Гүлнар Сапарымбет: «Ел еркекке ұқсатқанымен жүрегім жұмсақ»

Oinet.kz 12-12-2014 843

image.png

Гүлнәр Сапарымбет

Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты «ЛТД-Тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шаһардың тазалығына, көгалдандыруға жауап беретін  мекемелердің бірі. Құрылғанына алты жыл толған бұл мекеменің осы уақытқа дейін басшысы тоғыз мәрте ауысыпты. Оныншы басшы - Гүлнәр Сапарымбет мекеме тізгінін өткен жылдың шілде айында қолға алды. Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында осынау қызығы мен шыжығы мол, айқай-шуы да аз емес мекеменің «арбасын алға сүйреп келе жатқан» Гүлнәр ханымнан сыр суыртпақтаған едік.

- Тірлігі қысы-жазы бір толастамайтын мекемеде қанша жұмысшы бар? Басшылық өзіңізге сеніп тапсырылған уақыттан бері қандай жоспарларды іске асыра алдыңыз? 

- 800 адам жұмыс істейтін бұл мекеменің әрбір іс-әрекеті мен үшін жақсы таныс. Себебі, мен мұнда мекеме құрылғалы бері жұмыс істеймін. Алғаш көріктендіру бөлімін басқардым, кейін мекеме директорының орынбасары болдым. Директорлық қызметке тағайындалғаннан кейін өзімнің ойымда жүрген мәселелердің шешімін табуға күш салдым. Мәселен, таңның атысынан күннің батысына дейін, күннің аптап ыстығына да, аязды суығында да қарамастан жұмыс істейтін біздің жұмысшылардың жалақысы былтырға дейін бар болғаны 35-ақ мың теңгенің төңірегінде болатын. Серіктестіктің қаржылық мүмкіндіктерін саралай келе аздап болса да айлықты көтеруге қол жеткіздік. Бұл жұмысшылардың көңіл-күйіне жағымды әсер еткені сөзсіз. Көлік жүргізушілер үшін де көптеген жағдайлар жасалуда. Күні кешеге дейін олар үшін қыстың қақаған аязды күндерінде тынығатын орын жоқ еді. Қазір бар жағдайы қарастырылған 20 төсектік орын жасақталды. Бағасы төмен жаңа асхана жұмыс істей бастады. Ендігі жерде жұмысшыларымыз тамақтану үшін жұмыс уақытында басқа жаққа сандалмайтын болды. 

Мекемемізде негізінен әлеуметтік жағдайлары төмен отбасы мүшелері жұмыс істейді. Олардың денсаулығын күтуге мекеме тарапынан қолдау аса қажет. Осы жағдайды ескеріп, өткен жылдың күзінде бүкіл ұжым мүшелерін тегін медициналық тексеруден өткіздік. Ол үшін қаладағы «Эскулап» медициналық орталығымен келісім-шартқа тұрдық. Нәтижесінде бірнеше жұмысшылардың ауруға шалдыққаны анықталып, ем-дом жасалды. Мұндай игі іс әрі қарай да жалғасады деген сенімдеміз. - Әйел адам үшін 800 адам жұмыс істейтін мекемені басқару оңай шаруа емес екені айтпаса да түсінікті. Демалуға уақыт табасыз ба? 

- Әрине, жұмыс оңай емес. Ең ерте тұрып жұмыс істейтін біздің жұмысшылар десем, қателеспеспін. Жұрт жұмысқа енді шығып жатқанда біздегілер көшені тазалап үлгеруі тиіс. Қызметкерлерім таң атпай тірлігіне кірісіп жатқанда мен қалай тыныш жата аламын. Кейде қатты шаршайтын кездерім болады. Мұндай сәттерде бос уақытты ұтымды пайдалануға тырысамын. Алдыңғы жылдары ер азаматтар секілді тауға шығып, аң-құс аулайтынмын. Біле білгенге бұл да бір демалыстың түрі ғой. 

- Сонда сіз мылтық ата білесіз бе?

- Иә. Бәлкім сенбей отырған шығарсыз, расындай солай. Атпен серуендейтін де әдетім бар. Бірақ, соңғы уақытта мұндай демалыстарға уақыт табу қиын болып қалды. 

- Сіздің сырт келбетіңізге, мінезіңізге қарап, ер адамдарға ұқсататындар көп...

- Оныңыз рас. Кішкентайымнан қыз балалардан гөрі ұл балалармен көбірек ойнап, солармен алысып-жұлысып өстім. Анау-мынауға ыға қоймайтын бірбеткей, өжет мінезді болдым. Мұндай мінез анам Зайдадан берілген деп ойлаймын. Анамды қайсар етуге өмірдің өзі мәжбүрледі. Жан жары - біздің әкемізбен мезгілсіз қоштасып, бар қиындықты өзі көтерді. Әйтеуір аштан өлтіріп, көштен қалдырмады. 

Шынымды айтсам, өз басым ер мінезді адамдарды сыйлаймын. Еркек адам бір сөзді, уәдеге берік болуы тиіс. Осы қасиеттерді ұнататындықтан, өзімнің де мінез-құлқым, іс-қимылым осылай қалыптасып, әйелдерге қарағанда еркектерге көбірек келетінім осыдан болса керек. Мінезім тік. Кейде шындықты айтамын деп, «аттың басын» жіберіп аламын. Бірақ, бұл көбіне жұмыс барысында ғана кездесуі мүмкін. Шын мәнінде жүрегім жұмсақ. Үнемі жұртқа бір пайдам тисе екен деп жүремін. - Киім киісіңіз де, шаш қою үлгіңіз де ер адамдардікіне ұқсайды...

- Өзіме осылай киінген ұнайды. Өзге әйелдер сияқты алтын-күміс, бриллиант  секілді әшекей бұйымдарды тағып жүргенді ұната бермеймін. Кейде құрдастарым «ең болмаса тойға ұзын көйлек киіп келсең қайтеді» деп әзілдеп жатады. Ал шаш қою үлгісінің астарында ешқандай құпия жоқ. Осыдан біраз жыл бұрын жол-көлік апатына ұшырап, ұзын шашымды қысқартуға тура келген еді. Ауруханадан шығамын дегенше қысқа шашқа әбден көндігіп қалыппын.  

- Сөз соңында отбасыңыз жайлы қысқаша айта кетіңізші.

- Құдайға шүкір, мен өз отбасыммен бақытты жанмын. 26 жылдан бері өмірдің барлық қызығы мен шыжығын бірге көріп келе жатқан Сағынғали есімді жан жарым бар. Екеуміз сонау студент кезімізде танысып, шаңырақ көтергенбіз. Екі үл мен бір қызды тәрбиелеп отырмыз. Тұңғышымыз әскери қызметкер. Қазір Қостанайда шекара қызметінде. Екінші ұлым Сингапурде білім алып жүр. Кенжеміз 10-сыныпта оқиды.

Мұрағаттан: 07.03.2013

Құрманай Бақтиярқызы: Некелескен адамым өзімнен 12 жас кіші
Шерхан Мұртазаның әңгімесі. «Соңғы нәсіп»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу