Қазақстанда заңсыз мигранттарды жұмысқа алғаны үшін айыппұлды арттыру ұсынылды
Қазақстанда заңсыз мигранттарды жұмысқа тартқаны үшін айыппұлдарды күшейту қажет. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев мәлімдеді, деп жазады Оinet.kz.

Министрдің айтуынша, елде шетелдік жұмыс күшін заңды рәсімдеп әкеліп, бірақ іс жүзінде басқа жұмыс берушілерге жіберу фактілері кездеседі. Көбіне мигранттар жеке тұлғаларға рәсімделіп, кейін заңды тұлғаларда жұмыс істейді. Мұндай схема салық мөлшерлемесінің төмендігіне байланысты қолданылып отыр.
— Жеке тұлғалар үшін шетелдік жұмыс күшін тарту құны 7 АЕК. Мигрант елге заңды түрде кіргенімен, іс жүзінде басқа жерде еңбек етеді — бұл заң бұзушылық. Осындай жағдайларды болдырмау үшін екі түрлі квотаны біріктіріп, бірыңғай салық енгізуді ұсынып отырмыз. Сонда мигрант қайда жұмыс істесе де, бірдей төлем жасайды, — деді Ертаев.
Министрлік тиісті өзгерістерді әзірлеп, оларды Ішкі істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың қарауына жолдаған. Жаңа жүйе биыл енгізілуі мүмкін.
Сонымен қатар Ертаев заңсыз миграцияға қатысты жазаны күшейту мәселесін де қолдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, бұл бағыт Ішкі істер министрлігінің құзыретіне жатады.
— Біз айыппұлдарды арттыру мәселесін талқылауға дайынбыз. Қазақстанда жүрген әрбір шетел азаматы заң талаптарын сақтауы тиіс, — деді министр.
Қазіргі заңнамаға сәйкес, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін айыппұл қарастырылған. Мәселен, жеке тұлғаларға 30-дан 50 АЕК-ке дейін, лауазымды тұлғаларға 50-ден 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Орта бизнес үшін бұл көрсеткіш 200–300 АЕК, ал ірі бизнес үшін 700–1000 АЕК аралығында.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев, керісінше, шетелдік жұмыс күшін тарту талаптарын жеңілдетіп, квотаны арттыруды ұсынған еді. Алайда ол да Қазақстанда мигранттардың бір бөлігі заңсыз жұмыс істейтінін және бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін күшейтетінін атап өткен.


