Мүгедектерге арба мен балдақ енді жалға берілуі мүмкін
Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жүйесіне өзгерістер енгізілмек. Енді арбалар мен басқа да құрылғыларды жалға алу және қайта тапсыру тетігі енгізіледі, деп хабарлайды Оinet.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаевтың айтуынша, қазіргі жүйе қайтарымсыз негізде жұмыс істейді және құралдардың тозуы мен техникалық жағдайын толық ескермейді. Осыны ескере отырып, жаңа — қайтарымды модельге көшу жоспарланып отыр.
Жаңа тәсілге сәйкес, пайдаланылған техникалық құралдар мемлекетке қайтарылып, арнайы сараптамадан өтеді. Бағалау нәтижесіне қарай олар жөндеуге жіберіледі, қайта пайдалануға беріледі, жалға ұсынылады немесе есептен шығарылады.
— Егер құрал пайдалануға жарамды болса, ол техникалық қызмет көрсетуден және дезинфекциядан өтіп, қайта айналымға жіберіледі. Ал ақау анықталса, жөнделіп, кейін қайта қолданылады. Жарамсыз деп танылған жағдайда, азаматқа жаңа құрал беріледі, — деді министр.
Оңалту құралдарының қатарына кресло-арбалар, балаларға арналған жүргіштер, Брайль жүйесімен жұмыс істеуге арналған жабдықтар және басқа да қажетті құрылғылар кіреді.
Пилоттық жоба биыл маусым айында Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында іске қосылады. Министрдің айтуынша, бұл тәсіл құралдарды алу мерзімін қысқартып, олардың өңірлердегі қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаны толық іске асыру 2026 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған.


