«Бұл менің ақшам емес»: Тойдағы видеодан кейін депутат жазаланды

Oinet.kz 21-04-2026

Ақтөбеде қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиевтің тойдағы әрекеті қоғамда қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желіде тараған видеода оның беташар кезінде бума-бума ақшаны жұрт алдында санап тұрғаны байқалады. Көп ұзамай желі қолданушылары оның жеке басын анықтап, депутат қана емес, аудан әкімінің ұлы екенін де жарыса жазды, деп хабарлайды Оinet.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

image.png

Видео алғашында той өткен мейрамхананың Instagram парақшасында жарияланған. Кейін жергілікті пабликтер арқылы кеңінен тарады. Желіде пікір екіге жарылды: біреулер мұны қазақтың дәстүріндегі қалыпты жоралғы десе, енді бірі орынсыз дарақылық ретінде сынға алды. Әсіресе, Қайырғалиевтің қоғамдық қызметтегі тұлға екені сынның күшеюіне себеп болды.

Даудан кейін мәселе қалалық мәслихаттың депутаттық әдеп жөніндегі комиссиясында қаралды. Тексеру 20 сәуір күні өтіп, нәтижесінде депутатқа «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

— Комиссия Instagram-да жарияланған бейнематериалдарды жан-жақты қарап, барлық мүшенің пікірін ескере отырып осындай шешім қабылдады. Депутат Аслан Қайырғалиевке сөгіс жарияланды, — деді мәслихат төрайымы Анар Даржанова.

Өз кезегінде Қайырғалиев видеодағы ақша өзіне тиесілі емес екенін айтты. Оның сөзінше, бұл — достарының ортақ сыйлығы болған.

— Мен тойда күйеужолдас ретінде қатыстым. Видеода көрсетілген сәт — достарымыздың ортақ сыйлығын тапсыру кезі. Бұл менің жеке ақшам емес. Дегенмен қазір қарап отырсам, оны көпшілік алдында санау орынсыз көрінуі мүмкін. Мақтану ниетім болған жоқ. Қоғам алдындағы жауапкершілікті түсінемін және айтылған сыннан қорытынды шығарамын, — деді ол.

27 жастағы Аслан Қайырғалиев бизнес саласында жұмыс істейді. 2022 жылдан бері «Анвар» сауда желісінде директордың орынбасары қызметін атқарады. Мәслихатқа жас кәсіпкер ретінде сайланған. Оның әкесі Аскар Қайырғалиев қазіргі таңда Ойыл ауданының әкімі, бұған дейін де мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар еңбек еткен.

Бұл жағдай қоғамда кездейсоқ резонанс тудырған жоқ. Қоғам өкілдері лауазымды тұлғалардың көпшілік алдындағы әр әрекеті жауапкершілікпен өлшенуі тиіс екенін алға тартады. Ақшаның кімге тиесілі екеніне қарамастан, оны жария түрде көрсету көпшіліктің сұрағын туғызды.

Арыстан баб – пантеон емес: Аида Балаева Шахановтың аманатына қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстанда заңсыз мигранттарды жұмысқа алғаны үшін айыппұлды арттыру ұсынылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу