Экс-министр Баяннан қамзолды мұражайға өткізуді сұрады
«Қыз Жібек» фильміндегі басты кейіпкер киген қамзолдың продюсер Баян Алагөзованың қолына түсуіне қатысты бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова пікір білдірді.

Қазіргі таңда халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті қызметін атқаратын Райымқұлова бұл киімнің тарихи және мәдени құндылығы жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, меценаттардың ұлттық мұраны сақтауға атсалысқаны құптарлық, алайда мұндай жәдігерлер жеке меншікте қалмауы тиіс.
«Қоғамда бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Баян Алагөзованың қамзолды сақтап қалғаны жақсы, бірақ оны мұражайға тапсырса орынды болар еді. Себебі бұл – қазақтың ұлттық киімінің бірегей үлгісі әрі тарихи мұра», – деді экс-министр.
Бұған дейін Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне «Қыз Жібек» фильміндегі қызғылт қамзолдың сыйға берілгенін жариялаған. Аталған киімді кезінде актриса Меруерт Өтекешева киген. Жәдігердің жеке адамның қолына өтуі қоғамда қызу пікірталас туғызды.
Осыдан кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақфильм қорында түпнұсқа қамзолдың бір данасы ғана сақталғанын және оның мемлекет қорғауында екенін мәлімдеді. Қазір құзырлы органдар тарихи киімнің жеке қолға қалай өткенін тексеріп жатыр.
Сонымен қатар Меруерт Өтекешева продюсердің қолындағы қамзолдың расымен түпнұсқа екенін растаған.


