Басты назарда – экологиялық туризм мен рекреацияны дамыту

Oinet.kz 02-08-2019 1212

Screenshot_16.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысының бай тарихымен қатар оның табиғаты да алуан түрлі: бетпақ  дала,  шөлді және шөлейтті жерлер, дала, тоғайлар, тауалды жазықтар мен таулар. Өңір табиғатының шұрайлы, кереметі көп   тұнған бөлігі – таулы аймақтар. 2006 жылы Қазығұрт, Төле би және Түлкібас аудандарындағы таулы жерлердегі орман шаруашылықтары біріктіріліп 149037 гектар  аумақта Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылған болатын. Содан бері өткен мерзімде табиғи парк өзінің негізгі міндеті – сол тау табиғатын сақтау және молайту жұмыстарын атқара отырып, орман ресурстарын тиімді пайдалану бөлігінде табиғатқа зиян келтірмейтін көлемде парк жерлерінің  туризм  мен рекреациялық мақсатта пайдалануға белгіленген көлемі--19695 гектар аймағында экологиялық туризмді ұйымдастыру және оны дамыту шараларын іске асырып келеді.

Өткен он жыл ішінде демалушылар мен  туристердің демалысына қазіргі сервиске лайық жағдай жасауда парк инфрақұрылымын дамытудың бас жоспары  негізінде және тиісті ережелерге сай көптеген жұмыстар атқарылып парк аумағы облыстағы туризм аймағының біріне айналды.10 туристік бағыттар белгіленіп, онда атпен немесе жаяу жүру қарастырылған және   олар серуендеу,  танымдылық, спорттық-сауықтыру мақсаттарына арналған. Әрбір бағыттың басталар жерінде сызбасы мен ол туралы түсіндірмелер жазылған төлқұжаттары демалушылардың назарына ілінген.6 демалыс үйлері, 2 киіз үй, бір аңшылар үйі кешені, отбасылық демалысқа арналған бір коттедж, 7 монша-сауна бар. Демалыс үйлерінің ішіне су жүргізіліп, душ орнатылған, бөлмелер қажетті жиһаздармен, ыдыстармен жабдықталған. Ол нысандар электр генераторларымен және электр қуатын беретін күн батареяларымен қамтамасыз етілген. Ашық ауа астында  демалыс алаңқайлары белгіленіп, онда автотұрақтар, от жағатын орындар дайындалған, тапшандар, қалдықтарға арналған контейнерлер қойылып, ескертпе тақтайшалар орнатылған. Биік тау жоталарында үш шолу (байқау) бекеттері бар.Сонымен бірге М. Әуезов атындағы ОҚМУ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ жоғары оқу орындарының және «Бауыржан» отбасылық балалар үйінің спорттық-сауықтыру кешендері бар.

Аршалы және жемісті ағаштар ормандары, өзендер бойындағы тоғайлар әртүрлі жабайы аңдарымен, сайраған құстарымен аумақтың барлық жерлерінде менмұндалап тұрады. Жергілікті халықтың ауыз әдебиетіндегі талай аңыз, әңгімелердің желісіне айналған «Қырық қыз» жартастары, Мақпал, Сусіңген көлдері, Дәубаба әулие және тағы басқа  тарихи, мәдени, көркем табиғи жерлер, құпиялы үңгірлер көптеп саналады.Төле би филиалындағы Сазаната өзенінің жағалауындағы жартастарда петроглифтер кездеседі.Соңғы үш жыл қатарынан Өгем филиалының Өгем шатқалында ҚР БҒМ Ә. Марғұлан атындағы археология институтының  ғалымдары мен археологтары тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Н. Подушкиннің жетекшілігімен тарихи, мәдени зерттеулердің қазба жұмыстарын жүргізуде. Бұл зерттеулер де өткен тарихқа ашылар жолдардың бірі болмақ.

Парк қызметінде және «Парктер шеруі – 2016» табиғат қорғау акциясының іс-шараларында осы жағдайлар насихатталып, экологиялық ағарту жұмыстарын жетілдіре түсті. Республикалық және жергілікті газеттерде, жергілікті телеарналарда парк жұмысымен қатар аумақтағы таңғажайып жерлер, қайталанбас құбылыстар, өсімдіктер мен аң-құстар насихатталып келеді. Тұрғындар мен жастар, оқушылар арасында түсіндіру жұмысы тұрақты ұйымдастырылуда.Демалуға келген азаматтардан парк аумағында, яғни ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесін және тауды, ормандарды аралағанда техника және өрт қауіпсіздігін сақтау, ағаштардың бұтақтарын сындырмау, жалпы заң бұзушылыққа жол бермеу ескертіледі. Демалған орындарын ластамау, тамақ және т.б. қалдықтарды жинап контейнерлерге салу немесе өздерімен бірге алып кету түсіндіріліп, орман айналымдарының инспекторлары  тарапынан қадағаланады. Бұл демалушылар мен жастардың экологиялық тәрбие деңгейінің өсуіне, қалыптасуына ықпал етеді. Демалушылар мен туристерге сұранымдарына қарай мініс ат беру, жол көрсетуші бөлу, палатка, жатынқап, дүрбі беру және т.б. қызметтер көрсетілуде.

Демалушылардың парк аумағына кіргені үшін Салық кодексінің негізінде 0,1 АЕК көлемінде салым алынады және оларға парк тарапынан көрсетілген қызметтерге көлеміне қарай ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №23 бұйрығымен бекітілген тарифтер бойынша төлемақы талап етіледі.Парк аумағына келген демалушылар саны жылдан-жылға артып отыр – қазір жыл сайын 15-16 мың адам табиғат аясында демалып, тынығып кетуде.Сонымен қатар студенттер, оқушылар ұстаздарымен бірге танымдық экскурсиялар ұйымдастырып, Алматы, Шымкент және басқа қалалардағы бірқатар жоғары оқу орындарының студенттері өндірістік, тәжірибелік практикаларын өткізіп тұрады.

Биылғы 2016 жылы ұлттық парктің 10 жылдығына орай он қайрымдылық іс шара аясында экологиялық ағарту жұмысы жандандырылып, жастармен, кәсіпкерлермен, үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктермен, ардагерлермен кездесулер өткізілуде. 7 мамыр күні республикамыздың облыстарынан, Ресей мен Польшадан келген альпинистердің қатысуымен жергілікті жастардың Сайрамсу шатқалындағы ұзындығы 10 км. тау соқпақтарымен жүгіру жарысы өтті. 1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесінде «Бауыржан» отбасылық балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қатысуымен акция ұйымдастырылмақ.Осы мерекелік іс шаралар қатарында парктің құрылғанына 10 жыл толуына байланысты 2016 жылғы 21 мамырда «Батыс Тянь-Шанның биологиялық алуантүрлілігін сақтау мәселелері» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция болады. Оған Қазақстандағы мемлекеттік табиғи қорықтар мен ұлттық парктердің өкілдері, ҚР БҒМ ғылыми-зерттеу академиялық институттарының, Өзбекстан республикасының ғалымдары қатысады. Парк аумағында ОҚО әкімдігі мен тиісті мекемелердің ұйымдастыруымен спорттық-сауықтыру жарыстары және фестивальдар өткізіліп тұрады. Сайрамсу шатқалында жыл сайын бүкілқазақстандық және облыстық альпиниада мен «Біздің таулар» атты бард музыкасының фестивалі дәстүрге айналды.

Оңтүстік өңірімізде туристік кластер дамып келеді. Соның бір көрінісі – биылғы жылғы сәуір айында Шымкентте Туристік – ақпараттық орталықтың ашылуы. Бұл орталық туристер мен саяхатшыларды «бір терезе» қағидасымен облыстағы туристік бағыттар, тарихи ескерткіштер, қонақ үйлер және т.б. керекті ақпаратпен тегін қамтамасыз етеді. Қажеттілігіне қарай гид-аудармашылармен, көлікпен, көші-қон қызметімен мәселелерді тезарада шешіп береді.Сол орталықта біздің парк қызметі, табиғаты мен демалатын жерлері, туристік соқпақтар туралы және басқа мәліметтер орналастырылды.

Ұлттық паркте экологиялық туризмді әрі қарай дамыту мақсатында алдағы бес жылда қосымша бағыттар ашу белгіленіп, барлық бағыттарды жабдықтау, жеңіл көпірлер салу, екі этно-орталық құру, жолдарды жөндеу (асфальттау),  туристер үшін мініс аттар санын арттыру, қыс кезінде ат шана қызметі мен шаңғы прокатын ұйымдастыру жоспарланды, гид  және аудармашы кадрларын дайындау қолға алынды.

Бұл шаралар біздің табиғи парктің туристік әлеуетін арттырары сөзсіз.

Асқар  Ниязов,

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры

Тума талант Қайрат Нұртас пен Ержан Максим қазақстандықтарға тегін концерт береді
Таупістелі тағылымы – «Түркі тілдес, түгел бол»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу