Мәдина Ермаханбетова: «Аурухана мен емхананы біріктіру көп кедергіні жойды»

Oinet.kz 29-11-2017 746

Screenshot_2.jpg

Мәдина Ермаханбетова, Төлеби аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Мәдина Сейфоллақызы, білікті дәрігер ретінде айтыңызшы, аудандық ауруханалар мен аудандық емханаларды біріктіргеннен не ұттық?

– Осы қазан айынан бастап Елбасының Жарлығымен бекітілген «Денсаулық» 2016-2019 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасына сәйкес облыстағы аудандық ауруханалар мен емханалар біріктірілді. Бұл қайта ұйымдастыру негізінде аудандарда дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтарды тиімді пайдалануға  мүмкіндік береді. Нәтижесінде медицина қызметкерлерінің қосымша ақы төлеу, науқастарды қабылдау жағдайларын  жақсартуға болады. Сондай-ақ, аудандардағы денсаулық сақтау ұйымдарының функцияларының қайталануына жол берілмейді. Кадр тапшылығы болмайды. Аурухана мен емхана қызметкерлері бір ғимаратта болған соң бірі-бірімен араласып, тәжірибе алмасу жұмыстары жандана түседі. Бұрын аурухананың маманы емханаға барып қызмет көрсете алмайтын. Енді ондай кедергілер жоқ. Медицина қызметкерлерінің жұмыс уақытын  барынша  ұтымды пайдалану жоспарланған. Енді бізге шаруашылық жүргізу құқығы беріледі. Яғни, аудандық аурухана өзін-өзі қаржыландыратын болады. Бұл алдағы уақытта іске қосылатын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметінің жұмысына да көп көмектеседі.

– Өз кәсібіңізде мамандығыңыздың қай жағы көбірек ұнайды?

– Өлім туралап келмеген жағдайларда адамдарды аман алып қалудың себепшісі болып, кейін сол пациенттеріңіздің дені сау болып өмір сүріп жатқанын көргеніңізде, өз ісіңізге марқаясыз. Кеудеңізді шаттық кернейді. Мамандығыңызбен іштей мақтанасыз. 

Бір жолы бізге тамағын шарқайрақ кесіп кеткен науқас жеткізілді. Аурухананың дәлізінен бастап, жансақтау бөлімінің палатасына дейін қан жоса болып кетті. Әбден қансыраған адамды аман алып қалу мүмкін емес секілді болды. Құдайдың құдіретімен өмірі қыл үстінде тұрған кісі аман қалды. Уақытылы мойын қан тамырларын бір-біріне дұрыс жалғап үлгердік. Қан тоқтады. Шұғыл көмекке Шымкенттен санавиациямен дәрігерлер шақырттық. Ота сәтті жасалды... Кейін сол кісіден «Сіздің туған күніңіз қашан?» деп сұрасам, ол «Бұған дейін анамның дүниеге келтірген сәті менің туған күнім болып келген еді. Енді енді екінші туған күнімді атап өтетін боламын. Оған сіздер себепкерсіздер» деп күлімсірей жауап берді. Мұнысы «Құдайға мың тәуба! Дәрігерлердің арқасында аман қалдым!» деген ризашылығы екені анық. Сондай сәттерде емдеу ісін таңдағаныма, дәрігер болғаныма мақтанамын. 

– Ақ халатты абзал жандардың алғыс арқалап жүргендері аз емес шығар...

– Жалпы, адамдардың алғысы көңіліңізді көтеріп, жігерлендіретіні анық. Жылы сөз тілеулестік қой. Бірақ, дәрігерлер алғыс есту үшін медициналық көмек көрсетпейді. Бұл – міндетіміз! Сондықтан, бізге олардың ризашылығынан гөрі аман-есен өмір сүруді жалғастырғаны қымбат. 

– Күн-түн демей халыққа қалтқысыз медициналық көмек көрсететіндердің бірі – жедел жәрдемнің кешігетінін айтып шағымданатындар бар...

– Төлеби аудандық жедел жәрдем бөлімшесінде 1 дәрігерлік, 5 фельдшерлік пункт жұмыс атқарады. 5 дәрігер, 34 орта буынды медицина маманы 70 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. 2017 жылдың тоғыз айында 23079 шақырту түсті. Оның 18361-іне жедел жәрдем 15 минут ішінде жеткен. 4009-ына16-25 минут аралығында, 585-іне 25-30 минут аралығында барған. 96 науқастың жарты сағаттан астам уақыт күтіп қалғаны рас. Қазір басқарма басшылығының қолдауымен жедел жәрдемді  тездетудің басқа да жолдарын қарастырып жатырмыз. Дегенмен, айта кетуіміз керек, жедел жәрдем ең елдымен ауыр жағдайдағы науқастарға барады. Қоңырау шалғанда сырқаттанушының жағдайын сұрап алатынымыз сондықтан. 

 – Дәрігер ретінде пациентіңізге көбіне нені түсіндіргіңіз келеді?  

– Әр адам өз денсаулығына ең алдымен өзі жауапты екенін түсіндіргім келеді. Мысалыға айтар болсам, жүктілікке дайын болмаса да бала көтеретіндер бар. Бұл – ұрпақтан бұрын ананың өміріне қауіпті. Дені сау анадан дені сау перзент туады. Ал, адамның – халықтың мемлекеттің басты байлығы екенін ескерсек, сау ұрпақ – кемел келешегіміздің кепілі! Өзім аудандық мәслихаттың депутаты болған соң сайлаушыларыммен, ауыл тұрғындарымен кездескен кезде де осыны түсіндіргім келеді. «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде». Мұны қайталап айтудан жалықпаймын да. Өйткені әлі де «өз қатыным, өзім білемін!» дейтіндер арамызда аз емес. Бұл балалы болуға ғана қатысты емес. Өз денсаулығына да солай қарайтындар бар. Бірақ бұл дәрігердің ғана міндеті емес, баршамыздың парызымыз. Естияр әрбіріміз сапалы өмір сүруді санаға тәлім-тәрбиемен сіңдіріп, қалыптастыруға үлесімізді қосуға тиіспіз.  

– «Аудандық аурухана дәрігерлері ештеңе білмейді, Шымкентке апарайық» дейтіндерді жиі естиміз... 

– Меніңше, мұндай пікірді бізде емделмеген, білмейтін адамдар айтады. Біздің аудандық аурухана мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Ал, арнайы мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ауруханалар облыс орталықтарында орналасқан. Біз науқас келген кезде мамандандырылған көмек қажет ететін болса, өзімізде жатқызып, көмек керек болса облыс орталығынан дәрігерлер алдыртып, емдейміз. Шымкенттегідей емдеуге аудандық аурухананың да қауқары жетеді. Бізде де облыс орталығындағыдай білікті, тәжірибесі мол дәрігерлер, медициналық құрылғылар бар. Сондықтан, Төлеби ауданында Шымкентке бармасақ болмайды дейтіндер көп емес деп ойлаймын. Кейде өзіміз жіберетін кездер де болады. Ол емдей алмаған соң емес, кейбір дәл диагноз қоятын медициналық аппараттың тек облыс орталығында ғана болғандығынан. Бірақ, бұл аудандық аурухана диагноз қоя алмайды дегенді білдірмейді. Өзіңіз айтқандай келеңсіз ұғымдардан арылу тек дәрігерлерге ғана байланысты емес. Дегенмен, халық арасында аурудың алдын алу барысында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеміз. Атап айтуға тиіспіз, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлының іскерлігі, қолдауы арқасында  облыс орталығында жүзеге асып жатқан  оң бастамалар аудандарда, қалаларда да жалғасын тауып жатыр. 

Қуандық Шамахайұлы: «Жұбайымды іссапардан «олжалап» қайтқанмын»
Ерболат Әбікенұлы, жазушы: «Қазақ қоғамы – даңғазалыққа бой алдырып кеткендей»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу