Балаларға тұмауға қарсы екпе салу керек пе?

Oinet.kz 04-03-2019 1539

214-1476212617-077aa1957e.jpg

Кішкентайларды күн суытса жұғатын тұмаудан қорғау мүмкін бе? Балабақшаға немесе мектепке баратын, яғни үнемі өзге балалардың ортасында жүретін еркелерімізді вирустан қалай қорғай аламыз? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 6 айдан асқан балалардың барлығына жыл сайын тұмауға қарсы екпе салуға кеңес береді. Ал жыл сайын екпе салу дұрыс па?

Тұмау – тыныс жолдарының жұқпалы вирусты ауруы. қоздыратын вирустар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адам аурудың микробын жөтелгенде, түшкіргенде және қақырығы арқылы ауаға таратады. Сондай-ақ тұмау вирусы науқас қолданатын – ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы және т.б. арқылы да өзге жандарға жұғады, яғни тез тарайтын өте жұқпалы ауру.

Тұмауды тез жұқтыратындар – балалар, әсіресе, кішкентайлар, аяғы ауыр әйелдер, жасы жеткен – кәрілер мен созылмалы ауруы бар жандар. «Тұмау – бір жұмалық ауру. Ары кетсе, он күнде-ақ айығасың» дейтіндер де бар. Әсте бұл ондай жеңіл-желпі ауру емес. Мысалы, тұмау асқынса, өкпе ауруларын (пневмония, бронхит, т.б) қоздырады. Тыныс жолын, жүйке жүйесін, сондай-ақ жүректі ауруға шалдықтырады. Тұмау, әсіресе, иммунитеті төмен   кішкентайлар мен кәрілерді көп әуре-сарсаңға салады.

Тұмау вирустары жылдам таралатынын айттық, ол сондай-ақ өте өзгермелі. Әр маусым сайын вирустың әр түрін кездестіруге болады. Сондықтан да тұмауға қарсы екпені жыл сайын жасатқан дұрыс. Тиісті мамандар жыл сайын эпидемиологиялық жағдайға анализ жасап, вирустың түріне қарай қажетті вакцинаны шығарады. Ал ол екпелердің күші бір жылға дейін жетеді.

Тұмауға қарсы екпені күздің басында салған дұрыс. Әдетте, тұмау қараша мен наурыз айларында көбірек болады. Негізі, 6 айға дейінгі балаларға тұмау тез жұғады. Ал оларға екпе салуға болмайды, екпе тек 6 айдан асқандарға салынады. Сондықтан сәбиге тұмау жұқтырмау үшін отбасындағы одан өзгелердің бәрі тұмауға қарсы екпе алғандары жөн.

Тұмауға қарсы екпені алмастан бұрын оның қарсы көрсеткіштерімен де танысып алыңыздар. Вакцинаның қандай да бір құрамдас бөлігіне аллергия болуы ғажап емес.

Тұмауға қарсы екпені алғаш алып отырған балаға екпе 4 аптадан кейін тағы салынады. Бұл вакцинаның жақсы әсері болуы үшін жасалады.

Дереккөз : anabol.kz

Әйел организмі үшін ішімдіктің зияны қандай?
Баспадан (ангина) қалай бірден айығуға болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу