Сенатор: «Біздің шенеуніктер халықтың мұң-мұқтажын, зарын естуге құлықсыз»

Oinet.kz 26-09-2019 934

Картинки по запросу сәрсенбай еңсегенов

Атырау облысындағы Азғыр өңірі халқының ауыр тұрмысы туралы мәселені көтерген сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов жұмыс істемейтін шенеуніктерді сынға алды, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Астанада отырып, кабинет терезесінен қарап отырған біздің шенеуніктер халықтың мұң-мұқтажын, зарын естуге құлықсыз. Табандылық жоқ, бірізділік жоқ, бірлік жоқ. Халықтың зарын, жағдайын түсініп, оны жүрегінен өткізейін деген ықылас-ниет жоқ. Не айтуға болады?», - дейді депутат Сәрсенбай Еңсегенов сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор аталмыш өңірде автокөлік жолы, теміржолы ешқашан болған емес, әуе байланысы жоқ екенін қосып өтті.

«Кезінде кеңес одағының ядролық сынақ алаңында өмір сүрген, қиындық көрген халық бүгінде ауыр өмір сүріп жатыр. Бұл өңірде он мыңға жуық халық тұрады. Тоғыз елді мекен бар. Аудан орталығынан 300, облыс орталығынан 600 шақырым жерде. Автокөлік жолы, теміржолы ешқашан болған емес, әуе байланысы жоқ. Бүкіл тіршілік сол жерде 60 шақырым жерде орналасқан Ресейдің Қарабайлы қаласы арқылы іске асып келді. Алайда аталған келісім бұрынғы байланысқа тұсау салып отыр», - деді ол .

Жол жоқтығының  кесірінен ауырған адамдарды ауруханаға жеткізу де мәселе тудырады екен.

«Ең қиыны, ауырған адамдарды Ресейдің Қарабайлы қаласына апару үшін сол жердегі мемлекеттік жедел жәрдем көлігі өтпейді, келісім бойынша өткізбейді. Әр ауылда жедел жәрдем көлігі бар, оны өткізе алмайды. Науқасты жеткізу үшін сол кісі өзінің тіркелген жеке меншік көлігімен апару керек. Егер баласына сенімхат берсе, оны да өткізбейді. Адам рөлде өзі отыруы керек. Міне, осындай қиындықтар адамдарға үлкен ауыртпалық түсіріп отыр», - деді сенатор.

Шенеуніктерді сол елдімекенге апарып, жағдайымен таныстырса да еш нәтиже болмаған. Сол себепті Сәрсенбай Еңсегенов бұл мәселені тікелей Дариға Назарбаева шықты.

«Құрметті, Дариға Нұрсұлтанқызы. Бұл мәселені мемлекеттік органдардың басшыларымен пысықтап, сенатта үлкен кеңес өткізген дұрыс па деп ойлаймын. Өйткені менің қолымнан басқа келетін шара қалмады? Халықтың сенімі жоқ қазір», - деді Еңсегенов.

Сенат спикері Дариға Назарбаева депутаттың ұсынысын толығымен қолдап тіл қатты.

«Комитеттермен осы мәселені көтеріп, парламенттік тыңдауға да шығаруға болады. Өйткені бірталай жылдан бері шешілмей жатыр. Тек Ресеймен шекарада ғана емес, Қытаймен шекарада тура сондай мәселелер туып жатады. Халықпен кездескен кезде, осыны естиміз. Келісімшарт бар деген жауап аламыз, бірақ ешқандай шешімі табылмайды. Сондықтан мұны жан-жақты талқылап, жақсы шешімге келуіміз керек деп ойлаймын», - деді сенат төрағасы.

Ақтөбелік әкім: «Жер беруді тоқтату керек»
Көпбалалы аналар атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жаппай қызметінен кеткен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу