Ернар Ешенов: «Қазір бокс спорт түрі емес, бизнеске айналды»

Oinet.kz 20-06-2017 1084

Screenshot_5.jpg

Бұрын елімізде бокспен кәсіби түрде шұғылданатындар бірен-саран болатын. Көпшілігі мансабын әуесқой бокспен бастап, әуесқой бокспен аяқтайтын еді. Ал, бүгінде ел намысын қорғап, көк байрақты желбіретіп жүрген (һәм тырысып жүрген) кәсіпқой боксшылар үлесі артып келеді. Көптеген боксшы жастар шетел асып, промоутерлермен түрлі келісім шарттарға қол қойып жатыр. Әйтсе де, бұл қаншалықты оң үрдіс? Біз осы жөнінде шаршы алаңда жасындай жарқылдап жүрген былғары қолғап шебері, WBC Youth белбеуінің иегері Ернар Ешеновпен сөйлскен едік. Ернар осы уақытқа дейін 6 кездесу өткізіп үлгерген. Оның 5-де жеңіске (4 кездесуде нокаутпен) жеткен. 

- Ернар, жақында ғана сіз Шотландияда алтыншы жекпе-жегіңізді өткіздіңіз. Өкінішке қарай, осында сіздің жеңісті серияңызға нүкте қойылды. Дегенмен, осы жекпе-жекте сіз қарсыласыңызды айқын басымдықпен жеңіп келе жаттыңыз. Бұған көрермендер куә. Бірақ, алтыншы раундта төреші кездесуді тоқтатып, жеңісті қарсыласыңызға берді. Бұл қаншалықты әділ шешім болды?

- Жалпы, қысқаша айтар болсам, спорт деген саясат. Екеуі егіз ұғым деп нық сеніммен айта аламын. Өздеріңіз білесіздер, мен сол жекпе-жекті Шотландияда жергілікті боксшы Майкл Макгуркуге қарсы өткіздім. Өзге елде болғаныма қармастан, мен рингте өзімді еркін сезіндім. Үшінші раундқа қарай жеңетін шығармын деп ойладым. Осылайша, қарсыласымды бұрышқа тықсыра бастадым. Алтыншы раундта оның қасы жарылып, жекпе-жек тоқтатылды. Басымдық менде еді. Міне, осы сәтте мен техникалық жеңіске жеттім деп ойладым. Дегенмен, бәрі сен ойлағандай болмайды екен. Төреші жеңісті Макгуркуге берді. Күтпеген шешім. Абдырап қалдым. Бірақ, артынша күлдім де қойдым. Мен бұл жеңілісті ауыр қабылдамадым. Саясат екенін сезгендіктен шығар. Сағым сынып, көңіліме қаяу түсті деп айта алмаймын. Керісінше, бұл жайт жігерімді жанып, намысымды оятты. Қазір келесі жекпе-жегіме дайындалып жатырмын.

Бұрын бокс өте ауыр спорт түрі еді. Кәсіпқой боксқа жүрек жұтқандар ғана бақ сынайтын. Ал, қазір бокс жеңіл спорт түріне айналып барады. Осы жерде қалай деген сұрақ туындайды. Ендеше жауап берелік: XX ғасырда Мұхаммед Әли, Майк Тайсон секілді боксшылар қарсылас таңдамайтын. Олар рингке көтерілгенде қанаттанып, қарсыластарын төпелеп сабайтын еді. Жұрт Тайсон өткізген әрбір кездесуден міндетті түрде нокаут күтетін. 

Сол тұста Артуро Гатти есімді боксшы болды. Ол ешкімнен тайсақтамай, ұсыныс білдерген боксшымен жұдырықтаса беретін. Мен Артуроны осы себепті сыйлаймын. Қайсарлығына бас иемін. Көпшілік «боксты таңдауыма – М.Әли, М.Тайсон себепкер болды» десе, мен А.Гатти деймін. Ол кәсіпқой бокста 49 жекпе-жек өткізсе, оның 9-да жеңілген. Сіз «тоғыз рет жеңілді» дегенді оқып, оны ортаңқол боксшы деп ойлауыңыз мүмкін. Әсте олай емес. Мен мұны неге айтып отырмын? Қазір бокс спорт түріне емес, бизнес түріне айналып кетті. Бұл нарық заманында заңды деп ойлаймын. Дегенмен, қазіргі боксшылар мол олжаға кенелу үшін нөлдік статистиканы қуалап барады. Яғни, жеңісті серия жасауға құмар. Өйткені, олар кіші Ф.Мейвезерге еліктейді. Мейвезер осы уақытқа дейін 49 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Дегенмен, бұл оның мықтылығын білдірмейді. Оның қарсылас таңдайтынын, әлеуеті өзімен шамалас немесе жоғары боксшылармен жұдырықтаспас үшін түрлі сылтау айтып, қашқақтайтынын білдіреді. 

Қазір көптеген боксшылар Мейвезер секілді «жеңілмеген боксшы» атану үшін өте әлсіз қарсылас таңдап жатады. Сөйтіп, қарсыласын нокаутпен жеңіп, абыройға кенелген болады. Шындығында бұл өте ұят нәрсе. Осы себепті, қазір бокс бұрынғы абыройынан айрылып барады. Мысалы, мен қарсылас таңдамаймын. Кіммен болса да рингке көтерілуге дайынмын. Мен жанкүйерлеріме айызы қанатындай нағыз боксты көрсеткім келеді. Мен боксқа адалмын деп айта аламын. 

- Ернар, сіз кәсіпқой боксқа 2016 жылы келіпсіз. Айналдырған 1,5 жыл ішінде 6 кездесуге шығып үлгердіңіз. Бұл денсаулығыңызға кері әсер етпей ме?

- Көбіне боксшылар жылына 2 кездесу өткізіп жатады. Бабын сақтау үшін. Дегенмен, мен бұлай мимырт аяңмен жүргім келмеді. Қазір мен жаспын. Адам жас кезде өзін әбден сынап, шыңдала берген жөн. Енді осы шілде айында жетінші жекпе-жегімді өткіземін. Мақсатым – абсолютті чемпион атану. 

- Сіздің отбасылы екеніңізден хабардармыз. Осы жерде мынандай сұрақ қойсақ дейміз: Егер дүниеге қыз бала келсе, ол қыз баласына тән емес бокс, ауыр атлетика, күрес секілді спорт түрлерімен айналысқысы келетінін айтса, келісіміңізді берер ме едіңіз? Қазір спортта аталған спорт түрлерімен айналысатын қыздар күрт көбейіп кетті. 

- Мен басында футбол үйірмесіне жазылдым. Дегенмен, мен ойын үстінде жиі төбелес шығарып жүрдім. Содан өзімнен футболшы  шықпайтынын түсінгесін, бірден бокс үйірмесіне ауыстым. Келіншегіммен осында таныстым. Содан таныстығымыз достыққа, одан әрі махаббатқа ұласты. Сол кезде мен болашақ келіншегімді боксты тастауға үгіттедім. Мен оның боксшы болғанын қаламадым. Себебі, бұл қыз баласына тән емес. Мейлі, қыз баласы спортпен айналыссын. Бірақ, жеңіл атлетика, көркем гимнастика секілді қыз баласына жарасымды спортпен шұғылданса дауым жоқ. Әйтсе де, нар жігіттер ғана жүгін көтере алатын ауыр спорттан қыздарды көргенде кейіп қалатыным жасырын емес. Бұрын аз еді, қазір жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кеткен. Бәлкім, бұл қазіргі таңда қыз секілді майысқан нәзік жігіттер көбейіп кеткендіктен шығар. Мен айтар едім, жігіт деген өз атына сай болу керек. Ешқашан өзгенің алдында солқылдақ қылық танытпау керек. Қандай да бір қиындыққа кезіксе, мойымай, әлсіздікке берілмей, жанындағы қызын, келіншегін алып шығу керек. Сонда ғана қыз баласы еркекті Піріндей көріп, оған арқа сүйей бастайды. Егер дүниеге қызым келсе, онда мен оған мұндай спортпен айналысуға рұқсат бермеймін. Қыз баласына шаңырағын шайқалтпай, отбасын айрандай ұйытып отырған жарасады. Ал, ұл бала келсе, мен оны боксқа өзім баулып, жаттықтырушысы болғым келеді. Ұлым мен бағындыра алмаған шыңдарды бағындырып жатса, арманым жоқ. 

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Ақерке Наурызбаева: «Боксты таңдауыма – Бекзат Саттарханов себеп болды»
Саттар Ерубаев, «Тамаша» театрының әртісі: «Шімән апамен төбелесіп қалдым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу