Болатхан Сағымбеков: «Туберкулезбен ауыратын науқастармен байланыс жасаған адамдардың барлығы ауырма

Oinet.kz 14-12-2017 1021

Screenshot_23.jpg

Болатхан Сағымбеков, хирург, ОҚО Туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері

– Болатхан Салыбекұлы, туберкулез елімізде әлі де өзекті мәселе ме? 

– Соңғы жылдары елімізде, соның ішінде облыста аурушаңдық біршама азайды. Дегенмен, туберкулез ауа арқылы тамшы жолымен таралатын жұқпалы ауру болғандықтан өзектілігін жоймайды. Бұл дертке иммунитеті әлсіз адамдар шалдығады. Олардың басым бөлігі денсаулығына күтім жасауға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар болып келеді. 

– Қандай әлеуметтің топтардың туберкулезді жұқтыру қауіпі жоғары? 

– Туберкулез жас талғамайды. Аса қауіпті дертпен әр жастағы адам ауырады, ағзаның әр түрлі органдарын зақымдайды. Ұлтына, нәсіліне, дәрежесіне қарамайды. Сондықтан туберкулез біреулер дабыралатып айтып жүргендей қазақтың ұлттық ауруы емес. Алайда, анықталған аурулар емделмесе бір жылда 50 пайызға жуығы өлімге дұшар болады. Байлығына немесе кедейлігіне қарамай санитарлық-ағарту мәдениеті төмен адамдар ауруға бейім тұрады. Уақытында тамақтанбайтындар, өз денсаулығына мән бермейтіндер, маскүнемдер, нашақорлар, үй-жайы жоқ кезбелер, тұмаумен жиі ауыратындар, қант диабеті, өкпе-тыныс жолдары сырқатының созылмалы түрі мен асқазан-ішек жараларымен ауыратындар, туберкулез науқасымен қарым-қатынас жасайтын барлық жанұя мүшелері мен қызметтестері, жас балалар, жүкті әйелдер, кәрі кісілер туберкулезге бір табан жақындау екенін ашып айтуымыз, оның себептерін халыққа жеткізуіміз керек.

Өзіңіз айтқандай, тұрғындарды сақтандыру, аурудың алдын алу үшін алдымен туберкулездің қалай таралатынын түсіндіріп берсеңіз...

– Туберкулез таяқшалары ауа арқылы тарап, оны жұқтырып алған адамдардың өкпесінде өсіп жетіліп, көбейеді. Алғашқы өкпе тіні қабынып, ыдырайды да орында қуыстар пайда болады. Осындай қуыстарда сақталған миллиондаған таяқшалары ауру адам сөйлегенде, түшкіргенде ортаға шашырап тарайды. Туберкулез таяқшасы ауада, ұзақ уақыт нашар желденетін орында болса, сол жердің ауасына көп тарап, тыныс алу арқылы басқа адамдардың ағзасына түседі. Туберкулез кез келген адамға жұғуы мүмкін, әсіресе балалар мен егде жастағылар үшін қауіпті.

Егер қоғамдық көлікте кетіп бара жатып, туберкулезге шалдыққан адам жөтелсе, оның жұғу қаупі қаншалықты? Болмаса бір бөлмеде қасыңда жұмыс істейтін адамнан туберкулез табылса ше?

– Туберкулезбен ауыратын науқастармен байланыс жасаған адамдардың барлығы ауырмайды. Сондықтан түшкірсе жұғады деген ойдан аулақ болу керек. Осындай күдіктің өзі-ақ адамның қорғану қабілетін төмендетеді. Ағзаны қорғауға және сол немесе басқа аурулардың пайда болуына иммунитеттік жүйе жауап береді. Тағы да қайталап айтам, туберкулездің дамуы мен өршуі ағзаның әлсіз иммунитеттік жүйесінің нәтижелері болып табылады. 

– Қазір өршіп кетпесе де тұмау жүріп жатқан кезең. Қатты суық тиіп қалған адамнан туберкулезбен сырқаттанушыны сыртқы белгілеріне қарап қалай ажыратуға болады? 

– Туберкулезге шалдыққан адамның жөтелі екі аптадан асса да тоқтамайды. Кеудесі шаншып ауырады. Науқас көп терлегіш болып келеді. Дене қызуы жиі көтеріледі. Тамаққа тәбеті болмайды. Қалжырап, ешнәрсеге зауқы соқпай әлсіздік жайлайды. Салмағы төмендейді, азады.

– Туберкулезден емделу қаншалықты сәтті жүзеге асуда?

– Туберкулез науқастарын емдеп шығу бойынша біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған стандарттарды орындап отырмыз. Облыста туберкулезбен ауырған 310 адамның 262-і емделіп шықты. Бұл 85,2 пайыз, өңірде бірінші рет мұндай көрсеткішке қол жетікізілді. ДДСҰ стандарты 85 пайыздан кем болмау керек. Сондай-ақ сырқаты қайталанған, тұрақты дәрі тұтынатын 434 науқастың 326-і емделіп шықты. Пайызға шақсақ, 75,1-ді құрайды. Мұнда дүниежүзілік стандарт – 75 пайыз.  Дегенмен, біз көрсеткіштерімізді әлемдік стандарттармен сәйкестендіру үшін емес жұмыс істемейміз. Өз міндетімізді орындау үшін амбулаторлық науқастардың әрі қарай дәрі-дәрмектерін ішулерін қатаң бақылауға аламыз. Қайталап келмеу үшін кеңінен санаториялық ем қолданылады. Жыл сайын санаториялық емді есепте тұрған 1800-2000  науқас алады. Оған қосымша Бурабай шипажайына туберкулезден емделіп шыққан  40-60 науқас жолданады.

Облысымызда туберкулезге қарсы үш санаторий жұмыс істейді. Оның екеуі балаларға, үшіншісі ересектерге арналған. Былайша айтқанда, Оңтүстікте аталған дерттен толық айығып кетуге барлық жағдай жасалған. Оның үстіне науқастар бірде-бір дәріні сатып алмайды.

Түберкулезге шалдығу алда ажал күтіп тұр дегенді білдірмейді. Бұдан адам толық айыға алады. Қайта қатарға қосылып, жұртпен бірге жұмыс жасайды. Дәрігерлік толық тексеруден өткеннен кейін, қауіпті болмаған жағдайда ғана ел ішіне баруына рұқсат етіледі. Сондықтан оларды қоғамнан шеттетуге болмайды. Ең бастысы, бұл дерттен 100 пайыз жазылуға болады!

– Науқас емделуден, дәрі қабылдаудан бас тартса ше? Ондай жағдайда сырқаттанушыны ауруынан қалай айықтырасыздар? 

– Егер ауру емделуден, дәрі қабылдаудан бас тартса, онда арнайы дәрігерлік кеңестік комиссия науқасты мәжбүрлеп емдеуді ұйғарады. Себебі науқастың эпидемиологиялық тұрғыда туберкулез қоздырғышын қоршаған ортаға тарату қауіпі жоғары. Сондықтан  медциналық сот шешімімен науқас туберкулез қоздырғышын бөлуді тоқтатқанға дейін осы бөлімшеде болады. Мәжбүрлеп емдеу бөлімшесі 40 төсек орынға арналған.

– Емханаларда балаларға туберкулезге қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. Салдырмай жатқан ата-аналар жоқ па? Бар болса, оларға қалай түсіндіресіздер? 

– БЦЖ екпесін балаларына салғызғысы келмейтін ата-аналар бар. Осы жылдың 9 айында 203 ата-ана  екпеден бас тартты. Былтыр олардың қатары 257 болған.  Екпеден бас тартудың басты себебі – теріс діни көзқарастар, теріс пікірлер, түсінбеушіліктер. БЦЖ екпесі балада туберкулезге қарсы иммунитетінің түзілуін, туберкулез  қоздырғышы  қандай болатынын  таныстырып, ағзаға ескертеді. БЦЖ екпесі салынған бала туберкулездің жеңіл түріне шалдығып, жеңіл айығады. Ал БЦЖ екпесінен бас тартқан балаларда соңы қайғылы жағдайларға апарып соқтыратын туберкулез менингиті жиі кездеседі. Осы бойынша тұрғындар арасында педиатр, фтизиатр, әлеуметтік қызметкерлер, психологтардың тарапынан  түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тіпті ата-аналарға балаларының өмірін  туберкулезден сақтап қалу үшін психологтардың, қажет болса дін қызметкерлерінің көмегіне де жүгінеміз.  

– Туберкулезге шалдыққан адамдардың иммунитеттерін көтеру үшін мемлекет қазынасынан арнайы қаржы бөлінетінін білеміз. Оның мөлшері биыл қанша теңгені құрайды? 

– Туберкулез науқастарына әлеуметтік көмек беріледі. Оның мақсаты – науқастарды емделуге ынталандыру,  емді үзбеуге тәрбиелеу. Бұл қаражат науқастардың  қолына берілмейді, ай сайын жеке есепшотына аударылады. Көлемі ең төмен күн көріс мөлшерімен теңестірілген – 22 мың теңге. Егерде науқас емін үзіп қойса, онда бұл ақша сол айда оның есепшотына аударылмайды. Емін қайта жалғастыратын болса, онда ақша қайтадан аударылады. 

– Бүгінде туберкулезді анықтаудың, емдеудің және зерттеудің қандай жаңа тәсілдері ензілуде? 

– Туберкулезді анықтау үшін сәулелі әдістер – флюорография, рентгенография, томография аппараттарының көмегімен анықтау, лабораторлық микроскопиялық зерттеулердің қорытындларына сүйену медицинада кеңінен қолданылады. Сонымен қатар ауруды анықтауда жеделдетілген Бактек, Джейн эксперт атты лабораторлық әдістер жүргізіледі. Бұлардан басқа елімізде қосымша Хайн-тест те қолданыста бар. Инновациялық технология қатарына жататын бұл әдістер туберкулезді 2 сағат пен 2 тәулік аралығында анықтап бере алады. Балалар арасында Манту сынамасымен қатар қолданылатын Диаскин-тест туберкулезге инфицирленуін растап, химиопрофилактикалық емді дәлелсіз бастамауға көмектеседі. Ал емге келетін болсақ, аурудың кезеңіне қарай туберкулезді емдейтін бірінші, екінші, үшінші қатардың дәрілері қолданылып келеді. Биыл бесінші қатардың дәрілері шығарылуда. Бірақ, бұл препараттар 2018 жылы қолданысқа беріледі. Қазіргі таңда дәрілер Қазақстан Республикасының Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығында сынақтан өтуде.

 – Болатхан Салыбекұлы, хирург-дәрігер ретінде айтыңызшы, туберкулезге шалдыққан адамға ота жасауға бола ма? Бұлай ауруынан айығып кеткендер бар ма? 

– Әрине, егерде науқас берілетін дәрі-дәрмектердің көмегімен ауруынан жазылмаса, яғни консервативті ем қонбаса, өкпесіндегі қуысы жабылмаса, онда оған хирургиялық ем қолданылады. Ол үшін бізде 30 орынға өкпелік, 30 орынға өкпеден тыс ота жасай алатын хирургия бөлімшелері жұмыс істейді. Мамандарымыз Новосибир, Астана, Алматы қалаларында білімдерін жетілдіріп, тәжірибе жинақтап тұрады. Торакопластика, резекция әдістері қолданылады. Биылдан бастап бронхолокация әдісі сәтті жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бергі 9 айда 230 ота жасалды. Былтыр 402 ота сәтті іске асқан болатын. Оның 20-сы балаларға жасалды.  

– Хирург ретінде ота жасап жүрсіз бе?

– Облыстық тубдипансерді басқарғалы бері, соңғы екі-үш жылда ота жасаудан алыстап қалдым. Бірақ, бұған дейін Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында істеген жылдары қаншама жедел оталар жасадық. Соның барлығын жыға танымасам да фамилиясын естісем болды, бірден есіме түсіре аламын. Олардың арасында әлі күнге дейін келіп рақметін айтып, мерекемізбен құттықтап тұратындары кездеседі. Тіпті мен ота жасаған балалардың ішінде есейгеннен кейін дәрігер мамандығын таңдап, бүгінде білікті хирург болып қызмет етіп жүргендері де бар. Одан кейін зор мақтанышпен айта аламын, Ордабасы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарып жүргенімде облыстағы аудандар арасында аппаратпен ота жасауды біз бірінші болып бастағанбыз.  

– Туберкулезді қазақшалап өкпеқұрт ауруы деп те атап жүрміз. Дегенмен, бұл дерттің өкпеден тыс түрлері де бар ғой...

– Иә, туберкулездің негізі екі түрі бар. Біріншісі, өзіңіз айтып отырған өкпеқұрт.  Екіншісіне өкпеден тыс туберкулездер жатады. Осы өкпеден тыс жұқпалы сырқаттың ішінде сүйек, бүйрек, бас-ми туберкулездері өте сирек кездеседі. Туберкулез көбіне ауа арқылы таралатын болған соң одан зардап шегушілердің 90 пайызы өкпе дертіне шалдығушылар.   

– Өзіңіз туберкулезбен сырқаттанушылармен жұмыс жасайсыз, жұқтырып алам деп қорықпайсыз ба? Жалпы, облыста аталған дертті жұқтырып алған дәрігер бар ма, болған ба? 

– Жоқ, қорықпаймын. Өйткені өзім сақтық шараларын бұлжытпай орындаймын және диспансер қызметкерлерінен де соны қатаң сақтауды талап етемін. Мұндағы мамандардың жалпы емдеу саласындағы дәрігерлерге қарағанда қауіпті жерде жұмыс істеулеріне байланысты туберкулезден сақтылықтары өте жоғары. Бұлай деуімнің себебі биыл осы 9 айда облыс бойынша 13 медицина қызметкері туберкулезге шалдықты. Оның 4-еуі дәрігер, 9-ы мейіргер. Бұлардың 12-сі жалпы медицина саласының мамандары. Біреуі ғана туберкулезге қарсы мемекенің медбикесі. Былтыр бұл көрсеткіш жетеу болатын. Олардың ешқайсысы біздің мекеме қызметкері емес. 

Туберкулезге қарсы мекемелердің қызметкерлері мен науқастары бет перделер қолданады. Бөлімшелерде залалсыздандыру заттарын қолдану арқылы күн сайын 2 рет  ылғалды  тазарту жұмыстары жүргізіледі. Палаталарда бактериоцидтік кварц күніне 2 рет қосылады. Барлық бөлімшелерде ауа сорғыш желдеткіштер орнатылған. Науқастар қалталы түкіргіштермен қамтылған. Сондықтан бізде инфекциялық бақылау өте жоғары дәрежеде деп сенімді түрде айта аламын. 

– Облыста аудандардағы туберкулезге қарсы емдеу мекемелерін жауып, бір орталыққа біріктіргеннен кейін не өзгерді? 

– Фтизиатр-дәрігердің туберкулезге қарсы диспансерден емханаға ауысуы, сол жерде қызмет көрсетуі жұмысымызды біршама жеңілдетті. Нақты айтқанда бұл өзгерістің халыққа да, дәрігерлерге де тиімді жақтары көп. Емханада жұмыс жасау маманды науқасқа, ал науқасты фтизиатрға жақындатты. Бұрынғыдай науқасты «тубдиспансерге барып, өз фтизиатрыңызға жолығыңыз» деп ары-бері сабылту жоқ. Ауру анықталып жатса уақыт жоғалтпайтын болдық. Науқасты емдеу мекемесіне жатқызу немесе сауықтыру, дәрілерді қалай ішу, оның кері әсерлері болса жою, қарым-қатынастағы адамдарды оқшаулау, ауры ошағында эпидемиологияға қарсы іс-шаралар жүргізу секілді барлық жағдайға қатысты мәселелерді фтизиатр мен аймақтық дәрігер бірігіп шешетін болды. Диспансердегі фтизиатрға жету үшін қоғамдық көлікте келу, кезекте тұру немесе өзінің аймақтық дәрігерінен туберкулез бойынша кеңес алу үшін соматикалық аурулармен, балалармен  бірге кезекте тұру жағдайлар мүлдем жойылды. Өйткені биылдан бастап туберкулез науқасы барлық сұрақтарының жауабын өзінің фтизиатрынан  ала алады.  

"Диагноз" газеті

Сәуле Қалиева: «Ана мен бала өлімімен күрес - ардақты борыш»
Сара Оспанова: «Жарнамадан көрген дәріңізді тұтынбаңыз...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу