Таупістелі тағылымы – «Түркі тілдес, түгел бол»

Oinet.kz 02-08-2019 1328

Screenshot_12.jpg

Ауылда өтті демесеңіз мән-маңызы мен мақсаты Астанадағы кей жиындардан терең де пайдалы болды. Ауқымы атшаптырым болғанымен тұйық кеңістік дерлік ғимаратқа қарағанда таза ауа мен тамаша табиғат аясында ой-тұнық, сөз-сенімді, қатынас қарапайым да ашық болады екен. Пістелі ауылындағы басқосу басқаны қайдам бізге солай көрінді. Яғни, өз аурасы мен бүлкілі бөлек тіршілігі бар ауылдың қай тұрғыдан алсақ та оң әсері болғаны анық.

Біз айтып отырған басқосу «Таупістелі тағылымы» деп аталады. Таупістеліңіз Түлкібас ауданындағы табиғаты таңғажайып Пістелі ауылының бұрынғы аты. Осы арада айта кетелік,  оңтүсік бойынша Пістелі ауылының аймағындағы Бозторғай асуында өсетін Таупістелі - жаңғақ тұқымдас, айрықша ағаш. Биіктігі төрт-бес метрге жетеді. Аталмыш ауылдың атын берісі бүкіл елге, арысы түркі әлеміне әйгілі еткен жазушы-журналист Мархабат Байғұт. Туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен перзентік парызын жазушы шығармалары арқылы да, игі бастамалары арқылы да өтеп келеді.  Жазушының бастамасымен тағылымы мол бірқатар әдеби-мәдени шаралар өткізілгенінен ел хабардар. Аудандық «Мархабат –Мирас» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Таупістелі тағылымы» жаңа жоба.  Оқырмандарымыздың есіне сала кетсек,  2012 жылы құрылған «Мархабат –Мирас» қоғамдық қоры Қайрат Әбдуәлиев тізгінін ұстаған жергілікті әкімдікпен бірлесіп, жас ұрпақты отансүйгіштікке, көркем әдебиетке, «Мәңгілік ел» мұраттарына адалдыққа тәрбиелеуді көздейді. Сонымен қатар, қаламгерлерді қолдауда аудан көлемінде түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Ал, кешегі түркі тілдес халықтардың әдебиетін дамыту, жас қаламгерлерге қолдау көрсету мақсатында алғаш рет ұйымдастырылған жиынға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдері мен Алматы, Астана және оңтүстікқазақстандық  қаламгерлер мен ғалымдар қатысты. 

Таупістелі ауылынан қолына қару алып, екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған 150 азаматтың жартысына жуығы жат елде қаза тапқан. Іс-шара жауынгерлерге арналып бой көтерген ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен басталды. Олардың есімі бір минут үнсіздікпен еске алынып, ерліктері баян етілді. Одан кейін қатысушылар Құлбай шоқының ең биік тұсындағы Мархабат бастауының бүйірінде орналасқан қаламгердің қарашаңырағында, қазіргі саяжайында «Таупістелі тағлымы» жобасының тұсауын қиды. Мұнан әрі Көкбұлақ өзенінің жағасындағы «Алтын таға» демалыс аймағында қазақтың біртуар ұлы, қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың «Түркі тілдес, түгел бол» қағидасы бойынша болашақта бірлесе атқаратын шаруаларды талқылады. Бұл орайда, Түркиядан арнайы келген Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бауырлас елдерге ортақ тұлғалар мен шығармаларды көбірек насихаттап, санаға сіңіре беру қажет деп есептейтінін білдірді. 

Сондай-ақ, Түркия Білім министрлігінің жауапты хатшысы, доктор Юсуф Екинжи, Өзбекстан Жазушылар одағы қазақ әдебиеті бөлімінің хатшысы, жазушы, аудармашы Мехманқул Исломқулов, аудармашы, ақын Мұзафар Ахмад, филология ғылымдарының докторы, ғалым Қазақбай Юлдашов, Қырғызстандағы «Манас» университетінің профессоры, Қырғызстан Президенті жанындағы кеңес мүшесі Қадырәлі Қаңқабаев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Оңалбай Аяшев ақын, публицист, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім, және тағы басқалар сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салды. Жыл сайын Қазақстандағы он ақын-жазушының еңбегін түрікше, сондай-ақ он түрік қаламгерінің туындыларын қазақ тіліне аударып кітап шығарып тұруды ұсынған ақын Нармахан Бегалыұлы өзгеріп кеткен топонимдерімізді қайта қалпына келтіру керектігін айтты. Жазушы-журналист М.Байғұт жүргізген іс-шара барысында жас таланттардың шығармашылығы талданып, жаңа кітаптардың тұсаукесерінің таныстырылымы өтті. «Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры тұсауын кескен жас ақындар шабыттана өлең оқыды. Ардагер журналист Байдулла Қонысбек жас талапкерлерге ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.

Тағылымды басқосу Балықты ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы мәдениет үйінде жалғасты. Түркі тілдес елдердің зиялылары бас қосатын «Таупістелі тағылымы» үш жылда бір рет өткізіліп тұратын болды. Айта кетелік, ЮНЕСКО-ның 2016 жылды «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жариялануына орай жазушы Мархабат Байғұтқа «Халықаралық Түркі әлеміне қызмет сыйлығы» Түркістанда тапсырылды.

Ғалымжан Елшібай,

Оңтүстік Қазақстан облысы 

2016 ж

Басты назарда – экологиялық туризм мен рекреацияны дамыту
Бала сату бизнесі: Дәрігерлер мен АХАЖ қызметкерінің қылмысы дәлелденді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу