімен айналысатын «Ордабасықұс» кәсіпорны ашылған. 2015 жылдың шілдесінде өткен телекөпірде  «Бадам» индустриялды аймағында «Kaz Kioti»  ЖШС-інің шағын трактор құрастыратын зауытының тұсауы кесілген (бұл кәсіпорынның әзірге үмітті ақтамай тұрғанын біз өткен нөмірлеріміздің бірінде жазған болатынбыз). Былтыр Мемлекет басшысының қатысуымен өткен тағы да сол тікелей телекөпір барысында «Бадам» индустриялды аймағынан «Карлскрона» болат құю зауытының лентасы қиылды. Ордабасыда бір емес екі бірдей-«Бадам» және «Шұбар» индустриялды аймағы мен 1 өндірістік аймақ бар. Өзге аудандарда жалғыз индустриялды аймақтың өзіне инвестор табылмай, қаңырап тұрған кезде бұл дегеніңіз үлкен жетістік емес пе?   Дегенмен...

«Шұбар» индустриялды аймағына  айырықша тоқталғалы тұрмыз.  Аудан басшылары былтыр ақпарат құралдарына берген сұхбатында:

- «Шұбар» индустриялды аймағынан «Сейітбек әулеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 10 гектар жер телімі бөлінген. Бұл жобаның І кезеңі «Ордабасыагропромтех» ЖШС-нің базасында іске асты. Бүгінде қызыл мия дәрілік өсімдігінің тамырынан дәрілік сұйықтық қоспа өндірумен айналысып, өнімі шетелдерге жіберілуде. Фармацевтикалық өнім шығаратын бұл орында 60 адам жұмыспен қамтылған, -депті. Ал облыс басшысы есеп беру жиынында 93 гектарды құрайтын индустриялды аймақта бірде-бір жоба жұмыс істемей, бос тұрғанын айтып отыр. Сонда кімге сенеміз? Ауданның басшыларына ма, әлде облыстың басшысына ма? Бұл біріншіден. Екіншіден, бұл нені білдіреді? Сол салаға жауапты басшының ұзамай жылы креслосымен қоштасатынын ба? 

Біздің білуімізше, Ордабасы ауданында өнеркәсіп саласына аудан әкімінің орынбасары қызметіне былтыр тағайындалған Бауыржан Омарбеков жетекшілік етеді. Бауыржан Омарбековтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Бұл лауазымға дейін ол облыс әкімінің кеңесшісі- облыс әкімдігінің Астана қаласындағы өкілі қызметін атқарған. Оның алдында Оңтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығы директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары, кейін басқарманың басшысы болған. Облыста кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті шырқ үйіретін екі шенеунік болса, соның бірі Бауыржан Омарбеков болуы мүмкін еді. Алайда Омарбеков әзірге сенімді ақтамай тұр.  Сенімді ақтамай тұр ма, әлде уақтысында басқарманың басшысы, облыс әкімінің кеңесшісі, Астанадағы өкілі қызметтерін атқарған шенеунік аудан әкімінің орынбасары лауазымын өзіне қош көрмей жүр ме? Қайсысы болуы мүмкін? Бәлкім Б.Омарбеков бұдан да жоғарырақ қызмет ұсынатын күнді аңсап жүрген  шығар.   

"Рейтинг" газеті, 

2017 ж

Екінші Елбасы кім болмақ?
Тоқаев «Bloоmberg» ақпараттық агенттігінің басшысымен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу