Құрманай Бақтиярқызы: Некелескен адамым өзімнен 12 жас кіші

Oinet.kz 21-02-2013 1318

image.png

Құрманай Бақтиярқызы

- Құрманай, қазір шығармашылығыңызда нендей жаңалықтар бар?

- Жақында ғана  жарасымды жұлдызды жұп  Жанболат пен Жазираға «Қайда» деген әдемі өлең  жазып бердім. Одан кейін Қайрат Нұртастың жақында ән жинағы шықпақ. Сол жинақта әкесі Нұртастың да біраз әндері кірмек. Қайраттың продюссері Гүлзира Үсенқызы жақында маған қоңырау шалып: «Жасы келгенде әкесінің ән айтқанын халық дұрыс түсінбей жүрер. Соған ән жинақтың мұқабасына халық дұрыс қабылдайтындай бір аннотация секілді сөздер жазып берші» деп өтініш айтқан болатын. Қайраттың бір концертінде әкесі «Гүлім» деген ән айтып шыққан еді. Сол әннің сөзін де мен жазған едім.  

- Жаңылмасам Қайрат Нұртаспен бірге киноға да түстіңіз?

- Ия. Таяу күндері ол фильм экранға шығып қалар. Фильм Қайраттың сахнада жүргеніне 5 жыл толуына орай түсірілген фильм. Онда  қалжыңбас, әзілдеуді  сүйетін Қайраттың әпкесінің рөлін ойнадым.  Шынайы өмірде де әзілдегенді ұнатамын.  Жалпы кино өзіме ұнады. Өте сапалы, және көп қаражат кетті. Болашақта фильмге халық өзіне лайықты бағасын бере жатар. Оның алдында да «Адасу» деген  киноға түскен болатынмын. Кино құмар ойынның жетегінде кетіп, өмірден адасқан жігіт туралы. Оның да сценариін режиссер екеуміз бірлесе отырып жаздық.

- Жақында «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасында жеке өміріңіздегі бар құпияны ақтарып салдыңыз. Содан кейін халықтың сізге деген көзқарастары қаншалықты өзгерді?

- Сол бағдарламадан кейін көптеген көрермендер маған қоңырау шалып, өмірін бүкпесіз, ашық айтып, баршаға паш ету әркімнің қолынан келе бермейді деп, алғыстарын білдіріп жатты. Өзімнен 12 жас кіші адаммен некелесіп, одан бала сүйгенімді алғашында  жұрт теріс қабылдап, әрқилы әңгімелер де айтты. Бірақ мен ешкімнен, ешнәрсені де жасырған емеспін. Бастысы, мен оны сүйдім және ұлымның  әкесі осындай – ақ азамат болсын дейтін жанның бірі.  

- Әйел ретінде өзіңіз үлгі тұтатын әпкелеріңіз бар ма?  Кімді мойындайсыз?

- Оңтүстіктегі әйел адамдардың ішінен қайсар қыздардың бірі деп Жанат Тәжиеваны айта аламын. Жалпы мен бас иетін әйелдер көп емес. Өз басым ол кісі қатты құрметтеймін. Білім саласын басқарып отырғандықтан, жағымпазданғаным емес. Мен бір-ақ нәрсені білемін ол батырлық,  қайсарлық  өжеттілік қанында бар  қазақтың қызы. Екеуміз жақсы араласып тұрамыз. «Айтуға оңай» бағдарламасынан кейін ол маған:  «Мен өмірімде  өлең жазған адам емеспін,  бірақ саған арнап бір шумақ өлең жаздым» деп, оны SMS-пен жіберген екен. Оқып қатты қуанып қалдым.  Осындай көзі ашық көкірегі ояу жандар болмаса, менің өмірмен күресіп,  өз жүрегіммен тілдесіп жүргендігімді сезіне алатын адамдар көп емес.

- Ақындықпен қатар, көптеген тойларды басқарып жүрсіз. Асаба болу әйел адамға қиын соқпай ма?

- Қиын әрине. Бес жүздей қонақты  басқару оңай емес. Әсіресе, тойда сөз беріп, әзілдеп қалсаң күйеулерін қызғанатын әйелдер көп. Ал кейде «асаба жалғыз қалып кетті биге шақырсай» деп, түсіністік танытып, сыйлап жататын әйелдер де бар. Халық «Құрманай қымбат асабаның бірі» деп жатады. Менің қызметім алатын ақыма лайықты деп ойлаймын.

- Хоббиіңіз бар ма?

- Хоббиім өз фотосуреттерімді жинау. Өзіме ұнайтын 100-ден аса фотосуреттерім бар. Сол суреттердің астына болашақ ұрпаққа өнеге болатындай жүрегімнен шыққан сөздерді жазып қалдырғым келеді.

- Өзіңізді патриотпын деп есептейсіз бе? 

- Есептеймін. Көпшілік мені «елдің ерке қызы» деп айтқанымен, бойымда еркелікпен қатар, патриоттық сезімде жетерлік. Туындыларымда тек махаббат, сезім жайлы ғана емес, адамдарды ұлтжандылыққа тәрбиелейтін де өлеңдер бар. Барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған ұшақ апаты менің де жаныма қатты батты. Елімізде бірінші қаралы күн жарияланған кезде «Шекараның саңлақтары едің» деген өлең жаздым.

- Алдағы уақытта Құрманай Бақтиярқызын тағы қай қырынынан көруіміз мүмкін? 

- Осы уақытқа дейін өзімді халыққа барлық қырымды, өнерімді көрсеттім деп есептеймін. Дегенмен, соңғы кездері  биге қызығып жүрмін. Қызым  хип-хопты жақсы билейді. Кейде оның билегеніне қарап, қызы билей алса, анасы неге билемеске деген ой келеді. Содан соң коньки тебуді үйреніп жүрмін.

- Қандай жоспарларыңыз бар?

- Көкейде жүрген ойлар өте көп. Оның барлығы алдағы уақытта шетінен жүзеге аса жатар. Бір жоспарымды айта кетейін, биыл 13 қарашада «Екі жұлдыз» тойханасында ұлым Сұңқардың мұсылман болуына арнап «Сұңқар» деген атпен үлкен той әрі  концерт бермекпін.

- Ашық-жарқын әңгімеңізге рахмет. Сізге шығармашылық табыстар тілейміз!

Серік Мыңбаев: «Заманауи зертханамыздың мүмкіндігі жоғары»
Гүлнар Сапарымбет: «Ел еркекке ұқсатқанымен жүрегім жұмсақ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу