Түркия Түркістанға инвестиция салмақ

Oinet.kz 14-11-2019 626

Screenshot_2.png


Ыстамбұл қаласында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің, Түркия Республикасының Вице-президенті Фуат Октайдың, ұлттық компаниялар, даму қорлары мен сауда палаталарының басшылары, жоғарғы билік өкілдері және екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен қазақстан-түрік бизнес-форумы өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Түркістан облысынан барған делегацияны облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастады. Форумда еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, энергетика, машина жасау, химия, тау-кен, металлургия және тоқыма өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және қаржы салаларындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқыланды.

2020 және 2021 жылдар аралығында Түркістан облысында түрік инвестицияларының қатысуымен 493,7 миллион АҚШ доллары көлемінде 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыру және 5 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Туркия мемлекетінің 41 ең ірі холдингтерінің басшылары қатысқан кездесуде хабарлады.

«Түркия мен Түркістанды ежелгі тарихи тамырлар мен рухани көзқарастар байланыстырады. Бүгінгі таңда Түркия - Түркістан облысының, жалпы Қазақстанның маңызды, стратегиялық және сенімді серіктесі. Осыған байланысты мен Түркістанды дамытудағы қазақ-түрік ынтымақтастығының маңыздылығын атап өткім келеді. Біздің қалада халықаралық әуежай мен басқа да маңызды нысандардың құрылысына дәл түрік компаниялары қатысуда», -деді Өмірзақ Естайұлы.


Дін мен дәстүр сабақтастығы
Түріктер туризмді дамытуды қолға алмақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу