Баланы мектепке дайындауға қанша ақша кетеді?

Oinet.kz 26-02-2019 1062

65-1476212198-d560da501b.jpg

Оқушының керек-жарағын тізбелесеңіз, тізімнің ұзаққа созылып кететініне күмән келтірмеңіз. Сондықтан қалтаңыз қалың болмаса, күзді күтіп жүрмей-ақ, ертерек дайындығыңызды бастай беріңіз.

Әдетте, жаздың соңғы айларында-ақ мектепке дайындық қызу басталып кетеді. Ата-аналардың бұлай ерте қамдануына себеп, біріншіден, базарлар мен сауда үйлерінде күзге қарай бала жетектеген адам санының артуы болса, екіншіден, бағалардың да бірден көтеріліп кететіні. Саудагерлер алақандарын ысқылап күтетін бұл маусым, әсіресе, көп балалы ата-аналар үшін қиынға түсері хақ. Ендеше, мектепке дайындықтың жалпы қаншаға шығатынын есептеп көрейік. Сондай-ақ, оқушының киім-кешегі мен керек-жарағына қалай аз ақша жұмсауға болатынын қарастырайық.

Мектеп формасы

Оқушыға ең алдымен мектеп формасы керек. Базарда бағалары 5 000 теңгеден бастап, 15-25 мыңға дейін барады. Ондай қаржыңыз болмаса, 4-5 ата-анамен келісіп, форманы жеке тігіншілерге тапсырыспен тіктіріңіз. Көп тапсырыс алғанға қуанған тігіншілер оны балаңыздың өлшемдерімен арзан бағаға тігіп берері сөзсіз. Есесіне, форманы сатып алғандағыдай балақ-жеңін қысқартып әуре болмайсыз, әрі арзанға түседі. Сондай-ақ ,тағы да бірнеше адаммен келісіп, үлкен ателье не саудагерлерден көтерме бағамен алуға да болады.

Киім-кешек

Туфли мен дене шынықтыру сабақтарына киетін спорттық аяқкиімдердің әрқайсысының орташа бағасы 2 500-7 000 теңге шамасында. Кезек-кезек киетін екі-үш түрлі ақ жейде керек. Бағалары орта есеппен 2 000-5 000 теңгеге барады. Ал оларды арзандау бағаға алғыңыз келсе, былтырғы ескі тауарлардан қарайсыз. Әрине, балаңыз: «Биылғы сәннің киімін киемін», – демесе... Ал қыздар киетін ақ шұлықтардың сәнге айтарлықтай қатысы болмаса да, бағасы жыл сайын өзгеріп тұрады. Әсіресе, күзге қарай 500 теңгеден 1 500-ге дейін барады. Шұлықтар мен ішкиімге 4 000 теңгеден аз кетпес. Шашқа тағатын ақ бант 500-1000 теңге көлемінде.

Спорттық киімдер

Спорттық киімдер орта есеппен 4 000-15 000 теңге көлемінде. Олардың арзанын тек былтырғы жылдың тауарларының арасынан табасыз. Жоғарыдағыларды орташа бағамен алғанда шамамен 35 мың шығады екен.

Сырт киім

Бұған енді жаңбыр-желде киетін қалың сырт киімдер мен қыстық киімдердің, етіктің бағасын қосыңыз. Ол да, жоқ дегенде, осындай сомаға барады. Әдетте, оларды ата-аналар балаларын мектепке кіргізіп, бір «үһ!» деп алғаннан кейін қарастыра бастайды. Десе де, бір балаға жалпы қанша ақшаның шығатынын есептеу үшін біз оны да көрсете кетуді жөн санадық.

Мектеп жабдықтары

 Оқушының арқаға асатын сөмкелері сапасына қарай 2 500 теңге мен 7 000-ның арасында. Енді оның ішіне салатын керек-жарақты есептеп көрейік.

  • Күнделік 250-1 500 теңге,

  • жұқа дәптерлер 4,5-12 теңге,

  • қалың дәптерлер 35-250 теңге,

  • кітап-дәптерлердің қаптары 15-50 теңге,

  • сурет салатын альбом парақ санына қарай 250-2000 теңге,

  • бастауыш сыныптарға арналған пәндік арнайы үлкен дәптерлер (есеп, жазу) 250-500 теңге, жоғары сыныптарға контур, атлас карталар, география, биология, химия, ағылшын тілі сияқты пәндерге арналған арнайы дәптерлердің әрқайсысы 350-1 500 теңге шамасында, қалам- қарындаш 30-200 теңге,

  • өшіргіш, ұштағыш 20-120 теңге,

  • сызғыш, циркуль 200-1500 теңге,

  • түрлі-түсті қарындаш, фломастерлер 300-2500 теңге,

  • қайшы 100-250 теңге,

  • түрлі-түсті қағаз 300-1000 теңге,

  • ермексаз 500-1000 теңге,

  • желім 100-800 теңге, тағысын тағы.

 Ең негізгілерін теріп жаздық, ал оқушыларға қажетті қосымшалары қаншама?! Мұның өзі орта есеппен 10-15 мың теңгеге шығып тұр. Енді бұған оқулықтардың бағасын қосыңыз. Кейбір мектептерде оқулықты жыл басында оқушыларға тегін үлестіреді. Ал кейбірінде оқулықтың жетпеуінен өзің сатып аласың. Әрқайсысы шамамен 2 000-6 000 теңге деп есептей беріңіз. Қағаз-қаламның ақшасына оқулықтікін қоссаңыз, шамамен ол да 30-35 мыңға барады. Демек, бір балаңызды мектепке апару үшін 100 мыңның ары жақ, бері жағында қаржы қажет. Ал бұл соманы аз да болса, азайту үшін күзге қарай жер-жерде болатын түрлі жәрмеңкелер жайлы мәліметтерге құлақ түре жүріңіз. Жәрмеңкелерде оқу құралдарын ғана емес, сондай-ақ оқушылардың мектеп формасынан бастап, өзге де киім-кешектерін де арзан бағаға сатып ала аласыздар.

Дереккөз : anabol.kz

Дағдарыста қалай ақша жұмсау керек?
Күзде қалай семірмеуге болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу