Атыраудағы атышулы іс: қызы да күдікті деп танылды
Атырау облысында қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстық іс жаңа бетбұрыс алды: із-түзсіз жоғалғандардың қатарында болған отбасының қызы енді күдікті деп танылды, деп жазады Оinet.kz порталы.

Ақпаратты Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов растады. Оның айтуынша, отбасының қызы жұбайымен бірге жақын арада Индонезиядан Қазақстанға экстрадицияланады. Елге қайтару рәсімі екі мемлекеттің құзырлы органдарының қатысуымен жүргізіліп жатыр.
Вице-министрдің сөзінше, отбасының өзге мүшелерінің тағдыры әлі белгісіз. Оларды іздестіру жұмыстары Атырау облысында құрылған арнайы топтың күшімен жалғасуда.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылында ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді. 6 қаңтарда үй жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылды.
Кейін құқықтық статистика порталында күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев көрсетілген. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге жарияланған.
Сондай-ақ полиция бұл іске байланысты «хакерді» іздестіріп жатқанын мәлімдеген. Бұған қоса, марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы тергеу аясында күдік тудырғаны айтылды.


