Көрісу күні

Oinet.kz 06-03-2019 1298

7-1476211538-b0c35ff31d.jpg

14 наурыз – көрісу (қауышу) күні. Жаңа жылды Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары бүгін таң атысымен бір-бірлерінің үйіне барып, қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Түске дейін үш үйге кіріп шығулары тиіс.

- Бір жасың, құтты болсын! – деп кішілер үлкендермен көрісіп, аман-есендік біліседі.

Ал шалғайдағы халық, бір-біріне қоңырау шалып, жаңа жылмен құттықтайды. 

Біреуге реніші бар адамдар бұл күні өкпесін ұмытып, ренжіскен адамына кіріп көріседі. Сөйтіп, арадағы суық қарым-қатынастың жібі үзіліп, көрісу күні адамдар бір-бірімен қайта табысады.

Бүгінгі күні Қазақстанның батыс аймағына берік орныққан бұл дәстүр жыл сайын жергілікті халық сағына күтетін бірден-бір салты.

Гүлжазира Берікқызы, тележүргізуші:

Ертең көріс күні дегенде балаларға таратуға апам үлкен табақпен бауырсақ пісіреді. Әдемі домалақ бауырсақтар! Ал мен үй жинауға жарап қалған кезден бастап құдықтан бір шелек су әкеп, далада қақшиып қатып қалған тізесі шыққан ескі трикомен еденді жуып шығамын. «Үй шашылып жатса, елден ұят болады» дегенді миға сіңіргенбіз. Сонымен таң атады. 14 наурыз – Көрісу Күні. Үйде қазір марқұм боп кеткен үлкен әжем болған соң келушілер алдымен біздің үйге келеді. Біз енді тұрып жатқанда тілектерін жаудырып жатқан көршілердің даусын естиміз арғы бөлмеден. Сөйтіп абыр-сабыр басталып кетеді. Келімді-кетімді кісі. Үйдегі бауырсақ пен кампиттер де азая береді. Көрісу салты қарттарымызға кіруден басталады. Сөйтіп, көше бойына жалғасын тауып жатады. Осы бір дәстүр бала кезімізде көз алдымызда ерекше аталып өткендіктен, маған өте ыстық! Бір жасың құтты болсын, қазақ жұрты!

 

 

Алпысбай Шымырбайұлы, журналист, үндітанушы:

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын бала кезімізде тойлағанда әжелеріміздің оны  «көп көже» деп те атайтыны да есімізде...  Бүгін Батыс Қазақстанда бұрынғыдан келе жатқан дәстүр бойынша, Наурыз мейрамының келгенін білдіретін «Көрісу» салты басталғаны белгілі. Оңтүстік өңірде туып-өскендіктен, бұл мереке қарсаңындағы ерекше дәстүрлі күн бізде атала бермейтін. Бірақ жалпы қазақты ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын ғибратты дәстүр ретінде менің көңіліме аса жақын. Мен көптен бері өзімді толғантып жүрген «Осы ата-бабаның Шығыстың Жаңа жылының келгенін білдіретін ізгі салтын бір мезгілде Қазақстанның барлық жерінде өткізейік!» деген ұсынысымды жеткізгім келеді. Әз Наурыз мейрамдарыңызбен, ағайын!!!

 Тамара Асар, әнші:

Бізде 14 наурыз күні амал мерекесі басталады. Бұл мерекені маңғыстаулықтар, жалпы батыс өңірі «Амал» деп атайды. Мен есімді білгелі осы мереке тойланады. Ауыл тұрғындары таңғы 5-6-дан бастап бүкіл ауылды аралап, көрісіп шығады. Көрісу дегенде ұйықтап жатқан үйдің есігін қағып, оятып, «Сәлем бердік, жыл құтты болсын! Жаңа жыл құтты болсын! Жақсылығымен келсін!» деп толағай тілек жаудырып кіреді. Сондай-ақ ренжіскен адамдардың барлығы осы күні қайта қауышады. Ең қызығы, біз жыл бойы алған жаңа киімдерімізді «Амалда киеміз, 14 наурызда киеміз» деп амалға арнайы сақтайтын едік.  13-ы күні кешкісін міндетті түрде бас жуамыз, тазаланамыз. «Басымыздан Пайғамбар сипайды» деп әртүрлі наным-сенімдерді ұстанатынбыз.

Ауыл-үйді аралап,

Жүздерінде нұр ойнап,

Қыстан есен шықтық деп,

Бір жасымен құттықтап.

Каспий, Жайық жайлайтын

Басқа өңірде болмайтын,

Құтты болсын Көрісу айт!

Тек Батысым тойлайтын.

Бәрін айт та, бірін айт!

Жайықтың ерке жырын айт!

Құтты болсын бір жасың!

Қабыл болсын Көрісу айт!

Бұның бәрі әлі күнге дейін есімде. Біз көзімізді ашқалы бері амал мерекесін тойлап келе жатырмыз. Міндетті түрде 7 нан таратылады, мал сойылады. «Амалдықтан ауыз тиейік» деп, сол күнге барлық сүрлеген қазы-қартасы мен жыл бойы жинаған дәмдерінің бәрін дастарханға салады. Бұл күн – ең мерекелі, берекелі күн. Және де батыс өңірі үшін ең басты мереке десем болады.    

Қазақтың дәстүрі жаңғыра берсін! Осындай салтты ұстанатын халық болса, ел ертеңі жастар қазақтығын ұмытпай, бабалар жолын біле жүретіндігіне кәміл сенеміз. Бір жасың құтты болсын, дархан қазақ!  

Дереккөз : anabol.kz

Дәрі ішкенде қалай тамақтану керек?
Тоқал алу мәселесін заңдастыру қажет деп ойлайсыз ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу