Ақерке Наурызбаева: «Боксты таңдауыма – Бекзат Саттарханов себеп болды»

Oinet.kz 20-06-2017 860

Ақерке Наурызбаева.jpg

Бокс – ең қауіпті спорт түрі. Бокспен кәсіби түрде шұғылданамын деп, шаршы алаңда түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған жандар аз емес. Сондықтан да бокс ұзақ жылдар бойы ерлерге арналған спорт түрі деп есептеліп келді. Дегенмен, соңғы жылдары бокспен айналысатын қыздар саны артып, бұрынғы қағида бұзылды.  Әлем елдерін былай қойғанда, Қазақстанның өзінде  былғары қолғап киіп жатқан қыздар аз емес. Соның бірі – Ақерке Наурызбаева. Кәсіпқой боксқа ауысқанына 1 жыл толмаса да Қытайда және Корея республикасында 2 кездесу өткізіп үлгерді. Екеуінде де жеңіске жетті. Жақында біз Ақеркемен бокс жайында әңгіме өрбіткен едік.

- Ақерке, қызға тән емес спорт түріне келуіңе не болды? Бұған отбасың қарсы болмады ма?

- Әрине, қарсы болды. Анама боксқа баратынымды айтқанда ол мені қалжыңдап тұр ма деп ойлады. Дегенмен, мен шын айтып тұр едім. Әйтсе де, анам мені қолдамады. Мені айныту үшін үйге қамап қоятын болды. Бірақ, мен қашып шығып, үйірмеге баратын едім. Ол менің алған бетімнен қайтпайтынымды білгесін, жолымды кескестемеді.    

Жалпы, өзім жайлы айтар болсам, мен Жамбыл облысы  Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келдім. Бастауыш сыныпты бітірген жылы жаз айында теледидардан рингте жұдырықтасып жатқан балаң жігітті көріп қалдым. Жап-жас болса да, рухы өр екен. Өзінен кемі 5-6 жас ересек боксшыны шаршы алаңда тықсырып жүріп сабады. Ол жеңіске жеткенде сондағы жұрт шаттанып, әлгі жігітке ризашылықтарын жаудырып жатты. Бұл мені ерекше қанаттандырды. Сол жігіт секілді болғым келді. Кейін білсем, ол – Бекзат Саттарханов екен. Сидней олимпиадасында топ жарып, қазақ елінің мерейін үстем етті. Мен оның финалда қарсыласынан айласын асырғанын, елге оралып халқымен жүздескенін, Елбасымен кездескенін, бәрін қуана отырып тамашаладым. Ол қайтыс болғанда қайғырғаным есімде. Оның қазасын ауыр қабылдадым. Міне, осылайша мен боксқа қызыға бастадым. Әкем «Сарыағаш» минералды суын ішкенді ұнататын. Мен іші босаған «Сарыағашты» құммен толтырып, оны үй алдындағы алма ағашына іліп қойып ұратынмын. Осылайша, боксқа келдім.  

9 сыныпқа дейін Құлан ауылындағы спорт мектебінде тәлім алдым. Алғашқы жаттықтырушым, боксқа деген махаббатымды одан әрмен арттырған – марқұм Алтай Базарбаев деген азамат болды. Алтай ағайыммен бірге жеткен ең алғашқы жетістігім – 2008 жылы Қызылорда қаласында бокстан өткен Қазақстан біріншілігінде қола медаль алдым. Өкінішке қарай, келесі жылы ол қайтыс болып кетті. Сол кезде мен есеңгіреп қалдым. Боксты тастарымды, не жалғастырарымды білмей екіойлы болып жүрдім. Сол шақ мен үшін өліара кез еді. 

Бір күні сабақта отыр едім, сынып бөлмесіне шымыр денелі бір кісі кіріп келді. Ол өзін аудандағы спорт мектебінің жаттықтырушысымын деп таныстырып, тақтаға мені шақырды. Сыныптастарымның алдында мені «спорт шеберіне үміткер» деген карточкамен марапаттап, көңілімді көтеріп қойды. Ол мені өзінің қол астына алғысы келетінін айтты. Бұл кезде мен боксты тастағалы жүр едім. Сол сәтте мен бұл ойымнан айнып, оның ұсынысына бірден келісім бердім. Бақтыбек Толымбетов мені 3 жылдай бокс спортының қыр-сырына баулыды. Осы кісінің арқасында бірнеше рет Қазақстан біріншілігінде жүлдегер атандым. Бақтыбек аға менің өскенімді, бұдан да биік белестерді бағындырғанымды қалады. Содан сол кісінің қолдауымен мен 9 сыныпты бітіргесін, Тараз қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебіне ауыстым. 

- Ақерке, кәсіпқой боксқа қашан ауыстың? Бұл қыз баласы үшін қаншалықты қауіпті? 

- Тараздағы спорт мектебінде менімен бірге көптеген қыздар бокспен айналысты. Сол қыздармен бірге ірілі-ұсақты жарыстарда жеңіске жетіп жүрдік. Дегенмен, бұл мені қанағаттандырмады. Әуесқой бокспен шектеліп қалғым келмеді. Себебі, әуесқой бокста әлеуетімді толықтай көрсете алмайтынымды сездім. Содан Мейірбек Шеңгелбаев деген жаттықтырушыммен ақылдаса отырып, кәсіпқой боксқа ауыстым. Әрине, айтқанға оңай. Әйтпесе, әуесқой бокс пен кәсіпқой бокстың арасы жер мен көктей екен. Мысалы, әуесқой бокста ауыр жарақат ала қоюың екіталай. Ал, кәсіпқой бокста әр жекпе-жекте міндетті түрде жарақат аласың. Кездесу ұзаққа созылғасын, діңкелеп шаршайсың. Өз-өзіңе келуіне жарты жылдай уақыт кетеді. Бұл өз кезегінде жүрекке өз әсерін тигізбей қоймайды. Сол себепті, кәсіпқой боксшылар рингке жылына 2 реттен артық шыға бермейді. Ал, әуесқой бокста жылына бірнеше мәрте жұдырықтасатын едік.

Өз формамды жоғалтпас үшін күніне 2,5 сағат жаттығамын. Таңертең 1 сағат, кешке 1,5 сағат. 

Өткен жылы Қытайда ересектер арасындағы 60 келі салмақ дәрежсінде дебют жекпе-жегімді өткіздім. Әбден әуесқойға үйренгесін бе, шаршы алаңда біраз қиналдым. Жеңіске оңайлықпен жеттім деп айта алмаймын. Ал, содан кейінгі кездесуді Кореяда өткіздім. Мұнда біраз тәжірибе жинап келгесін, анау айтқандай қиындық көрмедім. Қарсыласымды ұпай айырмасымен жеңдім.    

Бос уақытымда кітап оқимын. Менің жаныма поэзия жақын. Көбіне Мұқағали Мақатевтың өлеңдерін оқимын. Және патриоттық сезімді оятатын қазақ фильмдерін көргенді ұнатамын. Мұндай фильмдерден жігерленіп, алдыма нақты мақсаттар қоямын.  

Әзірге кәсіпқой бокста ауыз толтыып айтарлықтай жетістігім жоқ. 2 кездесу өткізіп үлгердім. Мансабымды жеңісті сериямен бастап келемін. Алдағы уақытта барлық белбеуді жеңіп алып, Головкин, Қанат Ислам секілді көк байрақты желбіретуді қалаймын. 

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Бауыржан Бөріқұлов: «Шәкірттеріміз күткен нәтижеден де жоғары өнер көрсетті»
Ернар Ешенов: «Қазір бокс спорт түрі емес, бизнеске айналды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу